Елді ынтымақ-бірлікке үндеп келеді

11

Асқар УМАРОВ,
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Құрметті оқырман қауым!
Қадірлі «Aq jol» газетінің ұжымы!

Сіздерді Әулиеата өңірінің айнасы «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп алғаш өздері ұстын болып, қазығын қадаған қазақ баспасөзінің болашағына осылай баға берген екен.

Ынтымақ пен бірліктің мерекесі күні алғашқы нөмірі жарық көрген бұл басылым осынау жүз жылдан
бері елді ынтымақ-бірлікке үндеп, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Әулиеата өңірі баспасөзінің қара шаңырағы осы уақыт аралығында аймақтың шежіресін түзіп, оқырманның ақылшы досы әрі рухани серігі болып келеді. Газет 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық, қалалық партия комитетінің, Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде дүниеге келді. Тұңғыш редакторы — Анна Владимировна Алматинская. 1990 жылдың 3 сәуірінен бастап газет «Ақ жол» деген атпен шыға бастады.

Ал 2018 жылдың қаңтар айынан бастап газет атауы латынша әріптерге ауыстырылып, оқырманға «Aq jol» болып жол тартты. Бұл басылым әр жылдары түрлі атпен шықса да, елдің, тілдің, жердің мәселесін, ұлт мүддесін көтеруден тайған емес.

Жүз жылда редакция құрамы тұғырлы таланттармен толығып отырды. Бұл қара шаңырақта кезінде
Жайық Бектұров, Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбайұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Мақұлбек Рысдәулет сынды мықты қаламгерлердің еңбек етуі осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Әрқайсысының өзіндік үні, қолтаңбасы қалды.

Газеттің қазіргі ұжымы да қаламы ұшқыр, тәжірибелі журналистерден құралған. Заманға сай бейімделіп, ақпаратты жедел әрі шынайы таратудың бар мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Содан болар «Aq jol» газеті 2020 жылы баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.

«Aq jol» – ел жүрегінен орын алған, өзіндік стилімен ерекшеленген басылым. Лайым, «Aq jol» газетінің алар асуы әрдайым биік болсын! Оқырманы көп болсын. Ел үшін еткен еңбегі әрдайым жемісті бола бергей!

Comments are closed.