- Advertisement -

ДИМЕКЕҢНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ ЖЫЛ БОЙЫ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

291

- Advertisement -

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев туралы кітап шықты, қаншама дүние жазылды. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің ширек ғасырдан аса бірінші хатшысы болып, қазақ елінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тау тұлғаға Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін СОКП орталық комитетінің ықпалымен қуғын-сүргін басталып, халқынан оқшауланып, үйіне күзет қойылды. Кейіннен әділдік салтанат құрып, Дінмұхамед Ахметұлына ел-жұртымен қауышуға шектеу алынғанда алғашқылардың бірі болып, Талас ауданының жұрты жүздеседі.

Жаңа ғасырдың басында, нақтырақ айтқанда 2002 жылы мемлекет және қоғам қайраткерінің 90 жылдығына орай Ақкөл ауданының орталығындағы Лениннің тас мүсіні тұрған тұғырға еңселі ескерткіші орнатылады. 2012 жылы жетпіс жылға жуық аудан орталығы болған сол ауылда 100 жылдығы дүркіреп өткені де есте. Енді Тараз қаласының төрінен Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіші ашылмақ. Таластықтардың қазақтың кемеңгер перзентімен жүздесуінен бастап, ұлы тұлғаны ұлықтау қалай жүзеге асқаны туралы Тараз қалалық мәслихатының хатшысы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Батырбек Құлекеевпен әңгімелескен едік.

— Батырбек Әбірәсілұлы, осыдан он шақты жыл бұрын Талас ауданын басқарып жүрген кезіңізде «Ақ жолдың» Сарысу және Талас аудандарының тілшісі ретінде өзіңізбен өткен шақ туралы әңгімелесіп, пікірлесе қалғанда бірінші Дінмұхамед Қонаевты аузыңызға алатынсыз. Ол кісінің ел-жұртына деген ерекше ықыласын еске алып, халқының да Димекеңе деген құрметін әсерлеп әңгімелейтін едіңіз. Д.Қонаев қызметтен кеткен кезде сіз партия немесе комсомол қызметінде емес едіңіз. Ұмытпасам облыс орталығындағы толып жатқан өндіріс орындарының бірінде цех бастығы болдыңыз-ау?

— Мен ұстаздар отбасында тәрбиелендім. Әкем жарықтық ұзақ жыл Сарысу және Талас аудандарында мектеп директоры болғанын білесіз. Ол кезде ауылдағы, тіпті аудандағы ұстаздар қауымы интеллигенцияның қайнар көзі еді ғой. Коммунистік партияны «жерден алып, жерге салғанымен» кеңес заманында тәрбие күшті болды, тәртіп мықты еді. Ауылдың үлкендері бірінші елдің амандығын, екінші Қонаевтың тілеуін тілеп отыратынын бала жасымнан санама құйып өстім. Жарықтық өзі де бір иманжүзді, парасатты жан еді ғой. СОКП орталық комитеті саяси бюросының мүшесі болғандықтан Мәскеуде, Кремльде өтіп жататын саяси бюроның отырыстарын да, съезд, пленумдар да, басқа да одақтың үлкен жиын-салтанаттарында төрде төбедей болып, маңдайы жарқырап отырғанын көргенде көңілімді мақтаныш кернейтін. Үлкен кісіге деген құрмет сол бала кезімнен қалыптасты.

Америкада Джоржд Вашингтон, Қытайда Мао Цзэдун, Сингапурда Ли Куан Ю, тағы басқа қай мемлекеттің болмасын ұлы тұлғасы бар. Олар осындай әлем таныған мықтылармен мақтанады. Ал бізде кеңес дәуірінде есімі тарих беттеріне алтын әріптермен жазылған Дінмұхамед Қонаев. Бұл кісі қазақтың мақтанышы. Осындай жүрегі елім деп соққан Қазақстаннан 43 қала тұрғызуға ерекше еңбегі сіңген аса ірі мемлекет қайраткерін Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бар-жоғы 18 минутқа созылған пленумында орнынан алып тастап, Қазақстанға бұрын соңды табаны тиіп көрмеген, жергілікті ұлттың тілі мен дінінен, салт-дәстүрінен мүлдем хабарсыз Ресейдің Ульяновск обкомының бірінші хатшысы Геннадий Колбин дегенді әкеліп, тағайындауы Алматыдағы студент-жастарды дүр сілкінтіп, орталық алаңға шығарды.

Республикалық радиодан түскі жаңалықтардан берген суыт хабар желтоқсанның қақаған ызғарынан да суық болғанын еске түсіріңіз. Пленум өткен күннің ертеңіне 17 желтоқсан күні Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері үш пар лекциядан кейін ол кезде Брежнев аталатын алаңға шерулетіп бардық. Алматыдағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен қатар, жұмысшы-жастар кеш қарая алаңға лық толды. Горбачевтің жариялылық пен демократиясына сеніп, Дінмұхамед Қонаевтың қызметінен кетуінен басталған наразылықтың соңы немен аяқталғаны белгілі. Облыс орталықтарында да партия шешіміне қарсы наразылықтар болғанын естіп жаттық. Сол бір ел басына күн туған сын сағатта қандай күйге түстіңіз?

— Мен ол кезде облыс орталығындағы «Жамбыл тас ұнтақтау» зауытында цех бастығы едім. Қонаевтың орнынан алынғаны туралы хабар басқа өңірлердегідей Жамбыл жастарын да аяғына тік тұрғызды. Цехта еңбек ететін жұмысшы-жастарды бастап шыққаным үшін Орталық аудандық партия комитетіне қайта-қайта шақырылуымен болдым. Әйтеуір Құдай қақты ма, партбилет қалтамда, жұмыс орнымда, аман-есен қалдық қой. Өзіңіз айтқандай Алматының жұмысшы-студент жастарын дүр сілкіндірген – бірінші Дінмұхамед Ахметұлына деген жастардың асқан құрметі болса, екінші Горбачев бастаған компартия жетекшілерінің қазақ деген халықты «екінші сортқа» жатқызған ұрда-жық, өркөкіректігі. Алып державаның шаңырағы осы желтоқсанның қасіретті күндерінен бастап шайқалып, ақыры ыдырып, тынғаны айдай әлемге белгілі. Сонымен Қонаевтай алып тұлғаның қызметтен кетуі көтеріліске ұласып, арада бес жыл өткенде ел Тәуелсіздігін жариялады. Сондықтан ол күндер Мұхтар ақын айтқандай қасиетті де.

Ел Тәуелсіздігін алған соң, Қонаевқа жазықсыз жабылған жала толықтай алынып, ел-жұртпен кездесуге еркіндік туғанда 1990 жылдан Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен ауданның тұңғыш әкімі болған Ералы Дадабаев Димекеңді қонаққа шақырып, өзі жолбасшы болып бірге келді. Облыстың Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Тараз қаласы, Жамбыл аудандары аумағынан өткенде бірде бір басшы, қосшы азаматтың алдынан шығып қарсы алмауы қазақтың кең даласын үлкен жүрегіне сыйғызған кемеңгер ұлдың көңіліне селкем түсірді ме, кім білсін. Жоғары биліктің қаһарынан қаймыққан қу пендешілік. Жарықтық сонда да қабағына кірбің түсірмей, жарқылдаған күйі Таластың дарқан жұртын кең құшағына алып, бауырына басып, маңдайынан сүйіп барынша мейірімін төкті. Сондағы ел-жұртқа деген ризашылығын, алғыс сезімін айтып жеткізу мүмкін емес. Ералы Дадабаевтың үйіне қонып, үлкен кісі бастаған қонақтар Қаратауда болып, ары қарай Шымкент қаласы арқылы Ташкентке өтті. Сол кездегі өлшеммен алып қарасаңыз Ерекеңнің бұл тірлігі ерлік еді.

– Сіздің Талас ауданының әкімі кезіңізде Ақкөл ауылынан еңселі ескерткіш ашылғаны есімізде. Қазақстанда алғашқы ескерткіштерінің бірін Еңбек Ерлерінің мекені – Таластың төріндегі Ақкөл ауылынан аштырдыңыз. Бұл идея қалай келді, мұндай батылдыққа қалай бардыңыз, жоғары билік қалай қабылдады?

Ауданға басшылыққа келгеннен Димекеңді ел есінде қалдыру жолдарын ойластыра бастадым. Ауылдағы ардагерлер бар, басқа да әр салада еңбек ететін тұрғындар бар, олардың да ойлары осылай екен. Ел-жұртпен ақылдаса келе 90 жылдығына орай Ақкөл ауылының орталығындағы Лениннің ескерткіші тұрған тұғырға Дінмұхамед Қонавтың ескерткішін орнату туралы бір тоқтамға келдік. Біздің бұл ниетімізді бүкіл аудан азаматтары бір кісідей қолдады. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовке таластықтардың ұсынысын жеткізгенде ол кісі ескерткіш орнату туралы ережелерді сақтауды тапсырып, қолдайтынын білдірді. Ескерткішті Талас ауданының тумасы Мәмбет Күшікбаев өз қаржысына соқтырды. 160 киіз үй тігіліп, аста-төк дастарқанның шығынын аудан жұрты көтеріп алды.

Ескерткіштің ашылу салтанаты мен үлкен кісінің 90 жылдық асына Алматы облысының бұрынғы бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев, белгілі жазушы Серік Әбдіраймов, Димекеңнің жеке дәрігері Әділжан Арипов және екі қарындасы келді. 200 жүйрік қатысқан аламан бәйгенің бас жүлдесі – «Волга» жеңіл автокөлігін ағам Қуантай Құлекеев тікті. Димекеңнің 100 жылдығы да Ақкөл ауылында жоғары деңгейде өткеніне өзіңіз де куә болдыңыз. Ол кезде облыс әкімі Қанат Бозымбаев, аудан басшысы Айтқазы Қарабалаев еді. Оның да бар шығынын халық көтерді.

Ұлы тұлғаға Тараз қаласынан еңселі ескерткіш орнату мәселесі әр жылдары жамбылдықтар тарапынан ауық-ауық көтеріліп тұрады. Журналист болған соң, құлағымыз түріп жүреді ғой, әртүрлі алыпқашпа сөзді, түрлі пікірді естіп қаламыз. «Бірі орны әлі белгіленбепті десе, тағы бір кісілер биыл 12 қаңтарда туғанына 110 жыл толып қойды, осы жай сөз-ау» дейді. Дінмұхамед Ахметұлы желтоқсан көтерілісінен кейін туған халқынан оқшауланып, үйіне күзет қойылғанда ең алғаш халқымен дидарластырған «Ақ жол» еді, содан бастап мемлекет және қоғам қайраткерінің саналы ғұмыры туралы облыстың бас басылымы үздіксіз жазып келеді. Енді халық болып асыға күтіп отырған ескерткіш туралы не айтасыз?

— Дұрыс айтасыз, өзінің атындағы Халықаралық Д.Қонаев атындағы қордың облыстық филиалының алдына еңселі ескерткішін орнату туралы әңгіме қозғалғанына біраз жыл болды. Былтыр осы мәселемен облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевқа кіріп, халықтың ұсынысын жеткіздім. Обалы нешік, әкім бірден қолдады. Содан біз Мәдениет және спорт министрлігіне хат жаздық. Ұсыныс оң шешімін тапқан соң, ережеге сай, республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне хабарландыру бердік. Ескерткіш орнату туралы арнайы комиссия жасақталды. Эскизін жасауға 20 мүсінші қатысып, еңбектерін комиссияға жолдады. Онда ескерткіш жасауға қатысатын мүсіншілердің аты-жөні, мекенжайы көрсетілмей, тек қана цифрмен белгіленді. Осындай тәртіппен өткен іріктеуде алматылық мүсіншінің еңбегі жоғары бағаланып, жеңімпаз болды. Ескерткіш орнатуға қажет 85 миллион теңге толық жиналды. Оның 55 миллионын халық жинаса, маңайын көгеріштендіріп, абаттандару үшін қалалық бюджеттен 30 миллион теңге бөлінді. Осы игілікті шараның басы-қасында жүріп, қомақты қаржы берген Халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық филиалының төрағасы Әлімбек Жұмабав және ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып жүрген Қибат Асқарбековке, басқа да қаржылай көмек қолын созған азаматтарға алғыс айтсам деймін.

Рас, ескерткіш туған күніне орайластырылып, 12 қаңтарда ашылғанда жөн болар еді. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін ол мүмкін болмады, басқа да мәселелер туындады. Биыл Дінмұхамед Ахметұлының туғанына 110 жыл болғандықтан тиісті іс-шаралар жыл бойы атқарыла беретінін де еске алу керек. «Игіліктің ерте кеші жоқ» дегендей ел болып күтіп отырған Димекеңнің еңселі ескерткіші тұғырына осы жылы орнығады, сәтін салса. Ал қор бөлімшесінің алдындағы бюстін басқа жерге қою туралы да жұртшылықпен ақылдасып, шешеміз.

Қалалық депутаттық корпустыбасқара отырып, ел-жұрттың ұсынысын қолдап, игілікті іс атқарып жатқандарыңыз жөн-ақ, еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелі ӘБІЛ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support