- Advertisement -

Елдікке ерлігі сай Жауғаш батыр

866

- Advertisement -

14Көпжасар Нәрібаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері,
ҚР ҰҒА академигі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихын тереңге жайған құт мекен Ұлытау төрінде берген сұхбатында тіл мен діл, ұлттық құндылықтар мәселесімен бірге тарихты да кеңінен сөз етті. Өйткені ел тарихсыз болмайды.  Атырау, Алтай арасын мекен еткен Алаш жұртының өткені сонау сақ дәуірінен күні бүгінге дейін тұнып тұрған тарих. Сондықтан еліміздің бір тұтам жері үшін болған ұрыстарда қан төккен хас батырларымыз жадымыздан өшпеуі тиіс. Бұл тұрғыда Елбасы ылғи да айтумен келеді. Ұлытаудағы ұлағатты әңгіме сонымен де баурады.
Жауғаш Қырбасұлы туралы еңбектердің ішінде Бақытяр Әбілдаұлының «Жауғаш батыр – Абылай ханның елшісі» атты тарихи деректі романын ерекше атап айту керек. Бақытяр тарихи тақырыпты терең меңгерген жазушы-журналист. ҚР ҰҒА академигі Кеңес Нұрпейіс осы кітапқа жазған алғы сөзін «Тарихи шындықтың әдеби көрінісі» деп атап, еңбек жөнінде өз пікірін былай білдіреді: «Абылай ханның да, оның елшісі Жауғаш батырдың да тарихи әрі әдеби көркем толыққанды бейнелері жаңа қырынан танылады. Автор өзі мақсат тұтқан идеяларды ашу үшін кейде тарихшы да болады. Оның бір қанаты – әдебиет болса, екінші қанаты – тарих іспетті. Екі қанаты да қуатты. Сондықтан да Б.Әбілдаұлы жоңғар-қазақ соғыстарының халықтарға тек жаманшылық, жоқшылық, қайғы-қасірет әкелгенін, сондай-ақ, қазақ-қырғыз сияқты түбі де, тегі де бір, діні, тілі, тағдыры ұқсас елдердің ынтымақ-бірлігін сақтау қажеттігіне өз оқушыларын айрандай ұйыта сендіре алған» («Жауғаш батыр –Абылай ханның елшісі», Алматы, «Мерей», 1999, 3-4 б.б.).
Өлең жанрында Жауғашқа арналған шығармалар ішінде –Ахмет (Әміт) Әлмұхаммедұлының «Жауғаш батыр» дастанын, Ш.Нағымашевтың «Жауғаштың жас шағы» поэмасын, Кәдірбек Амангелдиевтің «Абылай ханның Қырбас ұлы Жауғаш батырға айтқаны» атты арнауын айта кету қажет. Көлемді ғылыми зерттеу мақалаларын жазған профессорлар Жанғара Дәдебаев пен Намазалы Омашевтың еңбектері өте құнды. Жауғаштану мәселесіне өзінің үлкен үлесін қосқан, он жылдан аса «Жауғаш батыр» қоғамдық қорын басқарған Бейсенәлі Әріпбайұлының еңбегі ерекше. Батырды ел арасында дәріптеу мақсатымен маңызды шаралар ұйымдастырып, игілікті істердің басы-қасында болды. Сондай-ақ профессор Темірбек Қожакеев, қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы, Қойшығара Салғараұлы, қырғыз тарихшылары Белек Солтоноев, Батма Кебекова және Сапарбек Закиров өз еңбектеріне Жауғаш батырдың іс-әрекеттеріне кеңінен тоқталып өтеді.
Жауғаштың шыққан тегі де, өскен ортасы да өнегесі мол орта болатын. Атасы Бақтыораз, әкесі Қырбас ел ішінде сыйлы, құрметті адамдар болған. Бақтыораз атасы айтулы Төле бимен құрдас және өте жақын, жиі араласқан. Әз Тәуке хан тұсында белгілі қайраткер және батыр атанған. Әкесі Қырбас ХVIII ғасырдың бірінші жартысында оңтүстікте болған жоңғарлармен соғыстардың (Еңрекей, Қалмақ қырған, Аңырақай, т.б.) бәріне қатынасқан белгілі батыр. 1729 жылы Аңырақай соғысында Ботбай қолын басқарған Сәмен батыр әскерінде мыңбасы болған. «Бас бармағы балтаға сап болғандай» деген сөз осы Қырбас батырға байланысты бекер айтылмаса керек. Жауғаш осы батырлар рухында тәрбиеленді. Жауғаш ақыл-парасаттың иесі ретінде басынан сөз асырмапты. Өзіне айтылған сөзге қолма-қол жауап беретін, оның үстіне жай ғана емес қанатты сөздерді қосып, мақал-мәтелдетіп айтатын болыпты. Бұл өнері кейін ер жеткенде талай кәдесіне жарап, көптеген қиын-қыстау жағдайдан абыроймен алып шығатын қасиетке айналды. Тіпті, ел ішіндегі дауға араласып, оны орынды және дауласқан екі жақты да мойындатып, әділ шешетін деңгейге көтерді. Бір әңгіме бойынша ол өзіне араша түспеген ағайындарына өкпелеп кеткен дейді. Жетісуда болған бір үлкен ас үстінде шыққан дау ұрысқа айналып, қарсы жақ көптігін білдіріп, Жауғашты таяққа жыққан екен. Сонда ағайындарының арасынан оған жақтасып, көмектесіп, арашалап алатын ешкім шықпай, жалғыз қалған көрінеді.

Екінші бір әңгіме бойынша жоңғарлардың бас қолбасшысы Сары Манжының қайын інісі Ноқай Ноянды қасындағы серігімен өлтіріпті. Көрші ауылдарды жайлап отырған зұлым Ноқайдың жергілікті қазақтарға көрсетпеген бәлесі қалмапты. Малдарын айдап кетіп, адамдарын өлтіріп, қыз-келіншектерге қырғидай тиіп тыныштық бермепті. Содан бір күні кең далада аң аулап жүрген сұрқия Ноян Жауғашты жолықтырып, «кесапаттық жасап бізге қырсық ойлап жолымызды кестің» деп орынсыз килігіп, намысына тиіпті. Сол намысы найзағайдай бұрқ етіп, тұла бойын шарпып, ақыл-ойын кек кернеген Жауғаш алдында тұрған Ноқай Ноянды қорғасын құйып өрілген дүрей қамшысымен басынан бір тартып аттан құлатып, сосын қылышпен түйреп, о дүниеге аттандырыпты. Сол кездегі Ұлы жүз қазақтарының уақытша тыныштық орнату мақсатымен жоңғарлармен жасасқан шарты бойынша қалмақтарға қол көтеруге болмайды екен. Тек қару ұстап қарсыласқан күннің өзінде қазақтың жазасы он үш жыл. Енді міне осы оқиғадан кейін әлгі озбыр шарт бойынша бүкіл ауыл шабылып, Жауғаш жоңғарларға ұсталып берілуі тиіс. Оның арты не болатыны белгілі. Сондықтан, амал жоқ Жауғаш Арқаға аттанып Абылайды паналауға мәжбүр болады.
Абылайдың Жауғашты қалай қарсы алғаны туралы да ел арасына әртүрлі әңгімелер тараған. Солардың бір парасы бойынша Жауғаш Арқаға жетіп Абылайға сәлем беруге Ордасына кіргенде, Сұлтан жастай мерт болған Жанбай баласының қазасына қайғырып, теріс қарап бүк түсіп жатқан үстінен түседі. Бұқар жырау бастаған небір батыр-билер, аузы дуалы азаматтар көңіл айтқанмен Абылай басын көтермепті. Өзімен талай жыл үзеңгілес серік болған, талай соғыстарда қол бастап, ерен ерлік көрсеткен Жәнібек тархан біраз толғап жоқтау айтса да Абылайды жұбата алмапты. Сонда сөзге жас Жауғаш араласып, тереңнен толғап, отырған жұртты тебірентіп, термелеп тұрып жұбату айтса керек. Сөзінің аяғын:
Уа, қасиетті Абылай!
Өзекті жанға бір өлім,
Тағдырдан талқан таусылса,
Абылай, Сіз де өлесіз!
Алланың аманатын өзіне бересіз!
Құдірет ісіне көнесіз!
Жылаудың да шегі бар,
Сұлаудың да шегі бар.
Тірі пенде тірлігін жасауы тиіс,
Текті Сұлтан ірілігін жасауы тиіс.
Басыңызды бұрыңыз, Абылай!
Орныңыздан тұрыңыз, Абылай
Сұлтанымды жұбата көр, е Құдай, –деп бітіріпті.
Жауғаштың жүрек тербетер сөзі Абылайға жетіп, тұла бойын бір жойқын күш билегендей, бір сілкініп орнынан тұрса керек. Жауғашқа қарап: – балам, даусың Жанбайдың үніндей екен, жасың да шамалас болар. Өлгенім қайта тірілмесе де, ішім толған қайғы зардың тығыны ашылды. Жасың кіші болса да үлкендердің сөзін айттың, құлазыған көңілімді жұбаттың. Келші бері жаныма, бұдан былай оң тізем орның болсын, оң жағыма отыр, –деп қасына отырғызыпты.
Енді бір әңгімелер бойынша Жауғаш Арқаға жетіп, Абылай Сұлтан ордасының бір шетіне келіп қонады. Орданың адамдары жөн сұрағанда өзі туралы термелетіп жауап беретін көрінеді. Көшіп келген кісінің жағдайын толығырақ білу үшін Абылай өзінің тілге шешен, сөзге жүйрік бір биін жұмсайды. Ол келе сала Жауғашқа тиісіп: –Ассалаумағалейкум, ақтабандар, –деп сөз бастайды. Жауғаш оған ары қарай сөйлеуге мұрша бермей, іле жауап қайтарып: – Әлейкумассалам, өлген кісісін ағашқа қақтағандар –деп жауап береді. Хабаршы бұл сөзден беті қайтып, сөзін жалғастыра алмайды. Болған әңгімені Абылайға айтып келеді. Ол Жауғаштың сөз төркініне қарап, бұл жігіттің тегін емес екенін түсінеді. Ордаға шақырып жөн сұрайды. Сонда Жауғаш: – Ұлы жүзден келдім, елім – дулат, нағашым – қоңырат. Дулаттың ботбайының қораласымын, әкемнің аты – Қырбас, шешемнің аты – Қоңырбике. Мұнда келу себебім, қалмақ Сары Манжының Ноқай атты қайнысын елге тыныштық бермей намысымызды таптай берген соң қамшымен сұлатып түсіріп, қылышпен түйреп өлтірдім. Паналап баратын жер көп болғанмен, таңдауым өзіңізге түсті. Ел тізгінін қолына ұстап отырған өзіңіз сияқты қолбасшыға сарбаз болғым келді. Қызметім жарасып, бір керегіңізге жарасам, онда жолымның болғаны, – деп жауап береді.
Жігіттің сөзіне ырза болған Абылай: – Бәрекелді, тілі ғана өткір ме десем, қылышы да өткір батыр болдың ғой. Қас жауымызды өлтірген сенің мына тірлігің ерлік қой. Бүгіннен бастап менің күзетшілерімнің қатарына қосыл, –деп, өзіне ең жақын деген жасақтарының, сенімді күзетшілері мен оққағарларының қатарына қосқан екен.
Жауғаш Абылайдың үмітін ақтап, барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындап, оның сенімді адамына айналады. Соғыстарда көрсеткен ерлігімен қатар Орданың күнделікті тірлік-тұрмысына араласып өзінің терең ойлы, парасатты азамат екенін дәлелдеп, үлкен абыройға ие болады. Абылай оның ақылына, шешендігі мен әділдігіне көзі жетіп, көңілі толған соң Орданың басты билерінің бірі етіп тағайындайды. Осындай үлкен мәртебенің иесі ретінде Жауғаш еліміздің ішкі-сыртқы іргелі істеріне араласып, оларды ойдағыдай шешіп көзге түсіп, абырой – атағы бүкіл ел-жұртқа тарай бастайды. Қазақ жүрген жерде күншілдік, көре алмаушылық тыйылған ба, Орданың басқа билері, уәзірлер Жауғаштың үстінен Абылайға арыз айта бастайды, іштарлық жасап, жеріне жеткізіп оны жамандайды. Абылай бір даналық шешім қабылдап, арызқойлардың бәрін басын қосып жинап былай депті:
– Қазір осында бәрің төрт көздерің түгел отырсыңдар. Мен Жауғашты шақыртайын, ол кіріп келгенде ешқайсың орын бермей, осы отырған күйлеріңде қозғалмай отыра беріңдер. Бұған бәрі келісіпті.
Сұлтанның шақыруымен Жауғаш Ордаға сәлем беріп кіріп келгенде отырғандардың бәрі орындарынан дүр етіп тұра келгендерін өздері де байқамай қалады. Абылай мырс етіп күледі де, Жауғашты бұрынғы өзі отырып жүрген оң тізесі жағындағы төрдегі орынға отырғызады. Бұл көрініс батырдың сыртынан өсек айтқанмен, жүзбе-жүз келгенде оның мысы басып, абыройының артық екенін көрсетеді. Жауғаштың абыройын асырған көптеген қасиеттерінің ішінде оның батырлығы бір төбе. Арқаға келген 1748 жылдан бастап қалмақтарды қырып, қазақ жерін түгел босатуға шейін талай-талай ұрыстарға қатысып аса ірі ерліктер көрсеткен. 1954-1956 жылдардағы соғыстарда Абылай ханның арнаулы қолын басқарып, жеңіске жетіп отырған. Кейінгі соғыстарда Абылай оған өзінің жеңіс туын сеніп тапсырып, ұрыс кезінде соған ұстататын болған. Жауғаш қардай бораған садақ оқтарының астында тұрып, туды құлатпай, абыроймен сақтап қалып отырған.
Жауғаш батыр Абылайханның барлық жорықтарына қатынасып, ол қиналған кезде әркез қасынан табылады. 1763-1765 жылдары Абылайдың Ташкент, Самарқанд жорықтарын ұйымдастырушысы және қасына ерген сенімді серігі болған. 1778-1780 жылдары Абылайдың шақыруымен Арқаға қайта барып, ханды Бекболат би бастаған Бесмейрам ру басыларының қыспағынан қорғаған. Ол жылдары біраз «белсенділер» Орынбор мен Омбыдағы орыстың дәулеріне өз өкілдерін жіберіп, ханның сыртынан өсек арыздар жазып, ханның қасиетін кетіріп, елдің берекесін алып жатқан кез еді. Жағдай түзелмей ушыға бастаған соң 1780 жылы хан Ордасын оңтүстікке, Түркістанға қарай көшіруге бас-көз болады. Абылай ханның өміріндегі осындай ең ауыр кезеңінде оның жақын жанашырларының ішінде Жауғаш та бар еді. 1781 жылы Арыс өзенінің бойында қайтыс болған Абылай ханды тездетіп Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеуді ұйымдастырған да Жауғаш болатын. Осыдан көп ұзамай 1782 жылдың соңында соғыстарда алған ауыр жарақаттары асқынып, қақаған қыстың кезінде Жауғаштың өзі қайтыс болады. Көктем шыға денесі Меркіден Түркістанға жеткізіліп, кесене ішінде Абылай ханның оң жағына жерленеді. Жауғаш батыр он беске толып Арқаға аттанғаннан кейін өз елінің, ағайындарының арасында бар болғаны 7-8 жыл ғана өмір сүріпті. Қалған өмірінің бәрі Абылайдың қасында ханға, елге қызмет етумен өтіпті.
Абылай хан Жауғаштың адал қызметін, елге сіңірген ерен еңбегін ертеректе, өзінің көзі тірі кезінде-ақ жоғары бағалаған. Соның дәлелі емес пе, қасында он жылдай болып, енді еліне қайтуға рұқсат сұраған Жауғашқа ризалығын білдіріп:  – Үш тілегіңді айт, қолымнан келсе бәрін орындаймын, – дейді. Жауғаш алғашқы тілегі етіп Абылайдың жеңіс туын қалап сұрайды. Абылай қатты қиналады, бірақ туын береді. Оның қиналатындай-ақ жөні бар еді. Өйткені, бұл ту қазақтарды іргелі ел етіп, талай жеңістерге бастаған, ұрыстарда желбіретіп ұстағанда ерегіскен жауларды еңкейткен, қазақ сарбаздарының еңсесін көтерген қасиетті ту еді.
Абылай ханнан байлық, дүние-мүлік сұрамай, қырғын соғыстарда талай рет өз қолымен көтерген жеңіс туын сұрауы Жауғаштың рухани биіктігін, үлкен ақыл-ойдың, пайым мен парасаттың иесі екенін көрсетеді. Қасиетті туға ие болған Жауғаш батыр Ордада отырған игі жақсыларға қарап өзінің өсиетке лайық сөзін айтады. Көзі тірісінде бұл туды жанынан екі елі қалдырмасқа, әлдеқалай заман болса осы туды тағы көтеріп, елін қорғап, жеңіске жеткенше жанын аямайтынын айтып ант береді. Батырдың өсиетін ұрпақтары бұлжытпай орындап, осы күнге дейін бұл туды аман-есен сақтап келді. Соңғы жылдары бұл ту Жауғаштың Жөлкем әйелінен тараған жетінші ұрпағының өкілі Айдосқызы Майкө Қосай келінінің қолында болды. 1998 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, Қырғыз республикасының сол кездегі президенті А.Ақаев екеуі және басқа да белгілі азаматтар бұл туды өз көздерімен барып көрген еді.
Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы тойланған 2000 жылы Жауғаш батыр атындағы көшеде Меркі ауданының атынан үйлер тігіліп, меймандар қабылданды. Сонда Майкө анамыздың Абылайдың Жауғашқа сыйлаған туын Түркістанға алып барып, келген жұрттың бәріне өз қолымен көрсеткені бар. Жалпы, бұл қасиетті туымыз алғашқы қалпына келтіріліп, Республикамыздың Ұлттық музейінен орын тапса дұрыс болар еді. Бұл халқымыздың бай тарихының көрнекті бір дерегі ғой.
Жауғаш бабамыз тек қара дүрсін білек күшінің ғана иесі емес, терең ақыл-ойдың, биік пайым мен парасаттың иесі. Күш-қайратын ақылға билеткен, ерлік білекте емес, жүректе деп түсінген, басыма бақ қонды деп таспаған, кенеттен жау шапты деп саспаған үлкен сабыр иесі. Өз заманының сан-қилы қыры мен сырын түсіне білген, тағдыры берген қадірлі қасиеттерін ел игілігіне жұмсай білген ірі тұлға. Сондықтан да оның ел мен елді табыстыру мақсатымен атқарған елшілік-мәмілегерлік қызметі тарихта көп жазылып, оң баға алып отырған. Елші ретінде ол ел арасында ғана емес, мемлекеттер арасындағы үлкен халықаралық мәселелерге де араласқан. Сөзі жүйелі, тілі шешен, ойы өткір Жауғаш небір даулы мәселелерді жауласуға жібермей, елдікке, ынтымаққа шақырып, асқан мәмілегерлікпен шешіп отырған. Абылай Жауғашты ең жауапты міндеттермен бірнеше мәрте Қытайға елшілікке жіберген. Әрбір барған сапарын ойдағыдай аяқтап, жақсы нәтижелермен оралып отырған. Жауғаштың қазақ пен қытай арасындағы елшілік қызметтерін көрнекті қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы өзінің қытай деректеріне сүйеніп жазған «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері»  (Алматы, 2010) деген кітабында кеңінен таратып жазады. Ғалымның көптеген деректерінің ішінен біреуін ғана келтірейік: … «Чиң патшалығының орда күнделіктерінде хатталған төлқұжаттардан сол кезде Әмірсанаға байланысты Чиң патшалығының жорықтағы әскерлері мен қазақтар арасында соғыс қаупінің төніп келгендігін байқауға болады. Бірақ сол кездегі Жауғаш қатарлы Абылай ханның ержүрек елшілерінің дипломатиялық шеберлігінің арқасында соғыс қаупі сейіліп, екі жақ бір мәмілеге келді. Чиң патшалығының әскерлері Әмірсананы тұтқындауды Абылайға тапсырды да, өздері сол жылы қыс түсе қазақ жерінен кері шегінді. Сонымен олар кепілге ұстаған қазақ елшілерін Тәңір патшалығына кінәлі болмағандықтан оларға мол сыйлық беріп қайтарды. Сондай-ақ олардан Абылай және қазақ ру басыларына арнап астық пен маталар жіберді. Сөйтіп қазақ-қытай арасындағы екі жылға созылған шиеленісті жағдай өз шешімін тауып жөнге түсті. Осы негізде 1757 жылы Абылай хан Қытайдың Чиң патшалығымен ресми түрде дипломатиялық байланыс орнатты. Жоғарыда келтірілген жазба құжаттардан біз Жауғаш батырдың атқарған дипломатиялық міндеттері мен жалпы қоғамдық іс-қимылдарынан оның өскелең тұлғалық қасиетін көреміз»  («Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері», 119 б.).
Жауғаш Қырбасұлының елшілік қызметін толығымен мол етіп жазған Бақытяр Әбілдаұлы. Өзінің аты айтып тұрғандай «Жауғаш батыр – Абылай ханның елшісі» деген кітабында жазушы Жауғаштың батырлығымен қоса оның елшілік қызметін, мәмілегерлік шеберлігін өте нанымды және айқын етіп суреттейді. Бұл еңбекте қытайаралық қатынастармен қатар қырғыз би манаптарымен жүргізілген келіссөздер кең талданады. Автор өзімізде бар тарихи деректермен қоса қырғыз ғалымдарының мәліметтеріне арқа сүйеген. Жауғаштың қырғыздармен жүргізген алғашқы келіссөздері оң нәтиже бермейді. Әсіресе, Таластағы қырғыздардың билеушісі Садыр еш мәмілеге көнбей талай бүлік шығарады. Созақ, Шолаққорғанға дейін қоңырат, найман елдерін, Келес өзені бойындағы шанышқылы ауылдарын шабады. Шу өзені бойындағы рулардың жылқыларын барымталайды. Іледегі Ботбай Сәмен батырдың малын өзі жоқта түгел айдап кетеді. Түбі бір туыс екі елді келісімге келтіре алмай Жауғаш әбден әбігерге түсіп, мазасы кетеді. Сонда да сабыр сақтап араға қырғызда абыройы жоғары Жайыл манапты, Момохан батырды салып, қырғыздарды жаугершілікті тоқтатуға шақырады. Еш нәтиже болмаған соң Абылай ханды көндіріп, қырғыз содырларына қарсы соғыс ашады. «Жайыл қырғыны» деп аталып кеткен қиян-кескі ұрыста қырғыздарды тас-талқан етіп жеңіп, қанішер би-манаптарын қолға түсіріп жазалайды. Соның өзінде кезінде мәмілеге көнбеген Момохан батыр мен Жайыл манаптың баласы Итекені жоғарыда айтқанымыздай Абылайдан сұрап алып, өлімнен аман қалдырады. Ал Жайыл мен оның басқа екі баласын жаназасын шығарып, мұсылманша арулап  қояды.
Жауғаш өте жас кезінде, тіпті, 15-ке де толмай тұрған шағында дауға араласып, әділ билік айтып көзге түскен екен. Шапырашты елінде бойжеткен бір байдың қызын қызметші болып жүрген жігіт қатты сүйіп, алып қашып кетеді. Қыздың әкесі жігіттің елі жалайыр ауылына дау айтып келеді. Дауды шешу екі жақтан сайланған билердің еркіне беріледі. Жалайырлар жағынан билік айтуға атақты Ескелді би шығады. Байдың мүддесін қорғауға Ақтайлақ би шығады. Ақтайлақтың жастау кезі болу керек мандыртып ештеңе айта алмайды. Жұрттың жүні жығылып, төмен қарап қалады. Сонда ортаға суырылып Жауғаш бала шығып, сөз сұрайды. Жиналған барлық жұртты мұсылмандыққа шақырып, болған дауды шариғат тұрғысынан әділ шешуге тырысады. Жігіт пен қыздың арасындағы сүйіспеншілікті Алланың ісі, оларды бір-біріне Құдай қосқан деп сендіреді отырған елді. Ал дау айтып келген қыздың әкесіне кезінде жалайырдың бір жігітін өлтіргенін мойындатып, оған төлейтін құнның мөлшеріне дейін анықтайды. Сөйтіп екі жақты дауды доғарып, өзара келісімге келуге шақырады. Араларындағы алыс-берісті, төлейтін құндарын белгілеп беріп, бір-бірін сүйген екі жасты ақтап алады. Бұл шешімді әділ санап екі жақ та мойындап, бас иеді. Сонда жас балаға риза болған атақты Ескелді би:
Қырбастан туған жалғыз ұл,
Өткір қара бәкідей,
Дау түйінін кесіп тастады,
Ақылмен әділ шешіп тастады.
Билердің ішіндегі батыры боларсың,
Батырлардың ішінде ақылы боларсың.
Осы өрлігіңнен танбасаң,
Ханға да көрші қонарсың –
дей келіп, үстіндегі қамқа зерлі шапанын шешіп Жауғаштың иығына жабады.
Шырағым Жауғаш, атыңды әз Төле би нағашым жақсы қойған екен.
Қолыңа қару ұстасаң, алдыңдағы жауың қашсын, қамшы ұстасаң, дауды басқын. Мына тонды Төле би нағашым бір сынынан өткенде риза болып шешіп беріп еді. Енді мен сол әулиенің қасиетті шапанын саған жауып отырмын. Құты басқаға ауыспасын, тек өзің ки, үстіңде тозсын, –деген екен Ескелді би (Б.Әбілдаұлы «Жауғаш-Абылай ханның елшісі», Алматы «Мерей», 1999ж. 49 б.). Абылайдың қасында он жыл болып, оның алдынан өтіп, рұқсат сұрап еліне оралғанда баяғы қыстауы Ақсу төңірегі тарылғанын көреді. Тарғап, Самсы, Шамалған жерлерінде отырған ботбайлардың мекен-жайларына да көңілі толмай ботбайдың Қоралас пен Құдайқұлдан тараған ұрпақтарын Аспара, Меркі, Ойтал, Қайыңды жерлеріне көшіреді. Сәл кейін бұларға ботбайдан тараған басқа аталардың ұрпақтары да қосылып, Шу өзені мен Қорағаты өзендері аралығына келіп орналасты. Сөйтіп қалмақтардан босатылған қазақтың ежелгі мекені – Меркі Жауғаш батырдың арқасында Ботбайлар елінің орталығына айналды.
Осы қасиетті Меркі жерінде ботбайлардың көптеген ұрпақтары дүниеге келіп, өсіп-өніп көбейіп жатыр. Олардың ішінде Жауғаштың жолын қуған ірі тұлғалар да аз емес. Әйгілі батыр-би Сыпатай Әлібекұлы, көрнекті мемлекет қайраткерлері Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Асанбай Асқаров осы Меркі өлкесінің түлектері. Тұрар Рысқұловтың жастық шағы, өсіп-жетіліп қайраткер болып қалыптасу кезеңі де осы Меркіде өткен.
Жауғаш батырды құрметтеудің тағы бір белгісі – 2006 жылы Меркіде оның еңселі ескерткіші орнатылды. Мүсіншілер Құрақбай Егізбаев пен Доғдырбай Әбдірахманұлының сомдауында батырдың бейнесі өте сәтті шыққан. Осы ескерткішті жасатып, орнатуға көптеген азаматтардың еңбегі сіңді. Оның ішінде осы жұмысқа мұрындық болып, басы-қасында жүрген «Жауғаш батыр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенәлі Әріпбайұлының еңбегі ерекше. Қамқоршылық көрсетіп, жәрдем беріп, арнайы қаржы бөлдірген Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, ұлтжанды азамат Серік Әбікенұлы Үмбетов болса, бақылап-қадағалап отырған, жұмыстың уақытылы бітіп, ойдағыдай аяқталуына көмектескен облыстың сол кездегі әкімі Бөрібай Биқожаұлы Жексембин болды. Игілікті іске бір кездері ауданды басқарған әкімдер Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов пен Болат Рысмендиев те өз үлестерін қосты.
Ескерткішті ашу рәсіміне халық көп жиналды. Жергілікті халық пен облыс тұрғындары ғана емес, Алматыдан, Астанадан, Шымкенттен, Қырғыз елінен көп қонақтар келді. Ескерткішке бас иіп, тағзым еткен көпшілікке ашу рәсімінде сөйлеген азаматтардың сөзіне қарап бұл ескерткіш Жауғаш батырға арналып қойылғанмен, оның халқымызға, еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтардың мүддесіне қызмет ететініне көзіміз жетті.
Осы арада мына мәселені айта кету керек – біздің ірі тұлғаларымызды мерейтойларында ғана еске алып, кейін ұмытып кететін әдетіміз бар. Ал Жауғаш батырға келсек тіпті оның бірде-бір мерейтойы аталмай келеді. «Жауғаш батыр» қоғамдық қорының кезінде жасаған жоспары бойынша 2008 жылы оның 275 жылдық мерейтойы, ал 2013 жылы 280 жылдық мерейтойы аталып өту керек еді. Өкінішке қарай оның ешқайсысы да іске аспай қалды. Қордың бұрынғы төрағасы Б.Әріпбайұлы қайтыс болғаннан кейін бұл қордың бары-жоғынан, бар болса не істеп жатқанынан қалың жұрт хабарсыз. Қордың тізгінін батырдың ұрпақтары қолға алды деп естігенбіз, бірақ жұмыстарының нәтижесі көпшілікке белгісіз. Ал атқаратын жұмыстар аз емес.
Өз уақытында халық батыры атанған Жауғаштың атын қазір бүкіл ел болып құрметтесек, ол туралы тек естелік қана емес, ғылыми мақалалар, көркем әдеби шығармалар көбірек жазылса құба-құп болар еді. Басқа жерде болмаса да Меркіде оның жеке тарихи мұражайы ашылып, онда оның өмірін, батырлық ерлік істерін, елшілік-мәмілегерлік қызметтерін дәріптейтін экспонаттар жиналса, Алматы облысы Қарасай ауданындағы батырдың туған жеріне белгі қойылып, Тараз қаласында мүсіні, тіпті, болмаса құлпытасы қойылса орынды болар еді. Қазір жазылып жатқан көптеген тарихи шығармаларда басқа батырлар көрсетілгенмен, Абылайдың әрі биі, әрі батыры болған Жауғаштың аты көп атала бермейді. Жауғаштың ірі тұлғасын өз деңгейінде халыққа көрсету үшін тағы да басқа шаралар өткізу керек. Мерзімі өтіп кетсе де 280 жылдық мерейтойын өткізіп, осыған арнап ғылыми конференция, ақындар айтысын ұйымдастырып, әскери бөлімдерге Жауғаш батырдың атын берсе артық болмас еді. Әрине, бұл бір Жауғаш қорының қызметі емес, көпшілік болып жұмылатын тірлік. Әйтсе де ең алдымен бәріміз бірігіп осының бәріне мұрындық болатын, шаралар тізімін жасап, жоба-жоспарлар құратын, оларды іске асыруды үйлестіріп отыратын «Жауғаш батыр» қорының жұмысын жандандыру қажет. Бұл бір жағынан Жауғаш батыр әруағының алдындағы бәріміздің парызымыз болса, екінші жағынан бұл шаралардың тарихи маңызы, үлкен тәрбиелік мәні бар екенін мойындауымыз керек. Бір ержүректің ерлігін бүкіл елге ұран ететін елміз ғой. Бүгінгі жастарымыз бен болашақ ұрпақтарымыз Жауғаш батырдың атына, атағына, еліне сіңірген ерен еңбегі мен атқарған істеріне сай болып өссе, онда еңбегіміздің жанғаны емес пе?! Лайым солай болғай!

Иә, батырларымызды, билерімізді, шешендері-мізді құрметтеу арқылы біз тарихқа ізет көрсетеміз. Ал өткенін жадынан өшірген ұлттың болашағы бұлыңғыр екені тағы мәлім. Елбасы Ұлытаудағы әңгімесінде тарихты таразылауға, ардақтауға шақырды. Ұлттың ұлт ретінде сақталуы үшін жанын аямаған Жауғаш батыр да сол тарихтың бір тармағы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support