- Advertisement -

Баға жоғары болса, қызылшаға қызығып отырғандар көп

72

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен облысымызда болды. Министрдің іссапары Шу ауданындағы «Химпарк Тараз» АЭА аумағында салынып жатқан «QYZYLSHA» ЖШС қант зауытының құрылысымен танысудан басталды.

Жоба директоры Заманбек Мирзояновтың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 148 800 тоннаны
құрайды. Оған қажетті шикізат қоры 1 миллион тонна. Зауыт іске қосылғандағы күндік қуаты 8 мың тонна қант қызылшасын өңдеу. Зауыт аумағы 50 гектарды алып жатыр. Жоба құны 92,3 миллиард теңге. Жұмысшы саны 260 адам. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, зауыт алаңы дайындалып, жол жабыны төселіп, құрылысшыларға арналып жатақхана мен құрылыс-жабдықтарын сақтайтын қоймалар салынған. Жобаны аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Зауытқа қажетті шикізат қорын дайындау үшін 70 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу көзделген. Оның 30 мың гектарын
серіктестік өзі егістік алқаптарында өсірсе, 40 гектарын шаруа қожалықтармен келісімшарт жасасу арқылы дайындамақ ниетте. Серіктестік зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан, кейбір жабдықтарын Қытайдан алдыруда. Министр Ербол Шырақпайұлы жобалаушыдан «Зауыт қант өндіруде отандық нарықтан Ресей өнімдерін ысырап шығаруға қаншалықты үлес қоса алады? Сонымен қатар зауытта қандай өнімдер шығару жоспарлануда?» – деп сұрады.

Жобалаушылар қант өндіруден бөлек, тəтті сусындар өндірісін қолға алу ниеті бар екенін жеткізді. Сонымен бірге министр «Химпарк Тараз» АЭА аумағында жұмыс істеп жатқан каучук содасы мен хлор өндірісі цехының да жұмысымен танысып, оны жолға қою үшін инвестор тарту керектігін айтты.

Бұдан кейін министр «Шыған» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.
Шаруашылық негізінен көкөніс өсіруде. Қожалық агрономы Лугмар Сандуровтың айтуынша, 13 мың гектар алқапқа көкөніс орналастырылуда. Басым бөлігіне пияз себілуде. Оған тамшылатып суару жүйесі
енгізілген. Өткен жылы қожалық əрбір гектарынан 80-100 тоннадан өнім алып, еліміздің солтүстік өңірлеріне және Ресей федерациясының Омск, Томск, Новосибирск қалаларына өткерген.

Министр шаруашылық жұмысына қызығушылық таныта отырып, көкөніс сақтайтын қойма салып, өнімді баға біршама көтерілгенде өткеру керектігін айтты. Сондай-ақ егістік дақылына берілетін мемлекеттік субсидияны алып, оны мақсатты жұмсауға кеңес берді.

Сондай-ақ ол «QYZYLSHA» ЖШС егістік алқабында болып, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі жобасымен танысты. Серіктестік директоры Мұқаш Үсенбаевтың айтуынша, қожалық 2018 жылы құрылған. Оның егістік көлемі 1562 гектарды құрайды. Шаруашылықта 72 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның екеуі қант қызылшасын жинайтын комбайн, бесеуі дəн сепкіш, 51-і ауыл шаруашылығы тіркемелері. Шаруашылық картопты 150, қант қызылшасын 960, мақсарыны 400, жүгері мен бидайды 440 гектар алқапқа орналастырған. Ал қант қызылшасын 1000 гектарға себуде.

– Біз алқаптарға жаңбырлату қондырғысын орнаттық. 1000 гектар балтамырдан 500 мың тонна өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Бұдан бөлек, жүгеріден 152, көкөніс пен картоп, басқа дақылдардан 130 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Жаңбырлатып суару қондырғысын жүзеге асыру үшін инвестициялық жобаға 101 миллиард теңге жобаланса, оның 68,9 миллиард теңгесі ирригациялар жүйесін дамытуға көзделген. Жаңбырлатып суару қондырғылары арқылы былтыр өткен жылы өнім екі есеге ұлғайды. Мəселен, бұрынғы тəсілмен ылғалдандырылған бір гектар картоп алқабынан 25 тонна, жаңбырлатып суару арқылы 40 тонна өнім жиналды, – деді серіктестік директоры.

Министр Ербол Қарашөкеев егіс алқабын өңдеу, қант қызылшасын себу барысымен таныса келіп, отандық қант өндірісін дамытуға үлес қосып отырған шаруашылық жұмысына сəттілік тіледі.

Ербол Шырақпайұлының жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты. Мұнда министр аудандық ветеринариялық пункттің жұмысымен танысты. Ветеринария бөлімінің басшысы Ғалым Сабыралы жұмыс барысын баяндай келіп, ауру ошақтарын залалсыздандыру кезінде пайдаланылатын техника мен автокөліктердің жайын айтты.

Келесі кезекте Қордай ауылындағы «GreenWill» ЖШС өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Юрий Кимнің айтуынша, 2015 жылы құрылған шаруашылықта 4 гектар гидропоника, 0,5 гектарға аквапоника өсірілуде. Жобаның құны 2313,7 миллион теңгені құрайды. Жабдықтар Оңтүстік Кореядан əкеліп орнатылған. Серіктестік 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Жылыжайдағы қызанақ пен қиярдың әрбір гектарынан жылына 300-500 тонна, салат жапырағынан 60 тонна өнім жиналуда. Өндірілген өнім ішкі нарыққа өткерілуде.

Бір атап өтерлігі атшаптырым аумақты алып жатқан жылыжайда барлық талаптар сақталған. Буландыру арқылы ылғалдандырылатын салат жапырағы контейнерлерінің астындағы су астауы бассейнінде балық өсіру қолға алыныпты. Осылайша кəсіпкер жылыжайда көкөніс пен балықты қатар өсіруде. Серіктестік директоры бүгінде тыңайтқыш бағасының көтеріліп кеткенін айтып, мəселені шешіп беруді сұрады.

– Жамбыл облысына келгендегі мақсатымыз – көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысу болатын. Бүгінгі таңда облыстағы көктемгі егіс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Пияз бен қант
қызылшасын себу науқаны да аяқталып келеді екен. Жерге түскен ылғал да жақсы. Күзде жамбылдық диқандар мол өнім алады деген сенімдемін. Қазір күн санап азық-түлік бағасы өсуде. Оған əлемдегі саяси ахуалдың салқыны тиіп отырғаны белгілі. Сондықтан да көктемгі дала жұмыстарының барысы
Үкіметтің бақылауында тұр. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген қаржы көлемі екі есеге ұлғайды. Мəселен, «Кең дала» жобасы аясында ауыл шаруашылығын дамытуға былтыр
70 миллиард теңге бөлінген болса, биыл ол 140 миллиард теңгеге жетті. Азық-түліктің тұрақтандыру қорын жасақтауға 20 миллиард теңге бөлініп жатыр. Ал көктемгі дала жұмыстарына былтыр 110 миллиард теңге берілсе, биыл 220 миллиард теңге бөлінді, – деді ол.

Министр тыңайтқыш бағасын төмендету бойынша жұмыс істеп жатқанын да айтты. Министрлік тарапынан аммиак селитрасының бағасын арзандатуға қол жеткізілгенін хабарлады. Ендігі кезекте аммофос бағасын төмендету бойынша «Қазфосфат» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Министр жұмыс сапарын Меркі ауданында түйіндеді. Ербол Шырақпайұлы «Трансфер» шаруа қожалығының су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егілген қант қызылшасы алқабын көрді. Қожалық жетекшісі Владимир Бондаренконың айтуынша, 2020 жылы шаруашылық 4 қожалықпен бірлесіп 200 гектар алқапқа қант қызылшасын жаңбырлатып суару технологиясын енгізген. Одан 14 мың тонна тəтті түбір жиналған. Əр гектардан түскен орташа өнім 700 центнерді құраған. Өткен жылы қант қызылшасы 250 гектар алқапқа себілсе, биыл 210 гектарға орналастырылған. Шаруашылықта қант қызылшасын жинайтын 3 комбайн, 3 дән сепкіш, 6 трактор, басқа да 25 ауыл шаруашылығы
тіркемелері бар.

Қожалық жетекшісі қант зауыты балтамырды қабылдау бағасын жоғарылатса, қызылша егуге қызығып отырған шаруашылықтардың көптігін жеткізді. Осыдан кейін министр өңірдегі мал шаруашылығымен айналысып жүрген «Ар-Ас» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық мал азығын дайындау үшін жоңышқа алқабына жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуда. Қожалық жетекшісі Мақсұт Несіпбаев су ұңғымасын қазып, 250 метр тереңдіктен су шығарғалы жатқанын, тағы да екі жаңбырлатып суару қондырғысын алғалы отырғанын жеткізді.

Бұдан бөлек, ол қант зауыты қабылдайтын тəтті түбірдің бағасын жоғарылататын болса 1200 гектар алқапқа балтамыр себуге дайын екенін мəлімдеді.

Ербол Қарашөкеев келесі кезекте «Меркі қант зауыты» ЖШС-ында болды. Серіктестіктің бас директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, өткен жылы зауыт 80257 тонна қант қызылшасын қабылдап, 7387,2 тонна қант өндіріпті.

Ал биыл зауыт 190 мың тонна тəтті түбір қабылдап, 60 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт базасында Ербол Шырақпайұлы облыстың қант қызылшасын өсірушілер қауымдастығы мүшелерімен кездесті. Шаруалар кездесуде өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Олардың тарапынан су ұңғымасын қазуға, жаңбырлатып суару қондырғысын алуға, тыңайтқыш пен қант қызылшасына жəне мал басын асылдандыру үшін Үкіметтен субсидия қарастыру мəселелері көтерілді.

Сондай-ақ шаруалар қант қызылшасына қойылған қабылдау бағасын жоғарылатуды сұрады. Жиында «Меркі қант зауыты» ЖШС өкілі биыл қабылданатын тəтті түбір бағасының килограмын 24 теңгеден 30
теңгеге қымбаттататынын айтты. Шаруалар бұл хабарды қол соға қабылдады.

Жиында қойылған сұрақтарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жан-жақты жауап беріп, Үкімет тарапынан қаралып отырған жобалар туралы кең көлемде тарата айтып берді.

Министрдің іссапары барысында облыс əкімінің орынбасары Нұржан Календеров те бірге болып, осы салада атқарылып жатқан шаруаларды қысқаша баяндап берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу, Қордай және Меркі аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support