- Advertisement -

ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ АДАМЗАТҚА ЖҰТ ӘКЕЛЕДІ

68

- Advertisement -

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл- Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие керек» деген дана сөзімен және хадисте айтылатын «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым үйрену мұсылманға парыз» деген сөздердің мағынасына терең үңілер болсақ, адам өмірінің соңғы кезеңіне дейін әрбір күніне есеп беріп өзін өзі тәрбиелеуі мен білім алуы қажет дегенді аңғартады.

Жаңа Қазақстанды жаңаша құрамыз десек ата-бабаларымыз ұстанған ең тұғырлы тәрбие көзінің тұнық та ластанбаған тұңғиығынан әлем кеңістігінде өзін еркін сезіне алатын Тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпағын қазақи дәстүрмен тәрбиелеуіміз басты міндетіміз болуы шарт. Ата-баба тәрбиесінен кенде қалған ұрпақ бойына тәрбие мен салт-дәстүрдің озық үлгілерін сіңіріп, Тәуелсіз Қазақстанның тірегі тәрбиелі және білімді ұлтын, елін сүйген ұлтжанды жастарда екендігін ұғындыра білу қажет. Ана сүтімен келетін тәрбиеден алыстап кеткен ұрпақты компьютерден, интернеттен, жат пиғылды түрлі сайттардан ажырату өте қиын. Сондықтан тал бесіктен басталған тәрбие мектепте, одан әрі жоғары оқу орнында жалғасын тапқанда ғана нәтижелі болады. Ол үшін қазіргі алмағайып заманда ата-баба тәрбиесін қайта жаңғырту қажеттілігі аса маңызды болмақ.

Қазіргі жағдайда біз тәрбиені құқықтық жауапкершілікті сезіну ретінде қарап, адамилық тұлғалық тәрбие қалыптастыру мәселесі шеттеп қалып жатыр. Адамилық тұлғалық тәрбие қалыптастыру дегеніміз тек қана үлкен кісілердің сілтеуімен өмір сүру емес, ұрпақ бойына қазақи ойлау мен қазақи өмір сүру заңдылықтарын сіңіру дегенді білдіреді. Қазіргі заман талабына сай алдына мақсат қоя білетін және сол мақсатқа жету үшін тынбай ізденіп еңбектенетін жастар қатары көбеюде. Дегенмен сол жігерлі жастарды қолдау мен ынталандыру мәселесі көңіл көншітпейді. Соңғы онжылдықтардағы керексіз жалған ұрандатушылық пен ұлт туралы, ұлтжандылық туралы сөздері мен істері ұштаспаған тұлғалардың кесірі жастар тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Әрине, елге халыққа адал қызмет етіп, үлгілі ісімен өнеге болып жүрген азаматтар аз емес. Дегенмен бұл өмірде бәрі уақтылы, адал және өз орнымен қолдануы тиіс.

Әрбір адам баласы туған елінің, халқының мүддесіне сай мемлекетке адал қызмет ете алуы керек. Тәрбиесі мен білім деңгейі жоғары болған кез келген азамат мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж, себебі өз орнын таба алмай жүрген қаншама жастар жұмыссыз, олардың орнында не мемлекетке не елге пайдасы жоқ «әке-жәкесінің» жалқау балалары отыр. Осындай қолдаусыз қалған жастар бойында мемлекетке, ертеңгі күнге деген сенімсіздік пайда болып өзгенің күйін күйттеуі әбден мүмкін. Тәрбие мәселесінде өзіндік пікірі қалыптасқан жастардың ойларымен санаса отырып, шынайы бүкпесіз талқылау барысында жеткен нәтиже дұрыс болмақ. Жалған ұрандатуға келетін болсақ, кешегі қаңтар оқиғасында жалған ұранның жалғандығына көз жеткізуге болады. Қазіргі жастарды жалған ұранмен емес Президентіміз Қ.Тоқаев айтқандай, нақты іс-әрекетпен еліктіре аламыз. Еліктіру дегеніміз әрбір мәселеге байланысты айтқан сөзіміз бен ісіміздің ұштасуы мен дұрыстығының нақты нәтижесін көрсету дегенді білдіреді. Сондықтан жастар бойындағы тұлғалық қасиетін құрметтей отырып, оларды шынайы отансүйгіштікке, өзіндік ұстанымы бар пікірін ешкімге жалтақтамай бүкпесіз жеткізіп және тыңдата алатын тәрбиелі тұлға ретінде қабылдап, Жаңа Қазақстанды құруға жұмылдыру қажет.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қағиданы қолдана отырып, мейлі ол жауапты қызметкер болсын, мейлі ол қатардағы жұмысшы болсын, бір-біріміздің тұлғалық қасиетімізді құрметтеп, өзгенің пікірін тыңдай білетін және дұрыс тиімді шешім қабылдай алатын Жаңа Қазақстанның жаңарған тұлғасы болып қайта қалануымыз қажет. Жастар бойына берілген дұрыс тәрбие мен білімнің нәтижесін мемлекеттің үздіксіз, яғни мәңгі дамуындағы жетістіктерден көре аламыз. Тәуелсіз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі жетістікке жеткізу үшін жастарға мейлінше дұрыс тәрбие мен дұрыс бағыт бере білуіміз маңызды. Тағы бір ескеретін жайт, мемлекет тарапынан шетелге оқуға жіберілетін әрбір азаматтың өмірлік ұстанымын, оның Отанға деген сүйіспеншілігін, алға қойған мақсатын айқындап болып қана шешім қабылдау керек. Себебі жас буын өкілдерін шетелдердің кез келген теріс пиғылды өкілдері теріс бағытта пайдалануы әбден мүмкін. Оны қазіргі еліміздегі түрлі бағыттағы дәстүрлі дінімізден бөлек жат пиғылды түрлі діни ұйымдардың көбеюінен байқауға болады. Бұл дегеніміз елімізге ішімізден төнген қатер деп түсінуіміз қажет және тек қана тәрбиемен берілген біліммен сусындаған жас буын өкілдерін қолдау арқылы кез келген арандатушылық қауіптен сақтана аламыз.

Бүгінгі жас ертеңгі ел қорғаны, сондықтан тәрбие мәселесіне немқұрайлы қарамай тәрбиені біліммен ұштастыра алатын Жаңа Қазақстанның саналы, адал жаңа ұрпағын қалыптастыруымыз қажет.
Кез келген тұлғаның дұрыс пікірлерімен санасып, тыңдай алатын, қолдап, қорғай алатын жаңарған Қазақстанды бірге құруға жұмыла кірісу әрбіріміздің міндетіміз.

Қосбол СӘРСЕНҒАЛИ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің
«Сәулет және құрылыс өндіріс

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support