Талғат пен Толғанай
Талғат пен Толғанай
Инчхондағы параазиада ойындарына қатысады
Өңірімізде мүгедектер күніне орайластырылған апталық басталып та кетті. Кеше аталған іс-шара аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде түрлі деңгейдегі мүгедек жастар қоғамдарының ұйымдастыруымен айрықша күтімді қажет ететін жандардың «Қазақ тілі –Қазақ елі – Қазақстан» атты көркем және қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ашылды. Көрмеге қала, аудандардың бірқатар қолөнершілері мен қылқаламшыларының 100-ге жуық туындылары қойылып көрсетілді. Әсіресе, мүгедек жастармен жұмыс істейтін облыстық «Асар» қоғамдық заңгерлік ұйымы қабырғасында машығын жетілдірген онға жуық өнершінің «Нұр бала» және «Үміт» жобалары аясында ұсынған жұмыстары келушілердің айрықша қызығушылығын туғызды. – Қоғамымыз үш жылдан бері жұмыс істейді. Балаларға қазақы ұлттық ою-өрнектермен нақыштап, киіз бұйымдарын жасауды, маталарды, тастарды өңдеп, бояп, ежелгі тарихи суреттермен айшықтауды, бисермен жұмыс істеуді үйретеміз. Мұндай іс-шара қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат бөлімдерінің көмегімен жыл сайын ұйымдастырылады. Данияр Иманбеков, Қаламқас Нұрсұлтанова, Нұрсұлтан Қамшықов, Азамат Уәлиевтер он саусағынан өнері тамған жастар, – дейді «Үміт» жобасы бойынша еңбекке баулушы Жүнісбек Атабеков. Көрмеге, сондай-ақ, 7-10 жас аралығындағы балғын бояу иелерінің де туындылары қойылған. Көрме он күн бойы жұмыс істейді. Оқырмандарымызға тағы бір жағымды жаңалықты хабарлаймыз. Жуырда Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін параазиада ойындарына біздің өңірден Толғанай Төребекова мен оның партнері бірінші топтағы мүгедек Талғат Аманбеков қатысады. Олар мүгедек арбасында билеп сынға түседі. Өнерпаздарымыз латын американдық бағдарлама бойынша өнер көрсетеді. Жерлестеріміздің жеңістің биік тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тағынып, облыс абыройын асқақтатып оралуына тілектеспіз.
«Ақ жол-Ақпарат».