Мирныйда бір жоба қолға алынбақ

22

Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан кейін жаппай индустрияландыруға бағыт алды. Негізгі даму бағыты өңдеу өнеркәсібі болды, кейін ол елімізде өнеркәсіптің өсуінің негізгі драйверіне айналды. Бұл жылдары мыңдаған жаңа заманауи жоғары технологиялық өндірістер құрылды, олар жаңа өнімдердің жүздеген түрлерінің шығарылуын қамтамасыз етіп, мыңдаған жұмыс орындарының құрылуына ықпалын тигізді. Сондықтан да мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолында өнеркәсіп субъектілерінің алар орны ерекше.

Бұл ретте, Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әлеуеті жоғары.
Ағымдағы жылы «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде іске қосылуы тиіс жобалар жоспарланды. Атап айтқанда, «Табиғи тастан қаптау плитасын өндіру зауытын салу» жобасы Мойынқұм ауданының Мирный елді мекенінде іске қосылмақ. Жобаны ұсынушы – «Turan Industry» ЖШС. Жоба құны 500 миллион теңгені құрайды. Яғни, бұл – ауданға 500 миллион теңге инвестиция тартылғандығын білдіреді. Жоба қуаттылығы – жылына 130 мың шаршы метр қаптау плитасын өндіруді жоспарлауда.

Өндірілетін өнім толықтай ішкі нарықта өткізіліп, сол арқылы ішкі нарықта бәсекелестікті арттырады. Кәсіпорын іске қосылған уақытта 30 жаңа жұмыс орны ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.

Қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, қажетті құрал-жабдықтар алу мақсатында екінші деңгейлі банктен 150 миллион теңгеге несие рәсімделді.

Сонымен қатар инфрақұрылым тарту мақсатында мемлекеттік көмек алу үшін тиісті құжаттар жинақталып, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына өткізілді. Нәтижесінде, 73 миллион теңгеге мемлекеттік көмек көрсетілетіні анықталды. Осыған байланысты, «Turan Industry» ЖШС-на инфрақұрылым тартуға қаралған жер аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне берілді. Инфрақұрылым тарту бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін аталған жер сенімгерлік басқаруға «Turan Industry» ЖШС-на беріледі.

Ал «Құрамында алтыны бар кенді өндіру және байыту» жобасы ауданымыздың Мыңарал елді мекенінде жүзеге асырылады. Бұл жобаның ұсынушысы – «Satellite GS» ЖШС. Жоба құны 500 миллион теңгені құрайды. Жоба қуаттылығы – жылына 30 мың тонна құрамында алтыны бар руда және 240 тонна құрамында алтыны бар руданың концентраты. Бұл кәсіпорын өндіретін өнім толықтай ішкі нарықта өткізіледі. Сондай-ақ 23 тұрақты жұмыс орнын ашу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта аталған кәсіпорын карьер қазу жұмыстарына лицензия алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.

Қуандық ТӨЛЕУБЕКОВ,
аудан әкімдігінің
кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.
Мойынқұм ауданы

Comments are closed.