Бағалы қағаздар нарығындағы ахуал қандай?

24

Сыртқы нарықтарда жалғасып отырған геосаяси шиеленіске қарамастан, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы ахуал тұрақты. Бүгінде бағалы қағаздар нарығының барлық кәсіби қатысушылары меншікті капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділік көрсеткіштерінің талап етілетін деңгейін сақтап отыр. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша KASE-нің сауда тізімдерінде 147 эмитенттің 161 акциясы және 82 эмитенттің 324 облигациясы болды.

Наурыз айының қорытындысы бойынша KASE индексі 0,4 пайызға 3 348,63 тармаққа дейін төмендеді, «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-ның (-5,7%) акциялары көбірек төмендеді.
Акциялар нарығын капиталдандыру ағымдағы жылғы наурызда листингтелетін компаниялар акциялары құнының ұлғаюы есебінен 0,8 пайызға немесе 188 млрд. теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 23,3 трлн. теңге болып қалыптасты. Акциялар сауда-саттығының көлемі қайталама нарықтағы сауда-саттықтың өсу есебінен 2022 жылғы ақпандағы акциялар сауда-саттығының көлемімен салыстырғанда 28,7 пайызға ұлғайып, ағымдағы жылғы наурызда 13,3 млрд. теңгені құрады.

Акциялар нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттарының ішінде жеке тұлғалардың үлесіне акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 43,7, брокерлер мен дилерлердің үлесіне – 22, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 19, өзге заңды тұлғалардың үлесіне – 15,2, банктердің үлесіне 0,1 пайыз тиесілі болды.

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі облигациялардың жекелеген шығарылымдарының айналыста болу мерзімінің аяқталуына және мерзімінен бұрын өтелуіне байланысты 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда 1пайызға немесе 146,0 млрд. теңгеге төмендеп, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 14,8 трлн. теңге болды.

KASE-де корпоративтік облигациялар сауда-саттығының көлемі бастапқы нарықта орналастырулардың болмауы және корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен алдыңғы аймен салыстырғанда 58,2 млрд. теңгеге дейін 37 пайызға азайды.

Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлігінде заңды тұлғалардың үлесі – 77,2, институционалдық инвесторлардың үлесі – 12,5, брокер мен дилерлердің үлесі – 3,7, жеке тұлғалардың үлесі – 5,8, екінші деңгейдегі банктердің үлесі 0,8 пайызды құрады. Бейрезиденттердің үлесі – 12,9 пайыз.

KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы мемлекеттік бағалы қағаздардың жекелеген шығарылымдарының өтелуіне және айналыста болу мерзімінің аяқталуына байланысты 01.03.2022ж. көрсеткішпен салыстырғанда 2,3 пайызға немесе 395,7 млрд. теңгеге азайып, осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 17,3 трлн. теңге болды.

КASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі биылғы ақпан айымен салыстырғанда 80,1 пайызға немесе 267 млрд. теңгеге ұлғайып, ағымдағы жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 600,2 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылғы наурызда мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 27,6 пайызға немесе 58,5 млрд. теңгеге өсіп, 270,5 млрд. теңгені құраған еді. Барлық көлем Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыруға тиесілі.

2021 жылдың үш айында МБҚ қайталама нарығындағы инвесторлардың құрылымында заңды тұлғалардың үлесі – 54,4, екінші деңгейдегі банктердің – 27,6, институционалдық инвесторлардың – 15,8, брокер-дилерлердің – 1,6, жеке тұлғалардың үлесі 0,5 пайыз болды. Бейрезиденттердің қатысуы 9,2 пайызға бағаланады.

Сонымен осы жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 41 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 18 жабық және 1 ашық.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 36 млрд. теңгеге немесе 6,8 пайызға азайып, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 491,2 млрд. теңгені құрады. Бұл азаю бейрезидент-эмитенттердің, сондай-ақ резидент-эмитенттердің бағалы қағаздар портфелінің (32,8 млрд. теңгеге немесе 6,9%-ға азаю) құнының төмендеуі есебінен болды.
Инвестициялық пай қорларының негізгі активі болып бағалы қағаздар портфелі сақталады, ол 440,7 млрд. теңгені немесе жиынтық активтердің 89,7 пайызын құрайды, бұл ретте портфельдің 98,2 пайызы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

Бүгінгі таңда зейнетақы активтері мына төрт компанияның сенімгерлік басқаруында: «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Jusan Invset» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ. Зейнетақы активтері инвестициялық портфелінің құны 8,6 млрд. теңгені құрады. Зейнетақы активтері портфелінің құрылымына кері РЕПО мәмілелері мен ақша қаражаты (29%), мемлекеттік бағалы қағаздар, оның ішінде ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, ҚРҰБ ноттары (25%), ПАЙ-лар (24%), облигациялар (16%), акциялар мен депозитарлық қолхаттар (5%) кіреді. Валюталар бөлігінде зейнетақы активтері портфелінің құрылымында ұлттық валюта басым (71,5%), АҚШ доллары зейнетақы активтері портфелінің 28,5 пайызын құрайды.

1 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық нарықтағы сыртқы тәуекелдердің өсуіне және құбылмалылығына қарамастан Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы жағдай тұрақты болып қалуда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қор нарығының жүйелік тәуекелдеріне күшейтілген бақылауды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының заңнама талаптарын орындау бөлігіндегі орнықтылығына тұрақты бағалауды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі

Comments are closed.