- Advertisement -

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

167

- Advertisement -

(1945 жыл) 1 қаңтар. 1 (1619).

Бұрынғысынша кіші форматта, төрт бет болып шығып отырған газеттің таралымы өсіп 3500 данаға жетті. Жауапты редакторы бұрынғыша Ғайса Сармурзин еді. Жаңа жылдық санында халық ақыны Жақсыбай Жантөбетовтың арнау өлеңі, майдандағылар мен тылдағыларға арналған «Ел барда ер қор болмас, Ер барда ел қор болмас» және «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» арнаулы беттері берілді. Кейінгі сандарында газет Жоғарғы Бас Қолбасшы И.Сталиннің жеңіспен алға басқан әскери құрамаларға арналған бұйрықтарын бере бастады.

1 мамыр. 85 (1703).

Кеңес әскерлерінің Берлиннің үстіне Жеңіс туын тіккені арнаулы беттегі жарияланымдардың арқауы болды. 9 мамыр. 90 (1708). Газет әдеттегі санына қоса бұл күні 10000 дана парақша етіп түрлі түсті дербес қосымшасын да шығарды. «Бүгін – халық салтанаты – Ұлы Жеңіс мейрамы» деген үлкен тақырыптың астына «Германия соғыста жеңіліп, бүгін тізе бүкті»
деген сөздер жазылған. 9 мамырды Жеңіс мейрамы күні етіп жариялау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы мен Германия қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгуі туралы Актінің мәтіндері қоса жарияланған. Келесі сандарынан бастап газет Ұлы Жеңіс құрметіне өткен жиналыстарды кеңінен жазып отырды.

(1946 жыл) 5 ақпан. 27 (1898).

Дербес шығарылған немесе қазірше айтқанда арнаулы қосымша. Онда 10 ақпанда өтетін сайлауға байланысты БК(б)П Орталық Комитетінің барлық сайлаушыларға Үндеуі жарияланды. Келесі сандарында осы Үндеуге үн қосулар беріле бастады.

5 мамыр. 95 (1976).

Баспасөз мерекесі күніне орай газет бас мақаласы «Большевиктік партияның ең өткір қаруы» аталады. Әшірбай Есмұрзаевтың «Тілшілердің ардақты міндеті» деген мақаласында айтылғандай «Сталин жолына» хат-хабар жазып, ат салысып келе жатқандардың саны 170-тен асқан. Редакция тарапынан оларды ынталандыру мақсатында қаламақы көлемі ұлғайтылғаны жайлы да хабарланады.

26 мамыр. 109 (1990).

Жамбыл Жабаевтың туғанына 100 жыл толуын атап өту шаралары аясында Жамбыл облысы мен Қызылорда облыстарының суырып салма ақындары айтысқа шығатыны жазылды. Қызылордалықтар Жамбыл облысына келіп аудандарды аралап, істің жайымен танысқан. Газет осы санында екі облыстың сол кез жақсы танымал ақындары Қуаныш Баймағамбетов, Сара Аманбаева, Жақсыбай Жантөбетовтердің өлеңдерінен топтаманы оқырмандарына ұсынды. Асқар Тоқмағамбетовтің «Жол үстінде» деген мақаласын қоса жариялады. Аты айтып тұрғандай, бұл мақаласында Асқар Тоқмағамбетов облысты аралаудан алған әсерлерін жазған. Байқаған кемшіліктерін өткір әжуә мысқылмен жеткізген тұстары көп.

(1947 жыл) 3 қаңтар. 2 (2055).

Жаңа жылдан бастап үлкен форматпен екі бет болып шыға бастаған газет Одақ, республика, облыс жаңалықтарын бере бастады. Бұл санында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауын өткізуге арналған жарияланымдар топтамасын ұсынды.

21 қаңтар. 15 (2068).

Сол замандағы саяси бағытты ұстанған газет «Ленин туы астында, Сталиннің басшылығымен» деген
үлкен тақырыпты бірінші бетіне берді. Екінші беті тұтасымен осы тақырыпқа арналды. Ол – «Сталин – бүгінгі Ленин» деген тақырыппен берілді.

9 ақпан. 29 (2082).

«Біздің Жамбыл облысында» деген тақырыппен шыққан екінші бетіндегі мақалаларда сайлау қарсаңында ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі, әлеуметтік саладағы табыстар баяндалады.

8 сәуір. 71 (2124).

Шу ауданындағы С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылығы артелі мүшелерінің ауыл-селоларды көрікті,
мәдениетті етуге шақырған Үндеуін облыстық партия комитеті мақұлдады. Газет саны тұтасымен осы оқиғаға арналды. Облыстық партия комитетінің насихат жөніндегі хатшысы М.Аталықовтың «Киров атындағы колхоз бастамасы – бүкіл халықтық іс» мақаласын және Сраил Керімбаевтың «Меркідегілер мәдениет жұмысын елемейді» деген өткір сын мақаласын да жариялады.

9 мамыр. 92 (2145).

Бірінші бетіне «Бүгін бүкілхалықтық салтанат күні – Жеңіс мерекесі» деген жалпы тақырыппен берілген мақалалар топтамасында облыс еңбеккерлерінің еңбек тартулары жайлы баяндалады. Ішкі беттер де осы тақырыпқа арналып, майдангерлердің ұрыс далаларындағы ерліктері суреттелген. Газетте өндірте жазып жүрген Сраил Керімбаевтың Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданының «Қазақ» колхозынан майданға аттанып Сталинградтан Берлинге дейін жорық жолынан өткен Молдалы Дүйсембаев туралы суреттемесі әсерлі оқылады.

16 мамыр. 96 (2149).

Өндірісте жоғары табыстарға жеткені үшін облыстың озат еңбеккерлері жоғары үкімет наградаларына ие болды. Газет оларды елге таныстыра бастады. Бұл санында Жамбыл ауданындағы «Красная звезда» колхозының төрағасы «Құрмет белгісі» орденді Мұхамедқали Нұрбаевтың портретін бірінші бетіне берді. Келесі сандарында басқа да наградталғандарды таныстырып отырды.

9 тамыз. 158 (2211).

Мойынты-Шу жолының құрылысы газеттің бұл санының негізгі тақырыбы болды. Әр ауданның
өзіне бекітілген құрылыс телімінде жұмысты қалай жүргізіп жатқандықтары суреттелді, кемшіліктер сыналды.

7 қыркүйек. 179 (2232).

Москваның 800 жылдық мерекесіне арналған арнаулы санында газет «Социалистік Отанымыздың жүрегі – Сталиндік Москва жасасын!» деген жалпы тақырыппен мақалалар, өлеңдер топтамасын берді. Пушкиннің, Лермонтовтың, Жамбылдың осы қалаға арнаған жырларын, сондай-ақ Жақан Сыздықов пен Омарбай Малқаровтың арнау өлеңдерін көрнекті етіп басты.

7 қазан. 200 (2253).

Темірбек Қожакеевтің «Салақтықтың салдары» атты сын мақаласында Меркі ауданы «Ойтал» колхозында қант қызылшасын қазып, жинау жұмысының өнбей жатқаны сынға алынады. Кейін қазақстандық журналистердің талай буынының қадірлі ұстазы болған Темкеңнің жазғандары газеттің келесі сандарында да жарияланып тұрды.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support