- Advertisement -

АРАЛАС НЕКЕ АЗ ХАЛЫҚТЫ ЖҰТУДЫҢ ЖАҚСЫ ЖОЛЫ

40

- Advertisement -

Өткен Жаңа жыл кешінде көңіліме жақын, сыйласып, құрметтеп жүрген кісілерге телефон шалып, келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, жақсы игілікті тілектер айтатын әдетіммен сыйлы әріптесіме қоңырау шалдым. Аман-саулық сұрасқан сәтте әлгі ағаның көңіл-күйінің тым төмен екенін байқап:

– Аға, көңіліңіз тым пәс қой, оған не себеп? – деп сұрақ қойдым.

– Иә, оның рас. Жаңа біразда ғана көрші қаладан келдім. Жеңгең екеуміз ұлымның жаңа құдаларымен танысып, құдалығын атқарысып келдік…

– Оның несі бар? Қайта қуанбайсыз ба? Жастар мына өмірде өз теңін тауып, шаңырақ көтеріп жатқаны жақсы емес пе?

– Әй, тәйірі, несін жұмбақтай берейін. Екі немере қызым да шетелдік азаматтарға күйеуге шығып, өзге елдің келіні болып, сол елге қоныс аударып кеткендері көңілге қаяу түсіріп, жүрекке салмақ салады. Бірінші немере қызым әкесі мен шешесінің ақылымен Еуропа мемлекетінің бірінде жоғары білім алып, испандық азаматқа тұрмысқа шығып, Барселонға кеткеніне көп жылдар болды. Ал екінші немере қызым да «Мен де әпкем сияқты шетелде оқимын, біздің елдің жоғары білім беретін оқу сапасын көріп отырсыздар ғой. Өзімнің қалауым сол, тек шетелде оқимын» деп қасарысып отырып алғаннан соң «Жарайды, қай жаққа барғың келеді?» деп өз таңдауын білгіміз келді.

– Болашақ шығыс елдерінде деп соңғы кезде көпшілік құлағымызға құйып жүр емес пе. Мектепті «Алтын белгімен» озат бітірдім. Оңтүстік Корея астанасы Сеулге барып, сол қаланың айтулы университетіне құжатымды тапсырып, бақытымды сынамақ ойым бар, – деп қызымыз мақсат-арманын бізге жайып салды.

Әрине, біз қарсылық етпедік. Жолы болып Сеул университетіне оқуға түсіп, біздің мерейімізді өсірді. Алғыр, білімді, өжет қызымыз биыл соңғы курсында оқып жүрген болатын. Оның бұл жетістіктеріне ішімізден қуанып жүрдік. Болашағынан зор үміт күтіп жүрген сол қызымыз бір күні телефон шалып:
«Айып етпеңіздер, мен өмірлік серігімді, махаббатымды осы Кореядан таптым. Болашақ күйеу балаларыңыздың білімі жоғары, текті отбасынан шыққан корей азаматы. Желтоқсан айында құдаларыңыз сіздерге арнайы барып, танысып, қазақ дәстүрімен маған сырға саламыз деп отыр. Соған дайындалыңыздар, жөнді, қабақ шытпай қарсы алуларыңызды өтінемін, әйтеуір ұят болып жүрмесін».
Жаңа жылға оншақты күн қалғанда кореялық құдалар мен жаңа күйеу баламыз қонаққа келді. Өз қолыңды өзің кеспейсің. Ішіміз тынып жүріп, барлығына көндік. Тағдырдың жазғанынан қайда қашасың? Көзіміз күліп, жүрегіміз жылап тұрса да құдалыққа келгендерді барымызша күтіп, сый-сияпат жасап, абыроймен шығарып салдық.

Бірақ шынымды айтайын, санамыз сан жаққа жүгіріп, бармағымызды тістеп, көңілде зіл салмақ қалды. Содан кейін «Қыз баланы шетелде оқыту үлкен қателік екен. Ол басқа елдің шашбауын көтеріп, сол елдің ұрпағын өсіруге, көбейтуге үлесін қосып кетеді екен. Өскен жеріне, өскен еліне қыз бала қонақ екен. Әттең-ай, қыз өсіріп, тәрбиелеп, оған білім берген еңбегіміз сөйтіп бос, далаға кетті» деген ойға келдік. Өкінгенмен не пайда, қателік өзімізден болды. Жоғары білімді өз елімізде алып, бүгіндері жауапты қызметте жүрген қыздарымыз аз ба? Ендеше, қыз баланы шетелге оқыту дұрыс па? Олардың қаншасы ертең өз еліне оралады? Қаншасы өзге елдің азаматтарына тұрмысқа шығып, басқа елдің «диірменін» тартып, «шамын жағады?» Бұл – қыз өсіріп, оны шетелде оқытып жүрген әрбір азаматтың ойында жүрген ауыр сұрақ…» – деп аяқтады өз пікірін әріптесім. Өкініштен өзегі өртеніп, күйініп тұрғаны даусынан білінеді.

Тағы бірде қазақтың бойжеткен бір қызы африкалық шойындай қара жігітке тұрмысқа шығып, қыз алуға келген қара нәсіл құдалар тобының асты-үстіне түсіп, мәз-мейрам болып жылы қарсы алып жатқан қандастарымыздың іс-әрекеттерін әлеуметтік желі әлемге жар етті. Дәл осындай оқиғалар соңғы кезде жиі ұшыраса бастағанын байқап жүрміз. Бірте-бірте бұл үрдіс ары қарай жалғаса бере ме деген күдік, тіпті үрей жоқ емес. Базбіреулер «Ой, оның несі бар? Қазір заман өзгерді. Жастар қай елде тұрғысы келеді, өздерінің таңдауы білсін, еркіндік бергеніміз жөн, оларға кедергі жасамауымыз керек. Қашанғы бөгде елге жібермей, қыздарымызды ұстап-матап отыра береміз», – дейтінін білеміз. Бірақ оның соңы неге апаратынына мән бермейтініміз қалай?

Мына ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен алмағайып заманда санасында саңлауы бар адамды ойландыратын, мазалайтын ой көп қой. Менің пайымдауымша, қазіргі біздің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аралас неке, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақпен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде келе жатып ұлты бөлек жат біреудің құшағында кетіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға салғандай жас шыбықтай солқылдаған талдырмаш сылқым ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей жиі соғып, ішкі дүниең әлем-жәлем күйге еніп, санаңа ауыр ой ине қадалғандай ауыр сезімге бөлейтіні бар. Иә, бұл мына сайқымазақ қазіргі өмірде кездесіп жатқан құбылыс. Статистикаға жүгінсек ол үрдіс жылдан жылға өршіп бара жатқан секілді.

Осы бір ушығып тұрған проблеманың себебіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дүниеге, «әдімі мамыражай өмірге» деген жастардың қызығушылығы оларды рухани қазынадан алыстатып барады. Баюды, «жеңіл, уайымсыз бақытты өмірді» мақсат еткен жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың «жылтырағына» қызығып тұратындары жиі байқалады. Шетелде білім алып жүрген қыздарымыздың басым көпшілігі әртүрлі себептермен қайтып елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақытын» табады. Тағы бір қазіргі өмірдің сорақысы, аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, ұялы телефондардың, танысу агенттіктерінің ықпалы да бар екеніне күмән келтіруге болмайды.

Көптеген қазақ қыздары түрік, араб, әзірбайжан, дүнген, татармен отау құруға қарсылық танытпайды. Алайда зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына қауіп төндіреді. Себебі демографиялық көрсеткішіне жүгінсек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер 80 миллион, әзірбайжандар 25 миллион, өзбектер 32 миллионды құрайды. Олар біздің текті, қаны бұзылмаған халықтың қызын алғылары келеді. Мәліметтерге сенсек, Алматыда, Ақтөбеде, Қызылордада және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес. Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатыр екен. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанымен ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі.

Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «менің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «күйеу балам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Ойласаңыз, бұл күндері қаншама қаракөз қыздарымыз шетелдік азаматтың отын жағып, күлін шығарып, тілі мен салт-дәстүрін, тіпті, өз ұлтын жоғалтып, үйіне қайта алмай, жүргендерін кім біледі? «Онда тұрған не бар екен, қазақта «қыз жат-жұрттық» деген сөз бар емес пе? Әйтеуір бақытты болса болды емес пе?» деп далаға лағып, оны мақтанышқа санап көкитіндер бар. Әлгі жандардың аралас некені құптауы, қолдауы деген – қасіретке алып баратын жол екенін терең ұқпайтыны қынжылтады. Оның ұлттық қасіретке айналғанын ойламайды да.

Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғалғанда базбіреулер «әркімнің өз таңдауы, өз хақысы бар» деп оларды қызғыштай қорғайтыны бар. Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына еркін құқық берілгені жасырын емес. Бірақ, осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пайдаланып жүргені де айдан анық. Егер бізде талап, ұлттық намыс пен заң күшті болғанда олай болмас еді ғой деп күйінетінің бар. Аралас некенің біздің халық үшін қаупі жайында, келе-келе еліміздің, ұлтымыздың болашағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты…

Жа, жарайды. Енді бақыттарын іздеп шетел асып жатқан қыздарымыздың хал-ахуалына көз жүгіртейік. Мына Kaz.tengrinews.kz сайтынан алынған бірнеше фактыға сіздердің көңілдеріңізді аударайық.
Арабтарға тұрмысқа шыққан қазақстандық үш қыз бастан өткерген оқиғаларын NewTimes.kz басылымының тілшілеріне айтып беріпті.

Олардың бірі – Талдықорғанның 29 жастағы тұрғыны Дарина. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мың теңгеден жоғары жалақы үшін барыпты. Сол жақта ол орта жастағы бақуатты арабпен танысады. Сөйтіп, ер адам бір ай өткенде оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс айтқан. Осылайша тіршіліктің қамын ұмытып, қоластында қызметшісі бар зәулім үйде күйеуінен әшекей бұйымдар мен ыстық махаббаттың рақатын көру туралы мүмкіндік пайда болады. Ал оған ең бастысы ұл бала босанып беру екен.

«Менің күйеуім бақуатты адам, сағаттап жалақы алады. Үшінші әйелге бар мүмкіндігі жетеді, алайда қазір ол бізге тіпті интернеттің төлемін де бермейді. Некелескенімізге бірнеше жыл болды, үш баламыз бар, ең жаманы, ешқайсысы әкесіне ұқсамаған, барлығы ашық реңді. Қыздарымды тіпті адам екен демейді, жақтырмайды. Балаларым болса мектепке де бармайды, оқуына әкесі бола тұра ақша бергісі де жоқ. Ақшасы жоқ емес, тұрмысымызды әп-сәтте көтеріп тастайтын жағдайы бар, мектеп пен интернеттің ақысын төлеуге, көшеде еркін серуендеуіме жағдай жасай алады. Бірақ қаламайды», – дейді Дарина.

Ал Шымкенттің 27 жастағы тумасы, алайда қазір Дубайда тұратын Маржан оқиғасын былай баяндайды: «Әмірліктерде шетелдіктер тек екінші әйел бола алады, олар шариғат заңы бойынша араб қыздарының бірінші әйел болуын құп көреді. Күйеуім бай адам, бірінші әйелі бар. Дубайдағы өмірімді бұлай елестетпеппін. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бала босанып бергеннен кейін өзгеріп шыға келді. Күйеуімнің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмаймын. Өз еркім жоқ, ол қалаған киімді киемін. Ол талап еткен асты ғана ішемін. Үй жануары секілдімін. Арабтардың әйелдерінде ешқандай да құқық жоқ. Жұмыс істеуге тыйым салды. Бар шаруам – үйде отыру, ешқайда шықпай, күту ғана. Жұмысында бір мәселелер шығып қалса да, басқа қиындықтары туса да, мен кінәлі болып шыға келемін. Соңғы кездерден бері қол көтере бастаса камераға түсіріп алуға әдеттендім. Полиция шақырғаннан кейін ғана сабасына түседі. Бірақ балаларымды жақсы көреді. Көңілге медет болатыны осы ғана, осы үшін ғана өмір сүремін».

Оның айтуынша, Әмірліктерге Қазақстаннан барған қыздар өте көп. Әйелдер өзара байланысып, бір-біріне қолдау білдіріп жүреді екен. Тәжірибе алмасып, кеңестер айтады.

Басылымға сұхбат берген үшінші қыз – Қостанайдың 31 жастағы тумасы – ажырасып кетсе де, Дубайда қалып қойыпты. «Ұрып-соғып, үркіткеннен кейін осыған бел будым. Осылай тағы жалғасқанда қызым екеуміз аман қалмас едік. Бақытымызға орай, зорлық-зомбылық көргенімді дәлелдей алдым, сөйтіп қана ажырастық. Балам ұл болғандықтан, оған оңайырақ, себебі бұл елде 70 пайыз ерлер, қалған 30 пайызы ғана әйелдер. Балаларыма мемлекет баспанасын төлейді, тамаққа чек береді, мектебін де төлейді, медициналық қызметін де төлеп береді. Мен Қазақстан азаматшасы болғандығымнан, ем алу тегін емес, тек жеңілдік алып тұрамын, себебі арабтың балаларын тәрбиелеп отырмын», – дейді аты-жөнін атағысы келмеген қыз.

Басылымның мәліметінше, бұл оқиғалардан асып түсетін жағдайлар бар. Әйелдер мүгедек болып қалатын немесе өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін жағдайлардың болғанын айтады, себебі, араб елдерінде ер адамдарға сот жоқ екен.

«Алайда қыздар күйеуге шығу туралы райларынан қайта ма деген сұраққа біркелкі жауап қатпайды. Соған қарағанда, балалары үшін және бақуатты өмір үшін қазақстандықтар осындай қатыгездіктерге төзуге де дайын. «БАӘ билігі араб балаларының аналарын аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз қалдырмайды», – дейді қыздар. Мұндай өмір үшін олар бостандықтарын да қиюға дайын», – деп жазады мақала авторы. Ғаламтордан осы тәріздес мақалаларды аз кездестірмейсіз. Тағдырдың баянсыз, жұмбақ торына түсіп, шетелде өмірлерін өксумен өткізіп жүрген жандар қаншама? Шетелдікке тұрмысқа шығып, шекесі қызып жүргендері шамалы.

Аралас некеде тұратын ерлі-зайыптыларды кездестіргенде әлгі бір оқиға менің есіме жиі түседі. «Оның несі бар? Екеуі мына жарық дүниеге өлшеп берілген жалған өмірде бірін бірі бақытты етсе болды емес пе?» дейтіндер ортамызда табылар, тіпті, оларды қызу қолдайтындар да баршылық болар. Бұл – ойланбай айтылған пікір. Оны растау үшін ой жүгіртіп, таразы басына салып көрелік…

Кезінде жалындаған жастық шақтың буына елітіп, «күйдім», «сүйдім» деп басқа ұлттың баласымен тағдырын қосып, кейінірек, уақыт өте келе, барлығын түсініп, қателікпен өз қолымен жасаған ісіне өкінген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып: «Балаларыма обал болды: не қазақ емес, не орыс емес… Әйтеуір бір дүбәра болып өсіп келеді.Тағдырлары оларға қандай сый-сияпат даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біледі. Болашақтары тым белгісіз, қою көк тұмандай бұлыңғыр…Сол менің қабырғама қатты батады. Енді оған не амал бар?! Барлығын кештеу, тым кеш түсіндім ғой. Әттең, уақытты кері айналдыра алмаймыз. Әйтпесе, барлығы басқаша болуы керек еді…» деп тығырықтан, қапастан шығу жолдарын іздеп, шын қапаланады. Олардың өкініштерін жүрегіңмен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың.

Американдық ғалым-философ, нейробиолог Сэм Харрис: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Қазақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес. Дәл қазіргі таңда көршілес Ресейдің өзі бұл мәселені көтеріп дабыл қағуда. Себебі Ресейде таза орыс халқының саны азайып барады. Ол елдің әрбір төртінші сылқымы жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар көрінеді. Енді бір 150 жылдан соң таза орыс қандылар тек деревняларда ғана қалады. Ұлттың генофоны қатты өзгеріске ұшырайды деп шырылдауда.

Біздің де жағдайымыз мәз болып тұрғаны шамалы. Қазақтың қаракөз бойжеткендері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, өмірге қазақылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шалқып-тасып өмір сүруді көздейді. Әттең, ол қиял-арман әрқашан орындала бермейді-ау. Ертең бармағын тістеп, өмірге түңіліп жүретіндері аз емес.
Қазақтың қара домалақ білімді, парасатты ұлдары тұрғанда өзгеге өзеуреген аруларымызды түсіну қиын.

Осындайда: «Ұлтыңды сүйсең, еліңді, жеріңді сүйсең, қазақтың санын көбейтуге, қазақтың болашақ батырын, көшбасшысын, ақылды ғалымын, өнерлі азаматын тәрбиелеуге өміріңді арнаңдаршы, қазақтың қаракөз арулары!» – деп айқай салғың келеді. Өмірде қателесу – өз тағдырыңмен ойнау.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні: Қыздар, тек қазаққа келін, қазаққа жар болыңдаршы…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support