- Advertisement -

«A-Status» мектеп-гимназиясына бес жыл

81

- Advertisement -

Тараз қаласындағы «A-Status» мектеп-гимназиясының құрылғанына биыл бес жыл. Мектеп осы датаны мерекелік көңіл-күйде атап өтті. Оған облыстық мəслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыс əкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, жоғары жəне колледж басшылығы, мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен ата-аналары қатысты.

Жеке кəсіпкер Сəуле Рыспаева алдымен, 2016 жылы өзінің қызметін балабақша, мектепке дейінгі дайындық және бастауыш сыныптарын ашудан бастаған. Ал 2017 жылы 240 балаға арналған экологиялық бағыттағы бағдарламаны қамтитын, мектептің 7-сыныпқа дейінгі қазіргі жаңа ғимараты соғылады. Бүгінгі таңда аталған мектеп-гимназияда 1-сыныпта 223 оқушы білім алуда.

Мектепте спорт зал, кешенді спорт алаңы, акт зал, 180 орындық асхана, медициналық және процедуралық кабинеттер, компьютерлік сынып, мультимедиялық үйретуші бағдарламаларды қолдану мен ғаламтор желісіне шығысты қамтамасыз ету аймағы және оқу залы бар заманауи кітапхана бар.
Оқу кабинеттері бейне-компьютерлік техникалармен, проекторлармен, интербелсенді тақталармен, бейнетехникалармен, ал мұғалімдердің жұмыс орындары компьютерлермен және ішінара көбейткіш техникалармен жабдықталған.

Кəсіпкердің айтуынша, мектепте 25 педагог жұмыс істейді. Бүгінгі таңда «A-Status» мектеп-гимназиясы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Аталған оқу орындарының білім алушылары жыл сайын «A-Status» кешенінің қабырғасында тәжірибеден өтіп келеді.
Білім ордасының салтанатты кешінде облыс мəслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, құттықтау лебізін жеткізді.

– Өсемін деген ұлт алдымен білім беру ісін қолға алған. Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сондықтан егемен елімізді дамыған елдер қатарына қосатын бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру – қоғамның басты мәселесі. Бүгінгі таңда білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету – өңірді дамытуда негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Өткен жылы 24 білім нысанының құрылысын жүргізуге 11,9 миллиард теңге қарастырылып игерілді. Бүгінде 10 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріліп, 2 апатты, 3 үш ауысымды, 4 орын тапшылығы, 4 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешілді. Қазіргі таңда облыста 1 апатты, 3 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы бар мектептер жұмыс істейді.

Ағымдағы жылы 16 білім нысанының құрылысын жүргізуге 8,5 миллиард теңге қарастырылды. Соның есебінен 2 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы, 6 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілетін болады. Ал оқушы орындары тапшылығы мәселесін шешуде жекеменшік мектептердің ролі ерекше. Облыста жекеменшік мектептердің желісі жыл сайын артып отыр. Өткен оқу жылының өзінде 12 жекеменшік мектеп ашылды. Бүгінгі күні облыс бойынша 27 жекеменшік мектептер қызмет атқаруда, онда 5527 оқушы қамтылған. Жекеменшік мектептердің қатарының көбеюі бәсекелестікті қалыптастырады, – деді ол.

Халық қалаулысы айтқандай, бүгінде 27 жеке мектептің 2-еуі Жамбыл, 12-сі Қордай, 1-еуі Меркі ауданында, қалғаны 12-сі Тараз қаласында орналасқан. Соның бірі – осы «A-Status» мектеп-гимназиясы.
«Жас ұрпақтың сапалы білім, жан-жақты тәрбие алуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Жыл сайын білім саласын қаржыландыру көлемі артып, мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді», – деді облыс əкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов.

– Облыстың білім мекемелерін қаржыландыруға биыл 233,3 миллиард теңге бөлінді. Аталған құрылыстар мен күрделі жөндеу жұмыстары – мемлекетіміздің тарапынан білім саласына деген тікелей қамқорлықтың арқасында жүргізіліп отыр. Сондықтан білім саласы алдына қойылған басты мақсаттарды жүзеге асыруымыз қажет. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, мектептің жаны, жүрегі – ұстаз. Еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде ұстаздардың орны бөлек. Сондықтан ұстаздардың қиын жұмыстарын бағалай отырып, оларға ерекше рақмет айтамыз. Ал ата-аналарға айтарымыз, сіздердің міндеттеріңіз – балаларыңызға жақсы тәрбие беру, ата-аналық борыштарыңызды орындау. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарыңызға сәттіліктер тілей отырып, барлығыңызды бүгінгі 5 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! – деді облыстың бас ұстазы.

Салтанатты кеште өзге де білім мекемелері мен жоғары жəне арнаулы оқу орындарының өкілдері сөз алып білім ордасының жұмысына сəттілік тіледі. Ата-аналар атынан ыстық ықыласын Салтанат Нұралы жеткізіп, мектеп-гимназия жұмысына сəттілік тіледі. Сондай-ақ мектеп ұстаздары мен олардың қажырлы еңбегіне мектеп оқушысы Арман Алмазұлы барша оқушы атынан алғысын жеткізді. Шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support