Дизель отынын үлестіруді тиімді ұйымдастыру керек

23

Қазір шаруалар қажетті техникаларын сайлап, көктемгі жұмыстарға білек сыбана кірісті. Дәл осы мезгілде әр ауданның шаруалары әлеуетіне қарай мол өнім алудың қарекетін жасауы керек. Мұндайда суды көп немесе аз қажет ететін егістік алқаптарын екіге бөліп зерделеп, барлық істі есеппен жүзеге асырған тиімді. Сонымен қатар алқапты ағын сумен қамтамасыз ету мәселесін де қазірден нақтылап алған жөн. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиынында осы және өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Жиында алдымен облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы қала, аудан әкімдерінің және басқарма басшыларының қоғаммен кері байланыс орнатуға келгенде жедел жауап бермейтінін айтты. Мысалы, Меркі, Мойынқұм, Шу аудандарының ресми парақшаларына түскен сауалдарға жауап қайтарылмаған.

Ал басқарма басшылары БАҚ құралдарымен кері байланыс орнатуға келгенде сылбыр қимылдауда. Сонымен қала, аудан әкімдерін және басқармаларды қоғаммен кері байланыс орнатуға шақырған Данияр Асқарұлы сөзін түйіндей келе, келер аптада әкімдер мен басқарма басшыларының жеке парақшаларын талдайтынын айтты. Бұдан соң баяндама жасаған облыстық бірыңғай диспетчерлік қызметі мекемесінің басшысы Бақкелді Тұрсынбеков те кейбір мекемелерден жедел мәлімет алу қиын екенін жасырмады. Сонымен «Jambyl 109» қызметіне ағымдағы жылдың 18-25 сәуір аралығында 895 тұрғыннан өтініш түсіп, тиісті атқарушы және жауапты мекемелерге жолданған. Алайда түскен өтініштердің алтауы мерзімінен кешіктіріліп жабылса, 12 мәселенің мерзімі ұзартылған. Ал қалған 12 сұраққа мүлдем жауап берілмеген. Мекеме басшысы жедел желіге облыстық Полиция департаментіне қатысты биыл 22 өтініш тіркелгенімен, жауап берілмегенін айтты. Себебі облыстық Полиция департаменті 109 қызметімен тікелей жұмыс істеуден бас тартқан. Жиында Бақкелді Тұрсынбеков облыс әкімінен облыстық Полиция департаментінің 109 қызметімен меморандумға отыруына ықпал етуін сұрады.

Бұдан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов көктемгі егін дала жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға ұлғаяды. Айталық, 214,6 мың гектар алқапта жаздық масақты дақылдар, 34,5 мың гектарға көп жылдық шөп және 36,6 мың гектар аумаққа көкөніс дақылдары, 58 гектар алқапта майлы дақылдар егіледі екен. «Бұдан бөлек, қызылша, бақша дақылдары, дәндік жүгері, картоп сынды өнімдердің үлесі есептеулі. Айта кетерлік ақпарат, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес отандық тыңайтқыш өндірушілерден тыңайтқыш алуға бекінгендерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Аталған жұмыстарды субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 1 миллиард 950 миллион теңге қаралып отыр. Көктемгі дала жұмыстарына жалпы 7317 дана ауыл шаруашылығы техникасы толықтай араласуда. Сондай-ақ биыл көктемгі дала жұмыстарына ақпан-мамыр айларына қарай 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Бір сөзбен айтқанда көктемгі дала жұмыстары тұрақты бақылауда», – деді басқарма басшысы. Ербол Жиенқұлов каналдарды тазалау және су тапшылығы байқалатын аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары жайында толық мағлұмат берді.

Басқарма басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған облыс әкімі бірқатар мәселелерді нақтылап, шаруаларға қолдау көрсетудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.

– Тыңайтқыш мәселесін реттеу үшін «Қазфосфат» компаниясымен арадағы келісімді жеделдету қажет. Шаруаларға арзандатылған дизель отынын үлестіруді тиімді ұйымдастыру қажет. Сондықтан келісілген бекеттерге ескерту қажет. Мұны кейбір аудандағы шаруалар білмейді.Мұның барлығын қадағалау қажет. Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия мен арзандатылған несие беруге ерекше көңіл бөлу керек. Аудандармен көбірек жұмыс істеген дұрыс. Бүгінде мемлекет тарапынан және жергілікті әкімдік тарапынан шаруалардың көтерген мәселелері шешілді. Яғни тыңайтқыш пен жанармайдың өзі шаруалардың қаржысын үнемдеуге үлкен септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар су мәселесі де белгіленген алқаптарға жетеді, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.