Қазақстандықтар ЭЦҚ-ны телефон камерасы арқылы ала алады

68

23 сәуірден бастап eGov.kz порталында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу үшін Digital ID бейне тексеру компьютердің камерасын қолданбастан қолжетімді болады, — деп хабарлайды Ақ Жол тілшісі «Ұлттық ақпараттық технологиялар»АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан былай кез келген адам ЭЦҚ-ны қашықтан ала алады.

«Ел тұрғындары үшін ЭЦҚ-ны қашықтан алу процесі одан да қолжетімді және ыңғайлы болды. Бейне тексеру сервисі — Digital ID пайдаланушыларға компьютерде камера болмаған жағдайда немесе жарамсыз болған кезде  QR  -кодтың көмегімен ЭЦҚ-ны қашықтықтан алу үшін сәйкестендіру рәсімінен өтуге мүмкіндігін береді. Жаңа жаңартулар жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімді», — делінген хабарламада.

«ҰАТ» басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, бір жыл ішінде қазақстандықтар ЭЦҚ алу қызметін шамамен 4,8 миллион рет пайдаланған.

«Біз азаматтардан көбінесе компьютерде камера жоқ немесе жұмыс істемейді деген пікір аламыз. Бұл өзгерістер ЭЦҚ-ны қашықтан алу процесін жеңілдетеді және ыңғайлы етеді», — деді ол.

Жаңартуларды пайдалану үшін телефон камерасын компьютер экранында көрсетілген QR-кодына бағыттап, бейне тексеруден өту керек. Сәйкестендіру сәтті расталғаннан кейін өз компьютеріңізде ЭЦҚ алудың үйреншікті тәсілін жалғастыру қажет.

Comments are closed.