- Advertisement -

326

- Advertisement -

1 қаңтар. 1 (2313).

Бұрынғысынша үлкен форматпен екі бет болып, 3800 дана таралыммен шыққан газеттің (бас редакторы Ғайса Сармурзин) шығармашылық ұжымы үшін жаңа жылдың алғашқы күнінен басты тақырып Сталиндік бесжылдықтың үшінші жылында елді екпінді еңбекке жұмылдыру болғаны осы санындағы жарияланымдардың мазмұнынан айқын аңғарылады.

22 ақпан. 38 (2350).

Кеңес Армиясының 30 жылдық мерекесіне арналған санында газет журналистері ізденістер жасаған. Әкпарбек Доспамбетовтің «Берлин көшелерінде» (соғыс күндерінен бір эпизод) мақаласы қызықты оқылады. Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетовтың «Отыз жаста» арнау өлеңі де шынайылығымен баурайды.

6 наурыз. 44 (2359).

Газет әр ауданға арнаулы бет беруді қолға алды. Бұл санында «Свердловтықтар, міндеттемелеріңді абыроймен орындап шығыңдар» деп жалпы тақырыппен бет арнап, қала іргесіндегі (қазірде Байзақ) аудан еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін әңгімеледі. Осы ауданның аудандық газетінің бас редакторы, даңғайыр фельетоншы Сейділдә Төлешовтің «Жігерлі жас пен қайратты қарт суреттемесі шағын да болса көп жайды қозғайды».

7 наурыз. 48 (2360).

Газеттің бұл саны Жамбыл ауданындағы «Красная звезда» колхозының іс-тәжірибесін насихаттайды. Бас мақаласы да «Красная звезда» – үлгі аларлық колхоз» деп аталады. Атақты қызылшашы Дариха Жантоқованың Луговой ауданы «Көкарық» колхозының мол өнімші звено бастығы Күлімкүл Мұсабековаға жауап хаты да осы санда жарияланған. Онда айтылғандарды колхоздың бас агрономы Мұстафа Бұралхиев өз мақаласында одан әрі толықтыра түсіп, озат әдіс-тәсілдер жайында кеңінен әңгімелейді. Колхоз төрағасы Мұхамедқали Нұрбаев туралы суреттеме «Игілікті іс, сенімді серт» аталған.

21 наурыз. 58 (2370).

Облыстық қазақ драма театры Л.Леоновтың «Шапқыншылық» қойылымын сахналады. Газет облыстың мәдени өміріндегі осы оқиғаға рецензия арнап, көрермендердің пікірлерін жариялады.

1 сәуір. 66 (2378).

«Красная звезда» колхозының төрағасы Мұхамедқали Нұрбаевқа Социалистік Еңбек Ері ең жоғары атағы берілді. Газет бірінші бетіне оның суретін жариялап, осы хабарды елге жеткізді. Келесі сандарында «Облысымыздағы Социалистік Еңбек Ерлері» айдарын ашып, Сындыбала Оңғарбаева, Наужан Дидарбекова, Алтынкүл Әлібаева және басқалары туралы суреттемелер, хабарларды кезекпен беріп отырды.

21 сәуір. 80 (2392).

«Красная звезда» колхозының тәжірибесін насихаттайтын арнаулы бет. Ол «Жақсы тәжірибе – көпке ортақ» деп аталады.

6 тамыз. 155 (2467).

Бұл санындағы бас мақаласын КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен ең жоғары наградаға ие болған мал өсірушілер шыққан Талас ауданына арнады. «Таластық Социалистік Еңбек Ерлеріне сөз береміз» деген арнаулы бетінде Алтын жұлдыздылар «Кеңестөбе» колхозының төрағасы Байкелді Кейкиев, сиыр фермасының бастығы Науат Егембердиева, сондай-ақ жылқышы Қартабай Атшабаровтың мақалалары жарық көрді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Мәмбет Смағұловтың мақаласы «Жоғары наградаға іспен жауап береміз» деп аталады. Онда Талас ауданының бір өзінен ғана 32 адам Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын өңірлеріне таққаны айтылады.

23 қазан. 241 (2522).

Одақтың бас басылымы – «Правда» газетінде танымал жазушы Павел Кузнецовтың «Талас өлкесінің ерлері» очеркі жарық көрген болатын. Облыстық газет осы санында оның аудармасын бере бастады. Очерктің басты кейіпкерлері Талас ауданындағы колхоз төрағасы Байкелді Кейкиев пен жылқышы Қартабай Атшабаров. СОКП Орталық Комитетінің сөзін елге жеткізіп отыратын газетте жарияланған очерк көркем шығармадай оқылады.

24 желтоқсан. 253 (2564).

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, шопандар маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаев жайлы газет тұрақты жазып отырды. Бұл санындағы оған арналған жарияланым – «Хан тауынан хат» аталады. Атынан көрініп тұрғандай майталман шопанның мыңғыртып қой өсірген өңірі жайлы, оның жастармен бөлісер тәжірибесі турасында кеңінен сөз болады.

(1949 жыл)
1 қаңтар. 1 (2569).

Газет бұрынғысынша үлкен форматпен екі бет болып шыға бастады. Таралымы да сол күйі қалды. Жаңа жылдық санында «Облысымыздың таңдаулы адамдары» деген жалпы тақырыппен берілген бетінде Талас ауданындағы «Бостандық» кеңшарының аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Рысдәулет Байжановты, Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданындағы «Еңбекші» колхозының звено бастығы, Ленин орденді Күлзада Дузенбаеваны, Свердлов (Байзақ) ауданындағы Свердлов атындағы колхоздың төрағасы, Ленин орденді Әбдікерім Қойайдаровты үлгі етіп, портреттерін берді.

1 наурыз. 40-41 (2609).

Газет өз тарихында тұңғыш рет дерлік сегіз бет болып шықты. Қазақстан Компартиясының төртінші съезіне арналған жарияланымдарды, ҚК(б)П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтың есепті баяндамасын берді. Съезде «Красная звезда» ұжымшарының төрағасы М.Нұрбаевтың сөйлеген сөзі толық жарияланды. Осы санда Талас ауданынан Шона Смахановтың хабары шықты. Оның жазғандары кейінгі сандарында жиі жарық көре бастады.

5 мамыр. 86 (2654).

Баспасөз күніне арналған санында газет оқушыларының ұсыныс, пікір, тілектері топтама етіліп ұсынылған. Свердлов ауданындағы «Қарабақыр» ауылдық кеңесінің төрағасы, айтыскер ақын Седен Алпысбаевтың «Правдаға» өлеңі шықты.

5 маусым. 108 (2676).

«Александр Сергеевич Пушкин» – осындай жалпы тақырыппен берілген бетте Луговой ауданы «Жаңатұрмыс» орта мектебінің мұғалімі Әдібай Табылдиевтың «Пушкин арамызда» өлеңі жарық көрді. Кейінгі сандарында газет оның өлеңдерін бере бастады.

Дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support