Саясат

Бақытты болыңдар, болыңдар...

Бақытты болыңдар, болыңдар...

 Еліміздегі билік партиясы «Нұр Отанның» доктринасына сәйкес, отбасы — қоғамымыздағы рухани тазалық, ынтымақшылдық, адамгершілік және басқа да құндылықтардың сабақтастық табуына ықпал ететін аса маңызды институттардың бірі болып табылады.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы, ата-аналардың өз балаларының алдындағы жауапкершілігін сезінуі және кәмелетке толған ұл-қыздардың егде тартып еңбекке жарамсыз болып қалған ата-аналарына қамқорлық жасауы сияқты өзекті мәселелерді ұдайы басты назарда ұстап, отбасы институтын нығайтуға күш жұмылдырып  келеді. Осы орайда партия бүгінгі таңда «Бақытты отбасы» жобасы аясында облыс аумағында әрқилы форматта кешенді іс-шаралар ұйымдастырып өткізуде. Соның бір нақтылы көрінісі ретінде, нұротандықтар мен Тараз қаласындағы «Республикалық отбасылық тәрбие орталығы» филиалының бірлесе отырып, «Отбасылық көкейкесті мәселелерге психологиялық, заңнамалық кеңес беру» тақырыбында қоғамдық қабылдау өткізгендігін айтсақ та жеткілікті. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткен тақырыптық қоғамдық қабылдауда отбасылық тәрбие орталығының қызметкерлері Сандуғаш Сарманова, Айдана Тоғаева және басқа да педагог-психолог, заңгер мамандар келушілерге психологиялық,  педагогикалық, құқықтық тұрғыда ақыл-кеңестер берді. Олар іс-шара барысында кейбір отбасында кездесетін ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі, ене мен келіннің өзара келіспеушілігі, жас жұбайлардың бір-бірімен түсінісе алмай, оның соңының үлкен дау-дамайға ұласатын кикілжіңге айналуы және отбасында ер азаматтың Құдай қосқан қосағына қол көтеруі, ерлі-зайыптылардың ажырасуы сияқты мәселелерге қатысты қоғамдық қабылдауда болған он бір отбасы мүшелеріне кеңінен түсінік беріп, бақытты, тату-тәтті отбасын құрудың жолдары туралы таратып айтып берді. Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бақыт Төлемісованың айтуынша, мұнда алдағы уақытта да бала асырап алу және отбасына қатысты басқа да мәселелерге байланысты тақырыптық қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Cапарғали Әлібай, «Ақ жол».