- Advertisement -

ТҰНЫҚ СЕЗІМ АҚЫН КҮЛӘШ АХМЕТОВАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМІНЕ ЕНУ

136

- Advertisement -

Қазақ поэзиясында дара болмысты, айрықша қолтаңбасы бар, нәзік жырларымен оқырманның жүрегін жаулаған ақындардың бірі – Күләш Ахметова! Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері деген сияқты алты батпан атағын, бес батпан беделін атамаған күннің өзінде ақын Күләш Ахметованың поэзиясы жанды тебірентетін назды үнімен, қуатты күрескерлік сазымен дараланады. Қазіргі қазақ поэзиясының ақ айдынындағы жыр аққуы болған Күләш Ахметованың шығармашылық әлеміне еніп көрелік.

Өткен ғасырдың 70 жылдары қазақ әдебиетіне қосылған буын арасында ақын апаларымыз Фариза мен Күләш биік талантымен, терең сыршылдығымен, азаматтық үнімен қазақ өлеңіне үлкен жаңалық әкелді. Бүгін де бұл шын дарындардың шығармалары өзектілігін жоймаған құнды дүниелер. Күләш Ахметованың ғазалдарында Отанға деген сүйіспеншілік, достық, адалдық пен махаббат, ізгілік пен әдемілік, әйел тағдыры сияқты тақырыптар қозғалады. Ақын шығармалары жанға жылу, жүрекке махаббат пен мейірімділік сыйлайды. Күләш Ахметованың жырлары ұлттың күллі аруларының атынан сөйлеп тұрғандай жүректе әсер қалдырады. Себебі ақын шығармаларының негізгі өзектерінің
бірі – ӘЙЕЛ ЖАНЫ. Қазақтың аяулы қызының өлеңдерінен-ақ оның асыл болмысы, сұлу жаны, жарқын бейнесі көзімізге елестейді. Алаштың абыз тұлғасы Әбіш Кекілбайұлы ақын шығармашылығы туралы былайша толғанады:

«…Күләш – қарындас ақын. Қазақтай қарға тамырлы халықтың өз тонның ішкі бауындай ерекше қастерлейтін бөлекше қимас жақыны қарындаста ғана болатын асыл қасиеттердің бәріне ие абзал жыр. Бақырмай сөйлеп, бажылдамай жылап, бажайламай базына айтатын бауырмал жыр. Оны оқығанда Қазанды алып, шаршысына толып келе жатқанда, қара орманнан айырылып, қанатынан қайырылып, қамауға түскен халқын көріп, еңіреген елін, есіреген жауын көріп, қанына қарайған, қаһарына мінген Қобыландының қарындасы Қарлығаштың назын тыңдағанындағысындай тал бойың еріп, тас жүрегің жібіп қоя береді».

Бұл ақын поэзиясына берілген жоғары баға. Сонымен қатар кезінде әдебиетіміздің алыптары Сәбит Мұқанов пен Әбділдә Тәжібаев та ақын поэзиясы туралы өз пікірлерін білдірген-ді. Қайраткер Мырзатай Жолдасбеков көрнекті ақын апамыздың шығармашылығы хақындағы «Періште көңіл поэзия» мақаласында: «…Әйелге тән нәзіктік пен ақынға тән асқақтықты бір бойына сыйдырған ақын Ұлы даланы, қазақ ұлтын, Қазақстанды көзінің қарашығындай көріп, жүрегін бөлеп талмай жырлап келеді. Күләштің нәзік әрі кең жүрегінде көгілдір аспан да, Ұлы Дала да, оны мекендеген адамзат та – бәрі сыяды. Соның бәрін әзиз жүрегіне салып әлпештейді, аялайды. Туған елінің тауын да, тасын да, байтақ даласын да, жасыл орманын да, қалтыраған жапырағын да, мөлдіреген
таңғы шығын да – бәрін де риясыз сүйеді.

Оның өлеңдері ылғи да періште көңілден, таза пейілден, пәк сезімнен, мейірбан жүректен туады. Сондықтан да ізгілік, парасат, кісілік жолынан таймаған Күләш бәрімізден де шынайы әрі таза», – дегені бар. Тегінде, Күләш шайыр осындай ақ көңіл, пәк сезімді мөлдір жырларымен ажарланып тұрады. Күләш Ахметова – жиырмаға жуық жинақтың авторы. Ақынның алғашқы жинағы «Ақ гүлім менің» деген атпен 1975 жылы жарық көрген Әр жылдары жарық көрген ақын жинақтары
тақырыбы мен идеясы жағынан өзгешеленеді.

Мәселен, «Күн шыққанда күліп оян» жыр жинағы ерекше назарға лайық. Бұл жинақ 1996 жылы «Ана тілі» баспасында басылған. Жинақтағы өлеңдер сан алуан тақырыптарды қамтиды. Атап өтсек, ұлт мұраты, ел мен жер тағдыры, елдік пен ерлік, уақыт пен кеңістік, дала мен қала, жыл мезгілдері, достық пен махаббат. Ел мен жер тақырыбына қатысты өлеңдер көркемдігі жағынан биік деңгейде жазылған туындылар. Бұлардың негізгі идеясы – ортақ отанымыз Қазақстанға деген шексіз құрмет пен махаббатты көрсету. Тілі жағынан жеңіл, әрі мазмұны көркем шығармалар оқырманды бірден баурап алады. Мысалы, «Ауылды аңсағанда» өлеңінде туған жердің қасиетін, перзенттің отанға деген ыстық ықыласы жазылған:

Осы бір сәтте ақындық атты бақ дарып,
Шалқытып жатыр жанымнан жалын ақтарып.
Думанды ауыл, дидарың жатыр кеудемде
Тал бесіктегі таққан тұмардай сақталып.

Ақын кең-байтақ даланың көркін шалқар шабытпен жырлайды. Дала рухын сезіну, онымен тілдесу – қазақ ақындарына тән ұстанымдардың бірі. Міне, осы дәстүрмен Күләш Ахметова ұлан-ғайыр атырапты жыр арқауы етеді:

Өзіңсің Қазақстан, ән, арманым да.
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан-байтақ далам барында,
Гүл далам – Қазақстаным.

Күләш ақын қазақтың кең өлкесін бірде гүл далам, бірде ән далам, дән далам, жан далам, кең далам деп суреттей отырып, жеріміздің сұлу табиғаты мен қасиетін танытады. Ақын туған елінің әр тауы мен тасын, шөбі мен суын, орманы мен көлін ерекше сезіммен құрметтейді. Оның табиғат сыйын қорғауға үндейтін өлеңдері де туған жер тақырыбын жаңа қырынан зерделегісі келетіндей әсер етеді:

Маздақ от маңдайымды сүйді менің,
Басымды қасиетіңе идім елім.
Басылмай сағынышым келгенімде,
Алдымнан шықты мұңлы Билікөлім.
Айдының мейрам еді, сайран еді,
Әдемі аймалаған қайда лебің.
Алдымда жатты тағы жаутаң қағып,
Айрылған айнасынан Айнакөлім.

Бұл жолдарда автордың күйініші мен өкінішін аңғарамыз. Туған жердің табиғатын қорғау әр перзенттің азаматтық борышы екені анық. Алайда адамдар Отан-ана алдындағы парызын ұмытып, туған жердің киесін түсінбеуі ақынды мұңға батырады. «Көгілдір кештерінде Көкшетаудың» өлеңінде автор Көкшенің сұлу келбетін жыр арқауы етеді. Қастерлі де қасиетті жердің көркін ақын ұлы суреткерге тән биік талғаммен жырлайды:

Армысың!
Айдын көлім, Бурабайым,
Алдымнан шықта-ау қайың, қарағайың.
Аталар ат шалдырған алаңқайда
Менің де ізім қалсын,
Аралайын.
Өзіңнен кезім келді от алатын.
Сөзім бар келешекке апаратын.
Арқаның алқасындай зүмірет көл –
Жырлаған құдіретпен Сәкен ақын.

Ал «Таразға тағзым», «Сұлулар өткен», «Алматы» сынды атты туындыларында автор қала мәдениеті, қала өміріне назар аударады. Еркіндік пен жан тыныштығын сүйетін дала өміріне қарағанда, қала өмірі сән мен салтанатқа, қайнаған тіршілікке бейім келеді. Ақын қаладан да кие мен қасиет таба біледі. Жалынды жырларында қала өркениетін айшықты тілмен жеткізеді. Мәселен, «Таразға тағзым» туындысында автор көнеде негізі қаланған шаһардың тағылымды тарихына тағзым етеді:

Қайран Тараз!
Қаймана елге ұнаған!
Қақпалары көлеңкедей құлаған, Қамал да жоқ…
Амал да жоқ тағдырға
Жылдар жолы жылдам әрі бұралаң!

Ақын шығармашылығында қала тақырыбына арналған туындылардың бірі – «Алматы» өлеңі. Елдің абыройын асқақтатқан шаһардың ғажайып келбеті ерекше әсер сыйлайды. Даланың еркін тынысы адамды сұлулық пен әсемдіктің сырын түсінуге себепкер болса, қаланың салтанаты адамды даму мен өрлеуге үндегендей күй кештіреді:

Шаһарым менің, шаттығым, әнім, шәрбатым,
Шапағаттанып жатасың-ау сен таңда тым.
Шілдеде – гүлге, ақпанда – қарға бөленіп,
Шәйі бұлтт ардан шәлі байл аған
Алматым!
Гүлдеймін бірге, гүлдейтін болсаң егер сен,
Көгерем бірге көктемде өзің көгерсең.
Сенімен бірге селге де қарсы тұрам мен,
Сенімен бірге көремін мен де, не көрсең!

Осылайша ақын Күләш Ахметова даланың да қаланың да тыныс- тіршілігін жанынан жақын қабылдағанын анық дәлелдейді. Кең байтақ өлкенің сулы, нулы атырабы да, қаланың зәулім ғимараттары мен сән салтанаты да авторға шабыт береді, қаламын қуатты ете түседі. Ақын лирикасында кең қозғалған тақырыптардың қатарын ұлттық рух, адамшылық мұраттары, адам бойындағы ізгі қасиеттер екенін айрықша атай аламыз. Күләш ақынның сыршыл өлеңдері адамды қайраттандырады, әр күнге тағдырдың сыйы деп қарауға бастайтын оптимистік сарын байқалады. Мысалы,

«Күн шыққанда күліп оян» өлеңі адамды жігерлендіріп, өмірге деген құштарлығын арттырады. Өлең жолдарындағы тіркестердің философиялық астары мән-мағынаға толы:

…Қуанышсыз жүректе құралмас ән,
Қайғы басса есіңе ал мұны әрқашан.
Ештеңеге риза бола алмайсың
Жаңа жауған ақ қарға қуанбасаң.
Жүрекке мейірім мен жылу керек.
Сүйсінбеуге бола ма сұлуға ерек?
«Ойлай берсең, ой да көп, уайым да көп»,
Шыққан күнге қуана білу керек!

Ақын поэзиясында адам бойындағы жеке қасиеттерді арқау еткен туындылары үлкен философиялық мәнге ие. Мәселен, «Намыс», «Мықтылық», «Рахым», «Әдет» атты туындылардың тәрбиелік мәні зор. Бұл өлеңдер адамды ізгі жолға баулиды, биік адами қасиеттерді тәрбиелейді. Әсіресе жас оқырмандарға бұл өлеңдердің берері зор. Жақсылыққа жақын болуға, жамандықтан жиренуге үндейді. Мәселен, «Намыс» өлеңінде мақтан сүйгіштік пен зұлымдыққа құмарларды былайша сынайды:

…Біреу бар, мақтау десе, бір тоймайтын,
Басында, мақтамасаң, бұлт ойнайтын.
Күнді де байқамайтын аспандағы,
Мұңды да байқамайтын жұрт ойлайтын.

Күләш Ахметова поэзиясында ерекше орын алатын өлеңдердің тобы – арнау өлеңдер. Жеке тұлғаларға: Мұқағали туралы «Мұқағали Мұзарты», Шыңғыс Айтматовқа «Ел бағына туған ұл», Зейнолла Қабдолов жайлы «Ілтипат», Сара Алпысқызына «Мұңлы бөбектер жыры», Мырзатай Жолдасбековке арналған «Елші» атты жырлары тағылымға құралған. Сөзімізді түйіндей келе, шайыр Күләш Ахметова поэзиясы терең сыршылдығымен, оптимистік рухымен, нәзік бояуларымен өзгешеленеді. Ақын шығармалары сан түрлі тақырыпты қамтыған. Әр жырдың астарында белгілі бір түйін бар. Демек, аяулы қазақ ақыны Күләш Ахметованың өлеңдері оқырманға эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, философиялық ой тұжырым жасауға да жетелейді. Ақын туындыларында Отанға деген махаббат, достық пен адамгершілік, мейірімділік пен ізгілік, бақыт пен болашаққа сенім сияқты адамның ақ көңілінен туатын ұғымдар жырланады. Оқырманға берері мол жыр жолдары әр кезде мән-мағынасын жоймайтын құнды мұра бола бермек…

Елдос ТОҚТАРБАЙ.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support