Мықтылық
Мықтылық
Мақала жазып отырғанмын, телефон шыр ете қалды. Тұтқаның арғы жағындағы ер адам «Айналайын, «Ақ жол» газетін сүйіп оқимыз. Құлақ ассаң, бір өтініш болып тұр» деп қоңырау соғуының мәнісін түсіндірді. Ұлы осыдан екі жыл бұрын көлік апатына ұшырап, арбаға таңылыпты. Өздігінен жүре алмай қалған. «Бұлай болады деп кім ойлаған. Жазым ғой. Балам екі аяғын басып тұра алмайтыны болмаса көзі ашық, көкірегі ояу.
Өтінішім сол, қолың бос болып жатса, ұлыммен жүздесе аласың ба? Өзі әртүрлі тақырыптарда пікір алмасып, ой бөліскенді жақсы көреді. Келіп дидарлассаң мұның өзі үлкен қолдау болар еді, айналайын» деді өзін Сембай деп таныстырған аға. Жүрегім жібіп сала берді. Жұмыстан тыс уақытта кіріп шығатынымды айттым. Содан бүгін түс кезінде Жасұлан досым екеуміз әлгі жігіттің үйіне бардық. Замандас ініміздің есімі Толағай екен. Жиырма төрт жасқа иек артқан ол ТарМУ-дың «Мәдениет және өнер» факультетін тәмамдапты. Арбада отырғаны болмаса, шүкір, ерік-жігері мықты. Көзі оттай жанып тұр. Құшақ жая қарсы алып, бірден бауырмалдығын байқатты. Еркін отырып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық. «Аға, өмірде қиындық болмайды емес, болады. Бірақ, мойымау керек. Арбада отырсам да, бір Алладан үміт үзген жоқпын. Санамда үнемі «Әлі-ақ өз аяғыммен жүріп кетемін» деген ой тұрады. Сондай рухпен күнделікті дене шынықтыру жаттығуларын жасап келемін. Бес уақыт намазымды да қаза қылмауға тырысамын. Ең бастысы әртүрлі жаман ойлардан аулақ болған дұрыс» деді Толағай. Әкесі Сембай да ұлдарының ішінде Толағайды ерекше жақсы көреді екен. «Тау көтерер Толағай ғой бұл» деп жігерлендіріп қояды. Бәйек болып, бір орында отыра алмай жүр. Секең бізбен жағымды жаңалығын бөлісті. «Ұлым кеше түнде Алматыдан оралды. Оған кезекті рет ота жасалды. Жаңа азанда сендермен сөйлескеннен кейін Толағай орнынан тік тұрды да қайта отырды. Өз көзіме өзім сенбей, қуаныштан жылап жібердім. Осы сәтті екі жыл бойы күтіп жүрміз ғой біз» деп Сембай аға толқып кетті. Көкейде көп ой қалды. Жұмыс жоқ деп ішкілікке салынып жүрген жігітсымақтардың жанында Толағайдыкі нағыз ерлік. Әрине оған аяғына салмақ салып, бірден тұрып кетуге болмайды. Бірақ, дертінің беті бері қарағанына біз де қуандық. Ол да бізбен сырласқан сайын марқайып, масаттана түсті. Сөз соңында «Толағай, бүгін саған біз келдік. Енді сен де бізді іздеп «Ақ жолға» кел» деп тілек білдірдік. «Аллаға шүкір, барам, өз аяғыммен барам» деді Толағай қолымызды қысып тұрып. Риза болып кеттік.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».