Азия чемпионатында Әлішер Ерғали күміс жүлде алды

35
Азия чемпионатында Әлішер Ерғали күміс жүлде алдыҚазақстандық Әлішер Ерғали Ұлан-Батырда өтіп жатқан еркін күрестен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Жамбыл облысының өкілі Әлішер Ерғали 125 келіге дейінгі салмақта соңғы бәсекеде ирандық, екі дүркін Азия чемпионы Йодаллах Мохаммадказем Мохебимен күш сынасты.

Тартысты өткен белдесуде ирандық 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір қазақстандық Әділет Дауланбаев 92 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті. Ол қола жүлде үшін белдесуде жапониялық Такума Отсудан ұтылып жатып, жауырынын жер иіскетіп, таза жеңіп кетті.

Қазақстандық еркін күрес шеберлері Азия біріншілігінде 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медальді жеңіп алды.

Енді биыл қазақстандық балуандар Азия ойындары мен әлем чемпионатында бақ сынайды.

Осылайша, Моңғолия астанасында күрес түрлерінен алты күнге созылған Азия біріншілігі мәреге жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрқожа Қайпанов та Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанды.

Сондай-ақ Азамат Дәулетбеков Азия чемпионы атанды.

Comments are closed.