Әрдайым халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айнала берсін

15

Ардақты ағайын!
Құрметті «Aq jol» газетінің ұжымы!

Облыс баспасөзінің киелі қара шаңырағы «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Бұл мереке тек «Aq jol»-дың ғана емес, қазақ баспасөзінің де мерейлі межесі деп айтуға болады. Яғни, бір өңірдің ғана емес, бұл – қазақ, Қазақстан баспасөзінің мерейлі белесі.

«Aq jol» газеті – еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Газет 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық, қалалық партия комитетінің, Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде дүниеге келді.

Әулиеата өңірі баспасөзінің қара шаңырағы осы уақыт аралығында аймақтың шежіресін түзіп, оқырманның ақылшы досы әрі рухани серігі болып келеді.

Бұл басылымның ел өміріндегі тарихи рөлі зор. Алғаш жарық көргеніне бір ғасыр болған басылым тұтас ұлттың тарихы мен тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңін талмай жазып, өткен жүз жылдықтың шежіресіне айналып отыр. Ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты.

«Aq jol» газетінің баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер –2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылуы осы сөзіміздің анық дәлелі. Осылайша республика бойынша ең үздік газет атанып, талай жылдардан бергі адал еңбегінің жемісін көрді, әділ бағасын алды.

Облыс баспасөзінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза секілді заңғар жазушылардың қолтаңбалары қалған. Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев та осы газетте журналист болып еңбек етті. Газетті 20 жылдан астам уақыт басқарған, 93 жастағы Баттал Жаңабайұлы ағамыздың ортамызда жүруі – үлкен бақыт. Ғаламат бас редакторлар, жүздеген қаламгерге ұстаз болған, марқұм ағаларымыз – Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулеттен де өнегелі із, елеулі еңбектер қалды. Басылымның жемісті жылдары қазір де жалғасын тауып келеді.

Қадірлі оқырман!

«Aq jol» газетінің жүз жылдық тойы құтты болсын. «Aq jol» әрдайым халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айнала берсін!

Нұржан НҰРЖІГІТОВ,
Жамбыл облысының әкімі

Comments are closed.