- Advertisement -

Сапалы оқулық жасаймыз деп балалардың миын ашытып жіберген жоқпыз ба?

76

- Advertisement -

Мектеп бағдарламалары бүгінгі таңда бұрынғы оқу жүйесіне қарағанда күрделене түскен. Бұл мәселе үнемі әлеуметтік желі мен ата-аналардың да арасында наразылық тудырып жатады. Шыны керек, оқушы тұрмақ, ондағы кейбір сұрақты мұғалімнің өз де, ата-ана да түсінбей, бас қатырып жататыны белгілі.

Өкініштісі біздегі оқулықтарды көбіне мектеп мұғалімдері емес, ғалымдар жазады. Содан болар ондағы тапсырмалар мен ережелер сол жастағы баланың ұғымына сай келмей жатады. Қыруар қаржы жұмсалып, оқу бағдарламасына еніп кеткен соң, министрліктегілер де шарасыздың күйін танытады.
Әлеуметтік желіде О.Беркінбаев деген азаматтың жазған жазбасына көзім түсіп кетті. Ол тарихи тақырыпты жөн-жосықсыз мектеп бағдарламасының кез келген сыныбына қосу үрдіс алып бара жатқанын айтып, дабыл қағады. Онымен келіспеске амалың жоқ. Мәселен, 1-сыныптың «Дүниетану» оқулығында «Сақтар деген кім?», – деген сұрақ жүр.

«Жексенбі күні қолым тиіп, 1-сыныпта оқитын қызымның сабағына көңіл бөлдім. «Дүниетану» сабағынан шынымен шошыдым. «Сақтар деген кімдер?» – дейді. Ұмытпасам, сақтар туралы біз 5-сыныпта оқығанбыз. Мына жерде «Сақтар қандай мал өсіреді?» – депті. Қызық. «Сақ тайпалары мекендеген жерді картадан тауып көрсет», – деген тапсырманы сұрадым. Қызым Айша «Карта деген не?» – деп өзіме қарсы сұрақ қойды. Мынау деген 1-сыныптың оқушысын қинау ғой. Мәтін ішіндегі Қара теңіз бен Алтай аралығын оған қалай түсіндіреміз ал?», – дейді ол.

– Ал енді «Тұрмыста қандай көліктерді пайдаланды?» – деп сұраған қызыма – атасы мен апасы, шешесі бәріміз отырып Б.Тұрмашева, С.Салиш, Т.Мирук әзірлеген кітапты алып, әбден оқып шықтық. Бәрін айтпаймын, мәселен 56- бетте «Адамдар саяхатқа не үшін шығады?» – депті. Сен турист болып көрдің бе? Егер туристік сапарға шыққан болсаң, қай жерге барғаныңды сыныптастарыңа айтып бер» – дейді. «Алты жастағы бала турист болып қайда бара алады?», – дейді жазба авторы.

Өткенде жиенімнің қатаң, үнді, ұяң сосын езулік, еріндіктің ережесін жаттап жүргенін құлағым шалып қалған. Бұл ережелерді өзім мұғалім болып жүргенде 5-сыныпта өтетінбіз. Қазір ол бастауыш сыныпта оқытылуда. Тағы бір байқағаным сөйлем мүшелерін талдау да бастауыш буынға түсіп кетіпті. Бұл өте күрделі талдау. Балалар бастауыш пен баяндауышты ажырата алар, анықтауыш, толықтауыш пен пысықтауыш алғашқы екеуіне қарағанда ауырлау. Біз оқулық жазуды ғалымдарға беріп қойып, олардың миын ашытып жүрген жоқпыз ба? Бастауыш сынып оқулығын күрделендіре бергеннен ештеңе ұтпасымыз анық. Оны бұрынғыдай жас ерекшелігіне қарай қайта қарап, мұғалімдерге жаздырған дұрыс болар ма еді?

Кеше ғана әріптесімнің қызы анасына ватсап арқылы бір сұрақтың шешімін таппай жыларман болып хабарласты. Сөйтсем, 4-сынып оқулығында не жазылған дейсіз ғой? Тапсырма мәтін былай басталады: «Жүз жыл ішінде елімізде білім саласы қарыштап дамыды. Осының бәрі кезінде ересектерге жазу мен оқуды үйреткен «қызыл отаулардан» басталған. Ал бүгін олар гимназия, лицей сияқты мектептерге айналды. Сеніңше, бұл өзгерістер қандай нәтиже береді?» депті.

Айналайындар-ау, осы оқулықты жазғанда ғалымдарымыз 4-сынып баласының ой-өрісі деңгейінде, әлде 11-сынып баласының деңгейінде ойланды ма екен? Білетінім, бұл тақырыптар 11-сынып пәнінде қамтылатын. Онымен оқушылар жазушылардың шығармалары арқылы танысатын. Қазіргі балалар кітап оқымайды деп айқайлағанда алдымызға жан салмаймыз, осындай тапсырмалардан кейін балалар қалай кітап оқиды?

Тарих тақырыбын жалпы кез келген пәнге тықпалау үрдіс алған сияқты. Мүмкін оқулық жазған кісі бастауыш та, қазақ тілі пәнінің мұғалімі де емес, аты дардай тарихшы болуы да ғажап емес.
Тарих пәні демекші, оның да күрмеуі шешілмеген мәселелері шаш етектен. Жуырда Петропавл қаласында республикалық тарих пәні мұғалімдерінің съезі өтті. Съезге 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен бірқатар жоғары оқу орнының басшылары қатысты.

Съезге қатысушылар үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, сонымен бірге оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, жоғары оқу орындарында тарих пәні мұғалімдерін даярлау және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелерін жан-жақты және ашық талқылады.
Тарихшылар тарапынан көп ұсыныстар айтылды. Атап айтсақ, соның бірі 5-сыныпта Қазақстан тарихынан бұрын мектеп бағдарламасында болған және осы жастағы оқушылардың түсінігіне қолжетімді тақырыптарды қайтару сөз болды. Екінші, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңартуды сұрады. Қазір Қазақстан тарихының негізгі курсы 9-сыныпта аяқталса, 10-11-сыныпта негізінен проблемалық сұрақтар оқытылуда. Осыған байланысты мұғалімдер мен ғалымдар 6-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихты толыққанды зерттеуді ұсынды. Үшінші, материалды сынып бойынша бөлуді айтты. Мысалы, 6-сыныпты алып қарайық. 2016 жылдан бері бір ғана 6-сыныптың бағдарламасы 12 ғасырға жуық уақытты қамтыған.

Бұл арада атап өтетін жағдай, VI ғасырдан XVIII ғасырдың басына дейін өте маңызды тарихи кезеңдер болды. Ұлы дала тарихының бұл маңызды кезеңі түркі мемлекеттерінің, Алтын Орда мемлекетінің және Қазақ хандығының дәуірін қамтиды. Ал енді осы тақырыптарды бір сынып емес, материалды толыққанды меңгеруді қамтамасыз ету үшін оқу бағдарламасын екі сынып бойынша бөлу ұсынылды.
Айтылған ұсыныс болғанымен, оның шешімі әзір орындала қоймайтын сияқты. Министрлік өкілдерінің жауабы өйтеміз-бүйтемізден аса алмаған. Бір ғана тарих емес, жалпы оқулықтарда сыныптар бойынша баланың деңгейіне келмейтін сұрақтар мен тапсырмалар жетерлік. Білім саласына реформа жасаймыз деп, бір кезде «Әліппеден» де айырылып қала жаздағанымыз жоқ па? Алда соның кебін қайта киіп жүрмесек жарар еді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support