- Advertisement -

Мұғалімдердің еңбекақысы біліктілік санатына сай ма?

215

- Advertisement -

Елімізде білім беру саласы реформаланып, мұғалімге қойылатын талап жылдан жылға артуда. Енді ата-аналардың «Оқу оқы, тым болмаса мұғалім боласың» деген сипаттағы кеңестері жайында қалды. Ол ол ма, Ұлттық біліктілік тесті шыққан соң салада тек сауатты мамандар қалатынына көз жете бастағандай. Жас мамандарды былай қойғанда, біліктілік тестінен өтуге кейде егде жастағы ұстаздар да жүрексінетін секілді. Мысалы, жуырда «Алматы қаласы, Алмалы ауылында біліктілік тестін тапсыруға келген мұғалім көз жұмды», деген ақпарат тарағанда педагогтер желіде біліктілік тестін алып тастау туралы ұсыныс-пікірлерін айтып, ұлардай шуласқан.

ҰЛТТЫҚ БІЛІКТІЛІК ТЕСТІНЕН МҰҒАЛІМДЕР НЕГЕ ҚАШАДЫ?

Алмалыда біліктілік тестін тапсыруға барған мұғалімнің өзін жайсыз сезінгені жайлы туыстары айтты. Тіпті марқұмның жақындары сол күні үйде қалуға кеңес берген көрінеді. Бірақ педагог өзінің білім-білігіне сөзсіз сеніп, тест тапсыруға мерзімінен бұрын жазылып қойған соң кейінге қалдыруды жөн көрмеген. Министрліктің берген мәліметіне сүйенсек, оқыстан қаза тапқан мұғалімнің өліміне Ұлттық біліктілік тестінің қатысы жоқ. Мұғалім бірнеше жыл денсаулығына байланысты ауруханада есепте тұрған. Араға апта салып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баспасөз жиынында оқушыларға сапалы білім беретін мұғалімдердің білімі мен білігі маңызды екенін айтып, бірнеше күн қызу талқыға түскен алып-қашпа әңгімеге нүкте қойды.

«Бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Бізге ең қажеттілігі бұл білім беру сапасы. Ең басты мәселе – балалардың жақсы білім алуы. Мұғалімдер мектеп бағдарламасы бойынша тест тапсырады. Бұл тест мұғалімдердің өз пәнін қаншалықты білетінін дәлелдейді», – деді А.Аймағамбетов.

Әрине, өскелең ұрпақтың сауатты, білімді әрі бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы мұғалімнің қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Жас шыбықты қайда исең, солай бой түзейтіні секілді, баланың да болашағына немкетті қарауға болмайды. Жүйелі білімнің бастауында тәжірибелі, білікті мұғалімдер тұрмаса, үздіксіз реформалардан оң нәтиже шығуы екіталай. Бұл дәлелдеуді қажет етпеуі керек. Білім беру саласында талай жыл жемісті еңбек еткен педагог Есенкүл Қохаеваның да пікірі осыған саяды.

– Еңбек жолымда Тараз қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығының» директоры болғанмын. Сонда небір тәжірибелі мұғалімдер үш ай оқып, деңгейлік курстан өтті. Олар курс барысында қиналды. Бірақ өздері мұғалімдік жолды таңдаған соң, әрбір тапсырмаға мұқият ден қойды. Курс барысында үйренгенін мектепте тәжірибе жүзінде шыңдап, біліктілігін арттырды. Өзім де мектепте 20 жылдай мұғалім болдым. Кейін, облыстық білім басқармасында, біліктілік арттыру институтында еңбек еттім. Сонда байқағаным, мұғалімдер жанын қинағысы келмейді. Меніңше, біліктілік тестіне қарсы болып, байбаламға салатын мұғалімдердің дені ізденуден қашады. Күнкөрістің қамын ойлап тұрады. Ал өзінің  мамандығын сүйетін, оқушылардың болашағына жаны ашитын мұғалімдер біліктілікті арттыру тестіне қарсы емес. Мұндай ұстаздар керісінше, тестке баруға талпынып, өзінің деңгейін білуге асығады. Денсаулығы жоқ мұғалімдер тестке бармай-ақ қойсын. Әрине, мұғалімдердің қай-қайсысы да біліктілік тестін тапсырып, дәрежесін арттырғысы келеді. Себебі соның есебінен сала
мамандарының еңбекақысына үстеме ақша қосылады, – дейді сала ардагері.

Есенкүл Қохаеваның айтуынша, еліміздегі барлық білім мекемелерінде мұғалімдерге қойылатын талап бірдей емес. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істейтін мұғалімдердің ішінде «шебер мұғалім» санатын алғандар жоқтың қасы. Ондағы ұстаздар жылдар бойы еңбек етіп, «педагог- модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» және «педагог-шебер» деген санатты белгілі бір зерттеулер жүргізіп барып алады екен. Яғни, Зияткерлік мектепте шебер мұғалім деген атағы бар ұстаздар ілеуде біреу. Білім беру саласының ардагері, Есенкүл ұстаз еңбек жылдарында жалпы білім беретін мекемелерде «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» сынды жоғары санатты мұғалімдердің тым көп екенін білгенде «мұғалімдердің санаты таратылып жатыр ма?», – деп таңғалғанын жасырмады.

ПЕДАГОГИКА САЛАСЫНА «БІЛІМІ ЖЕТКЕН» БАРАДЫ

Қазір әр істің басын бір шалып жүрген көлденең көк аттылар мұғалім бола алмайды. Биыл ақпанда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесін ұсынған еді. Соған сәйкес, қызметіне алғаш кіріскелі тұрған мамандар әуелі өзінің білім
деңгейін дәлелдеу үшін міндетті біліктілік тестін тапсырады. Былтыр педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тестілеуден пилотты түрде өткен-ді. Бірақ биыл жаңа ереже бекітіліп, мұғалімдер жұмысқа орналасу үшін педагогикалық білімін растайтын құжатын көрсетумен шектелмейтін болды. Енді еңбек жолын жаңадан бастайтын сала мамандарына қосымша тестілеуден өтіп, «педагог» біліктілігін алу міндет. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде хабарлаған еді.

– «Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа
орналасу үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасымен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады. Жоғары оқу орнында шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды. Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Бізге сан емес, сапа маңызды. Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек», – деді бас ұстаз жазбасында. Сонымен пилоттық жобаның нәтижесі бойынша тест тапсырған 32 мың студенттің тек 46 пайызы ғана қажетті балл жинаған. Осы ашық статистиканың өзі студенттердің білім деңгейі қандай екенін көрсетіп берген сыңайлы. Енді ЖОО да педагогика бағытындағы білім алатын студенттерге ерекше көңіл бөлінбесе, бұл төмен нәтиже көрсеткен білім ордасының беделіне белгілі бір деңгейде әсер етуі бек мүмкін. Кім біледі, енді тесттің
нәтижесіне қарай оқу орнының көрсеткіші тіпті төмен болса, лицензиясынан қағылуы да мүмкін ғой. Осы ретте біз жаңа ережеге сай міндетті Ұлттық біліктілік тестін тапсырған М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің магистранты Көркемжан Бақытжанқызының пікірін білген едік.

– Ұлттық біліктілік тестін қаладағы «Ustudy» тестілеу орталығында тапсырдық. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының магистранты болғандықтан, мектепке жұмысқа орналасу үшін маған педагог біліктілік санатын алу міндеттелген. Міндетті біліктілік тестін Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша күнтізбелік жыл ішінде бір мәрте ақысыз, екіншісін, ақылы түрде тапсыруға болады екен. Меніңше, бұл жаңашылдық бір жағынан еліміздегі жоғары оқу орындары дипломды әділ беріп жатыр ма, деген сұрақтың жауабын анықтауға ықпал етеді. Біліктілік тесті кәсіби дағдыны меңгерген бітіруші маманға мектепке орналасу үшін қажет. Бір жылға дейін жарамды анықтаманы жұмыс беретін мекеме басшылығы сұрайды. Сонда жинақтаған ұпайың неғұрлым жоғары болса, жұмысқа орналасуың соғұрлым жеңіл болады. Төрт жыл бакалавр, сондай-ақ екі жыл магистрлік білімімнің нәтижесінде маған ұлттық біліктілік тестін тапсыру қиын болмады. Әуелі өзімнің таңдаған бағытым, яғни қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сұрақтарға жауап бердім. Ал екінші пән педагогика, оқыту әдістемесі еді. Бірінші пәннен 70 сұрақ қойылғанымен, оның ішіндегі 10 сұрақтың бірнеше жауабы болған соң, 80 ұпай жинауға болады. Осы пәннен 40 ұпай жинасаң жеткілікті. Ал педагогикадан кем дегенде 15 ұпай еншілеу қажет. Менің ойымша, студенттер мен магистранттардың ұлттық біліктілік тестінен сүрінбей өтуі үшін жоғары оқу орындары аталған екі пән бойынша оқу сағатын арттырып, мектеп оқулықтарының базасымен байланыс орнату керек сыңайлы. Сонымен қатар университеттегі ғылыми педагогиканы мектеп базасындағы жаңартылған білім беру мазмұнына сай орайластырса дейсің. Себебі келешекте жұмысқа барғанда сол білімің ауадай қажет болады, – дейді Көркемжан.

Иә, сала мамандарына қойылатын талап жылдан жылға артуда, есесіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы тағы 25 пайызға өсті. Мұның өзі жасөспірімдердің мәртебелі мамандыққа ынтасын ерте жастан оятып, мұғалім болуды мақсат тұтуына сеп болатыны анық. Білім беру саласында бұдан өзге де жаңашылдық жетіп артылады. Саладағы реформаларды тізіп отырып, педагогика бағытындағы оң өзгерістерді «мұғалімдердің
біліктілігін арттыру арқылы білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы бетбұрыс» деп бағалауға болады. Енді мұғалімдер біліктілік тестін тапсыру арқылы өзінің деңгейіне қарай еңбек етіп, еңбекақысын да соған сай алып отырады. Демек, шебер ұстаздардың мәртебесі бұрынғыдан да биіктей түспек. Біздіңше, ондаған жылдан бері «бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырамыз» деген жаттанды ұран енді шынға айналатын сияқты.

Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support