«Ақ жолды» асыға күтеміз!
«Ақ жолды» асыға күтеміз!
Келмей қалса, іздейміз», – дейді жуалылық оқырмандар
Сейсенбі күні басылымның Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, ақпарат бөлімінің меңгерушісі Лесбек Сайлаубек, фототілші Ақәділ Рысмахан және тілші Гүлжан Рахман газеттің Жуалы ауданындағы оқырмандарымен кездесті. Кездесуді аудан әкімі Батырбек Құлекеев ашып, жүргізіп отырды. – Қазіргі уақытта облыстың ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны бар, аймақтың барлық тыныс-тіршілігін, жаңалықтарын, демократиялық өзгерістерін халыққа дер кезінде жеткізіп, ой қорытып, жақсылықты жария етіп келе жатқан бас газетіміз –«Ақ жолды» бәріңіз білесіздер. Газеттің соңғы алты айдағы жаңа бет-бейнесі, соны сипаты өздеріңізге мәлім. Ендігі мақсат – басылымның таралымын көбейту, – деп сөз сабақтаған аудан басшысы басқосуға қатысып отырған газет оқырмандарын, мемлекеттік қызметкерлерді, кәсіпорын басшыларын, ауылдық округтердің әкімдерін, ардагерлер кеңесін, жастар қауымын еркін пікірлесуге шақырды. Алғашқы сөзді газеттің алдағы жұмыс-жоспарымен таныстыру үшін Бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлына берді. – Бүгінде ауданның экономикалық жағдайы бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым ілгерілеген. Жағдай жақсарғаннан кейін дастарханның мәзірін өзгертетініміз сияқты, адам өзінің мәдениетін, рухани құндылықтарын да өсіруі керек. Үйде газет-журналдың түр-түрі, төрдегі көк жәшікте түрлі арналар көрсетіп, компьютеріміз интернетке қосылып тұруы керек. Өздеріңіздің жерлестеріңіз, біздің «генералымыз» Шерхан Мұртазаның «Құстың бір қанаты – экономика, бір қанаты – мәдениет» дейтінін ұмытпаңыздар. Ел боламыз десек, елді қорғайтын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе руханиятқа ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Ақ жол» газеті соңғы уақыттарда өз оқырмандарын тұшымды дүниелерімен қуантып келеді. Бүгінде ауыл тұрмақ, қаланың өзінде де интернеті бар үйлер аз. Сондықтан біз танымдық дүниелерге де баса мән беріп отырмыз. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі түрлі ойларды, пікірлерді жариялап келеміз. Айта берсек, алуан мәселелерді арқау еткен түрлі айдарлар өте көп. Бір айдың ішінде бір ғана «Ақ жолдың» ішінен барлық жаңалықты табуға болады. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер үшін, жастар үшін «тілегені алдынан іздемей-ақ табылады». «Алаш-арена» атты айдарымызға оқырмандарымыз дән риза. Жекелеген спортшылар туралы тың дүниелерді халықпен таныстырып, сүйіншілеп жатырмыз. Осындай оңды ізденістер арқылы «Ақ жол» қалың көпшіліктің рухани сырласына, ақылшысына айналды.
Бүгін міне, осы мақсаттағы басқосуымыз Бауыржандай батырымен, Шерхандай наркескен жазушысымен даңқы өрлеген, береке-бірлігі жарасқан ауданда жалғасып отыр, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы. Мұнан соң, кездесуге келген қатысушылар өздерінің айнымас серігіне айналған «Ақ жол» газеті турасындағы пікірлерін ортаға салды. Марат Нарымбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы: – Баспасөздің адам тарихында алатын орны ерекше. Бұл – cонау ықылым заманнан бері желісі үзілмеген дүние. Соңғы кездері «Ақ жол» газетінің бет-бейнесі қатты өзгерді. Әсіресе, жастарды, бізді бүгінде үлкен тәрбие отауына айналып отырған әлеуметтік желілермен, фейсбукпен байланыстырып отырғандарыңыз қатты қуантты. «Жастарды қалай тәрбиелейміз?»
деген сауал туындаған кезде олардың қай жерде жүргенінен, немен айналысатынынан, қандай ойлары бар екенінен хабардар болуымыз керек. Жеке сайттарыңыздың қарқынды жұмыс жасап отырғаны да ұнайды. Халыққа керек дүниені іздеп, ата газетімізді қажет ететін оқырмандар біздің ауданымызда өте көп. Сондықтан, бұл басылымға жазылым жылдан-жылға арта береді деп ойлаймын.
Керімқұл Бегалиев, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы:– Екі күннен бері сіздердің осында ат басын бұратын-дықтарыңызды естіп, қуанып, күтіп отыр едік. Бұрын бас газетіміз болғаннан кейін жаздыртып оқитын едік. Расы керек, көп жағдайда көз жүгіртіп қана өте шығатынбыз. Ал қазір әр мақаласына шұқшиып қарап, оқып отыратындай деңгейге көтеріліп кетті. Спортты да, әзіл-қалжыңды да, әлеуметтік мәселелердің жайын қаузаған проблемалық-сараптамалық мақалаларды да,түрлі танымдық дүниелерді де осы газеттен табатын болдық. Газет келмей қалса, іздейтіндей күйге түстік. Сондықтан сүйікті басылымымызға айналып отырған «Ақ жолдың»10 данасын ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасылар болса, өзім жаздырып беремін. Жарас Мұратаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – «Ақ жол» газеті басшыларының оқыр-мандармен кездесуі өте құптарлық іс болып отыр. Бүгінде газеттің түрі, түсі, мазмұны өзгерді. Шынын айтсам, газет республикалық деңгейдегі басылымдар сияқты шығып отыр. Газет ұжымына осындай керемет басылымды шығарып, алдымызға ұсынып отырғандарыңыз үшін көп рахметімізді айтамыз. Анар Ахметова, «Мыңбұлақ» ауылдық округінің әкімі: – 92 жылдық тарихы бар газет, бүгінде заманауи үлгіге сай, әр тараптанған, тұшымды дүниелерге бай басылымға айналды. Өзімнің мамандығым – әдебиетші. Сондықтан болар, көркем дүниелерге жаным құмар. «Пырақ» әдебиет бетін үзбей оқимын. Ал газеттің бірінші бетінен үнемі түспейтін «Даналық дәнінде» келтірілетін мақалдарды қойын кітапшама жазып алып жүремін. Елдің алдында жүргендіктен, адамның ақылына ақыл қосатын, кемелдендіре түсетін мұндай мақалдар біз үшін сөз бастарда өте қажет. «Ақ жол» газетінің ұжымына алғысымды білдіремін. Шығармашылық табыс тілеймін. Оқырмандардың жүрекжарды пікірінен соң Бас редактор К. Сәттібайұлы: – Жоғарыда әлеуметтік желіні сөз еттік. Ол жерде де ойы бұзық адамдар болады. Мәселен, қазір Тайчибеков деген біреу шықты. Сол адам еліміздің тәуелсіздігіне қарсы сөз айтып, керағар пікірлерімен көрініп жүреді. Елдің берекесін қашырғысы келген оның бұл қылығына наразы болып, «Тайчибеков неге тайраңдай береді?» деген мақала бастық. Біз айтпасақ, мұны кім айтады? Сонымен бірге газетіміздің сайтында газеттің РDF нұсқасын бере бастадық. Сол арқылы қазір алыс аймақтардағы оқырмандар газет қолдарына тигенше, жаңа санымен толық таныса алады. Одан кейін сайттан «Ақ жол-ТВ» деген айдар ашып, онда қызықты бейне жаңалықтарды, әндерді беріп отырмыз. Алдағы уақытта сайтты жетілдіре бермекпіз, – деді. Басқосуды аудан әкімі Батырбек Құлекеев қорытындылап, редакция ұжымының шығар-машылық жұмысына табыс тіледі.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.