Бауыржан Момышұлына қатысты құпия құжаттар Қазақстанға жеткізілді

57

Қазақстан Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде Мәскеу үшін шайқасқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер туралы мұрағат құжаттарын тапсыру рәсімі өтті.

Атап айтқанда, бұған дейін Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатының құпия құжаттары – кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына қатысты деректер немере інісі Бекет Момынқұлға табысталды. Соның ішінде бірнеше маңызды құжат бар.

Олар:

Б.Момышұлына рәсімделген жалпыодақтық коммунистік партия мүшесінің тіркеу бланкісі, 1942 жыл;

ЖКП мүшесінің партиялық билеті мен есеп карточкасы, 1942 жыл;

КОКП мүшесі Момышұлының тіркеу бланкісі;

Момышұлының есеп карточкасындағы фотосуреті;

«Адам соғысуға үйренеді» атты мақаласы, 1943 жыл;

КСРО Жоғары кеңес президиумының «Б.Момышұлын Қызыл Ту орденімен марапаттау туралы» қаулысы, 1971 жыл;

«Казахстанской правда» газетіндегі «Баурджан Момыш-Улы» (некролог), 1982 жыл.

Осы құжаттарды батырдың туысына Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин тапсырды.

«Құрметті достар, бүгінгі шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толып отыр. Біз одақтаспыз әрі доспыз. Бүгін қазақстандық достарымызға табысталған мұрағат құжаттары осы достықты әрі одақтас қарым-қатынасымызды растап отыр», — деді Бородавкин.

Осы орайда дипломат 1941 жылы құрылған қазақстандық дивизиялардың Мәскеуді жанқиярлық ерлікпен қорғағанын еске алды. Олардың арқасында жауға тойтарыс берілді.

«Соңғы жылдары тарихты бұрмалау көбейіп кеткен. Панфиловшылардың ерлігіне де күдікпен қарайтындар бар. Бірақ бүгін табысталып отырған мұрағат құжаттары осы ақпаратты жоққа шығарып, қазақстандық жауынгерлердің қасық қаны қалғанша шайқасқанын растап отыр. Олардың ерлігі ұмытылмайды», — деп атап өтті Бородавкин.

Оның айтуынша, барлық құжаттың құпия белгісі болған. Ал оны ашық жариялау үшін үлкен жұмыс атқарылды. Бюрокартиялық кедергілер де болды. Алайда барлық мәселе шешіліп, мұрағат құжаттары уақытында жеткізілді.

Comments are closed.