Мүшәйра. Бас жүлде – 3 млн теңге!

47

Ел астанасының 25 жылдығына арналған республикалық аламан жыр бәйгесі жарияланды.

Тәуелсіздіктің тірегі, Отанымыздың жүрегі – кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының шаңырақ көтеріп, босаға бекіткеніне биыл 25 жыл! Бұл — ғасырлар бойы бабалар аңсап күткен ұлы қуаныш! Ұлт мұраты. Сол жолда сансыз арыстармыз, асылдарымыз, ардақтыларымыз шаһит болды. Сондықтан, бұл бостандық — жойдаусыз төгілген қанның, қыршынынан қиылған қаншама жанның бодауы.

Басымыздан тоқпақ кетіп, ауызымыздан қақпақ алынып, азаттықтың саф ауасымен еркін тыныстап, кереге жайып, кең көсіліп өмір сүру қандай бақыт! Азаттықтың қадірін елін сүйген ерлер ғана терең сезінеді, басынан алтын құйсаң да бүлк етпейтін безбүйректерге бәрібір. Сонау  көне замандардан бүгінге жалғасқан тіршілігімізде халқымыз орда тұтқан Ордабазар, Баласағұн, Сарайшық, Сауран, Түркістан сияқты талай тарихи қалалар болды. Алайда, Тәуелсіздіктің туын тіге салысымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлан Әбішұлының бастауымен Алатаудан Арқаға көшкен астананың жөні бөлек. Отыз жыл ішінде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Қазақты әлем таныды. Рас, аумалы-төкпелі, билікке өкпелі аласапыран күндер де өтті.  Оның куәсі – кешегі қаңтар қасіреті. Жан жарасы жасырғанмен жазылмайды. Шындықтың бетіне тура қарауымыз керек. Сонда ғана ұлы тарих алдында ұялмаймыз!

Тарих бірыңғай жарқын беттерден тұрмайды. Басымыздан өткен отыз жыл өзгенің емес өзіміздің тарихымыз. Оны әділ бағалай білгеніміз жөн. «Жаңа Қазақстан» бүгіннен басталмайды, кешегінің заңды жалғасы. Тарихи сабақтастық үзілген жерде кез-келген көш тұйыққа тіреледі. Біз оған ұрынбауымыз керек. Кеңінен ойлап, кең пішкенде ғана келешегіміз жарқын болмақ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен, Сәкен Сейфуллин музейінің ұйымдастыруымен қаланың мерейлі мерекесіне орай жарияланып отырған «Еңсесі биік – Елорда» атты бұл мүшәйраның мақсат-мүддесі де осыған саяды.

Он жылдан бері өтіп келе жатқан дәстүрлі бұл мұшайраға талай таланттар қатысып жүлделі болғанын еске алсақ, биыл да қаламы жүйрік, қарымы қуаттылар жыр додасына белсене қатысады деп ойлаймыз. Тақырып аясының көкжиегі кең. Шынайы жырлап, ел қасиетін, елорда қадірін қастерлеу әр ақынның шабыты мен шабысына байланысты. Жыр мәресінде жүздескенше, шайырлар!

Озғандарға төмендегідей олжа бар:

Бас жүлде – 3 000 000 тг.

Бірінші орын – 2 000 000 тг.

Екінші орын екеу – 1 000 000  теңгеден.

Үшінші орын үшеу – 500 000 теңгеден.

Ынталандыру бесеу – 250 000 теңгеден.

Мүшәйраға ешжерде жарық көрмеген толғаулар, топтама өлеңдер 2022 жылдың маусым айының 10-на дейін қабылданады. Қорытындысы қала күні қарсаңында шығып, марапттау рәсімі өтеді.

Үміткерлер шығармасын компьютерде теріп, astanakalamger@mail.ru электронды поштаға жолдауға тиіс. қазпошта арқылы да жібере алады.

Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электронды поштасы міндетті түрде көрсетілуі керек.

Индекс: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы. М.Әуезов көшесі 20 «а» үй. Сәкен Сейфуллин музейі.  Тел: + 7 775 692 37 30

Ескерту: Келіп-кету шығынын жүлдегерлердің өздері көтереді.

 

Comments are closed.