Сұхбат

«САПСАН» ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТІН ЗАМАНАУИ ТЕХНИКАМЕН ЖАБДЫҚТАП, ЕРЕКШЕ ҚҰЗІРЕТ БЕРУ КЕРЕК

«САПСАН» ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТІН ЗАМАНАУИ ТЕХНИКАМЕН ЖАБДЫҚТАП, ЕРЕКШЕ ҚҰЗІРЕТ БЕРУ КЕРЕК

Адамның аңға қырғидай тиюі қай заманнан тоқтаған емес. Шөл еркесі – киікті жер апшысын қуырған «Джипті» былай қойып, тікұшақпен қырып-жойып, тауысуға жақын қалды. Табиғаттың адамзатқа берген сыйын сақтау қашаннан да өзекті болып келеді. Облыста аңға қарсы жорық ұйымдастыратын қаскөйлердің жолын кесіп, тосқауыл қою мақсатында осыдан үш жыл бұрын мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі құрылды. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеевпен бүгінгі сұхбатымыз осы жедел қызметтің атқарып отырған жұмысына арналмақ.– Мұратхан Жүнісәліұлы, «Сапсан» жедел қызметінің атқарып отырған жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі облыс әкімінің 2019 жылы 29 қарашадағы шешімімен құрылды. Негізгі міндеті – қоршаған ортаны, табиғат ресурстарын, ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау болып табылады. Бұл дегеніңіз «Сапсан» қызметкерлеріне жүктелер жауапкершіліктің жеңіл емес екенін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Заң талаптарына сәйкес, өсімдіктер дүниесін қорғау, күзету және мемлекеттік орман қоры жерлерінде 4 430,7 мың гектар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 3 715,4 мың гектар, еркін аймақтарда 2 094,6 мың гектар жер аумағында қасақылыққа қарсы және құқық бұзушылықтарды болдырмау, жолын кесу жұмыстарын атқарады. – Жедел қызмет құрылғалы инспекторлар құрықтаған «браконьерлер» туралы да әңгіме қозғай отырсаңыз? – Бір ғана Байзақ ауданының аумағында осы жылдары үш заңсыз аң аулау оқиғасы тіркелді. 2019 жылы «Қызыл кітапқа» енген екі қарақұйрық атқан азамат ұсталып, аудандық соттың шешімімен 6 292 565 теңге өндіріліп, 5 жылға бас бостандығына шектеу қойылып, 8 жылға аңшылықпен айналысуға тыйым салынды және 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сол жылы бір жабайы доңызды заңсыз атқан «браконьер» ұсталып, табиғатқа 808 000 теңге залал тигізгені анықталды. Аудандық соттың үкімімен тигізген залалы өндіріліп, үш жылға аңшылықпен айналысуға тыйым салынды. 2020 жылы 18 ақпанда мекеменің испекторларымен қарақұйрық аңын атқаны үшін бір азамат ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Аудандық соттың шешімімен 3 291 094 теңге өндіріліп, үш жылға бас бостандығына шектеу қойылды, төрт жылға аңшылықпен айналысуға тыйым салынып және 100 сағат қоғамдық жұмыстарға бекітілді. Сарысу ауданында да заңсыз аңшылықты кәсіп ететіндер бар. Былтыр аудан аумағында заңсыз аң аулаған екі азамат құрықталды. Қарақұйрық аңын атқан бір азамат ұсталып, 3 500 400 теңге айыппұлы мен залалы анықталды. Аталған азамат өз еркімен мемлекет қазынасына табиғатқа келтірген зиянының орнын толтырды. Аудандық соттың шешімімен жеті жыл аңшылықпен айналысуға, төрт жыл бас бостандығына шектеу қойылды. Былтыр тағы да осы ауданда бір жабайы қабан атқан азамат қолға түсіп, 729 250 мың теңге айыппұлы мен залалы анықталып, аудандық сот шешімімен 729 250 мың теңге өндірілді. Сот қаулысымен 100 сағат қоғамдық жұмыстарға жүктелді. Шалғайдағы Мойынқұм ауданында аңға құмарлар кездеседі. Былтыр «Байғара» таулы аймағында екі қарақұйрық аңын атқан екі азамат ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, алдын ала тергеу амалдары жүргізілді. Аудандық соттың шешімімен 6 жыл аңшылықпен айналысуға, 4 жыл бас бостандығына шектеу қойылды, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға бекітілді. Қазақстан Республикасы Заңымен белгіленген айыппұлы 7 000 800 теңгені өз еріктерімен төледі. Күндіз-түні дала мен тау-тасты кезіп, жұмыс істейтін жедел қызметтің инспекторларының еңбегінің нәтижесі бұл. Биыл тағы да осы Мойынқұм ауданында, «Андасай» ерекше қорғалатын табиғи аймақтан үш жабайы үйрек атқаны үшін бір азаматқа хаттама толтырылды. Еш жерде тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленіп, аудандық полиция бөліміне өткізілді. Аудандық соттың шешімімен 150 087 теңге айыппұл салынып және аңшы қаруы мемлекет есебіне тәркіленді. – «Балық та байлық» дейді. Өзен-көлге қармақ салып, су жағасында, табиғат аясында демалатын кәнігі балықшылар туралы әңгіме бөлек. Ау салып, тонналап балық алатындар бар. Балық аулауға уылдырық шашу кезінде қатаң тыйым салынбаушы ма еді? – Биыл балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде, Меркі ауданында бір азаматтан заңсыз құралдармен балық аулағаны үшін екі орындық қайық, бір тор және шанышқы тәркіленіп, мекеме инспекторымен акт толтырылып, 145 000 теңге айыппұл салынып, келтірілген залал толық өндірілді. Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлескен іс-шара барысында Меркі ауданы, Аспара ауылының аумағында орналасқан Аспара су қоймасының маңында бір азамат балық аулауға рұқсат берілмеген тоқ құрылғысынан жасалған, балық аулайтын және шамамен 500 метр құрайтын моно талшықтан жасалған қытай торын, сонымен қатар бір сағыз қайығы, үш жарық анықталып, барлық заттар актімен тәркіленіп, процессуалдық шешім шығару үшін аудандық полиция бөліміне өткізілді. Қорыта айтқанда, осы жылдар аралығында, 321 әкімшілік хаттама толтырылып, 28 982 103 теңге залал мен айыппұл салынып, өндірілді. «Қызыл кітапқа» енген аңдарды заңсыз аулаудың 11 фактісі айғақталды. 11 қылмыстық іс қоғалды, заңды сот шешімдері шықты. Тағы бір қылмыстық іс заңсыз көк сексеуілмен ұсталған азаматқа қозғалды. 134 аңшы қаруы тәркіленді, оның ішінде 102-сі еш жерде тіркеуде жоқ. Барлығы тиісінше аудандық полиция бөлімдеріне заңды шешім қабылдау үшін өткізілді. Басқада аң түрлерін, рұқсат етілмеген уақытта аулағаны үшін 89 факті анықталып, Әкімшілік кодекске сәйкес заңды шешімдер қабылданды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде, облыстағы орман қорларында, ерекше қорғалатын табиғи аңшылықтарда және еркін аймақтарда аң мен құс саны артып келеді. 2019-2022 жылдар аралығында «қызыл кітапқа» енген қарақұйрық 900-ден 1312-ге, 45,7 пайызға және арқар 521-ден 571-ге, 9,5 пайызға өсті. Жоғарыда көрсетілген нәтижелерді зерделей келе, осы мекеменің жедел жұмыстарын әрі қарай жандандыруымыз қажет деп санаймын. Оның материалды-техникалық базасын мүмкіндігінше жетілдіріп, заманауи арнайы байланыс құралдары, дрондар, жедел жол таңдамайтын көліктер, тағы басқа да техника, жабықтармен қамтамасыз етсек, жедел жұмыстарымыз одан да нәтижелі болар еді. Жер бетіндегі адам өмірі табиғатпен тығыз байланысты, табиғаттың байлығына орман, тоғай және жануарлар дүниесі жатады. Емін-еркін жүріп, табиғат байлығына қасақылық жасаушыларға тосқауыл қоюымыз әрі қарай да жалғасын табады. – Жер апшысын қуырған жеңіл автокөлікті тізгіндеп аңға шығатындардың дені құзырлы органдардың немесе мемлекеттік мекемелердің лауазымды басшылары екенін екінің бірі біледі. Сондықтан да ондай қаскөй-басшылар қолға түсе бермейді. Өзіңіз айтқандай жедел қызмет инспекторларын заманауи үлгідегі техникамен қамтамасыз етіп, инспекторларға заңсыз аң аулағандарды бастықсың ба, басқасың ба қарамай, құрықтайтын ерекше қызірет беру керек. Міне сонда ғана «адам мен аң дос болады». Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Амангелді ӘБІЛ