- Advertisement -

«ӘУЛИЕАТА» КӨКПАР ҚҰРАМАСЫ 12-РЕТ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

558

- Advertisement -

«Батырлар шықты тебініп, жалтылдап аттың жанары. Баурайды жұртты тек үміт, жүректері де жанады» деп ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай, көкпар ойыны әр қазақ үшін қастерлі. Оған биыл ХХІ рет жалауын көтеріп, Әулиеата жерінде өтіп жатқан көкпардан және аударыспақтан Қазақстан Республикасының чемпионатында көзіміз тағы да жетті. Осынау дүбірлі жарысты көру үшін Бектөбедегі «Атшабарға» ағылып жатқан жанкүйерлердің қарасы қалың.

Қазіргі таңда көкпар спортына бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер енгізілген. Жоғары және бірінші лига бар. Биыл жоғарғы лигада Түркістан, Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл және Нұр-Сұлтан қаласының командалары бақ сынады. Ал бірінші лиганы Алматы мен Шымкент қалалары және Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген құрамалар құрайды. Өңір шабандоздарының шеберліктеріне қарай бұл өте әділетті таңдау.

Ал біздің облыс намысын қорғаған «Әулие ат а» көкпар клубының бәсі барлық облыстардан жоғары тұрды. Олар осы кезге дейін 11 мәрте ел чемпионы атанғаны белгілі. Міне, биыл Қарағанды, Түркістан, Атырау құрамаларын айқын ұтып, өздерінің нағыз майталман команда екенін көрсетті. Ал шешуші ойындардың бірінде қызылордалықтарға қарсылас болу қажет еді. Сыр бойынан келген көкпаршы жігіттер соңғы сәтте «Әулиеата» көкпаршыларымен ойнаудан бас тартты. Осылайша, жамбылдық «Әулиеата» құрамасы уақытынан бұрын Қазақстан Республикасының 12-мәрте чемпионы атанды. Бұл әрине, бөркімізді аспанға атып мақтанатын, шаттанатын жаңалық. Жеңісіміз құтты болсын, Әулиеата! Бұл чемпиондық тұғырда тұруымызға әйгілі көкпаршы, Нұрдәулет Момынов басқаратын «Әулиеата» көкпаршылар клубы құрамындағы Есжан Құрманбай, Елдос Асыл, Манарбек Дүйсенбиев, Ернат Мәлімбай, Айнабек Бердіқұл, Құлажан Тоғайбеков секілді шабандоздардың еңбегі ерен. Жеңісті жақындатқандар санатына Құрманбек Тұрғанбек, Ернар Жарылқасын, Ислам Рәт, Дулат Батырбеков, Бағлан Шырынбаев, Ерғалым Жақсылық секілді көкпаршы жігіттерді де қосуға болады. Команданың  жаттықтырушысы Жұлдызхан Тайырбековтің де маңдай тері ерен деп айта аламыз. «Әулиеатаның» бұл кезекті рет чемпион атануы осынау іс-шараны тамашалауға келген талай жасөспірімді ат спортына, оның ішінде көкпар ойынына қызықтыра түскені анық. Ал жамбылдық жанкүйерлердің мерейін өсіргені шындық. Жарайсыңдар, «Әулиеата Чемпионат әлі жа лғасын т абуда. Командалардың қазіргі жинаған ұпайлары бойынша Қызылорда облысы күміс, Атырау облысы қола жүлдеге жақын тұр. Ал ойындары сәтсіз өтіп жатқан Қарағанды облысының құрамасы бірінші лигаға сырғып түсуі мүмкін.

Бірінші лига екі топтан өзара мықтыны анықтады. Бір топтан Алматы облысының құрамасы топ жарып шықты. Кеше келесі топтағы Маңғыстау мен Павлодар құрамалары арасында шешуші ойын өтті. Бұл ойында маңғыстаулықтар 7:3 есебімен жеңіске жетіп, өз тобында көш бастады. Әсіресе, команда құрамындағы Әбуғали Әбжаппаровтың 4 салым салған шеберлігіне тәнті болдық. Одан бөлек Маңғыстау құрамасы сапынан Александр Губенко, Александр Пупенко, Жорабек Ақбаев секілді шабандозда салым салып, көзге түсті. Керекуліктер сапынан Жалғас Боранов екі салым салса, Еркебұлан Тауасаров серкені тағы бір мәрте шеңберге дәл түсірді. Бұл үш салым керекуліктерді жеңіске жетелей алмады. Енді Алматы мен Маңғыстау облысының құрамалары ойнап, жеңіске жеткен құрама жоғары лигаға өтеді.

Аударыспақтан өткен ел чемпионаты да қызық сәттерге толы болды. Сайыста балуандар 57 кг, 62 кг, 68 кг, 74 кг, 82 кг, 91 кг, 100 кг және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Облыс құрамасы сапында 82 келіде Нұржігіт Амзеев пен аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Данияр Смаилов жеңімпаз атанса, Серік Бейбітов (62 кг) күміс жүлде олжалады. Ал Берікбай Мұстафа (68 кг), Дәулет Ержепбаев (74 кг) ел чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Білек пен ептілік, мықтылық сынға түскен дүбірлі дода осымен XXI рет ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта жамбылдық аударыспақ шеберлері бірнеше салмақта ел чемпионы болады деген сенімдеміз.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support