- Advertisement -

Бізде уәде бергіш шенеуніктер көп

539

- Advertisement -

Мойынқұм ауданындағы Биназар батыр ауылы күре жолдың бойын жағалай орналасқан. Ауыл тұрғындарының басым көбінің тіршілігі осы жолмен тығыз байланысты. Жолдың бойынан тамақтану орындары ашылған. Ары-бері өткен жолаушылар міндетті түрде мойнын созып қарайтын кеме сияқты жасалған кафе де осы ауылдың шетінен орын тепкен.

Бүгінде Биназар батыр ауылында 250-ден астам үй, 1,5 мыңнан астам тұрғын бар. Жақында Президент Жолдауын насихаттау мақсатында осы елді мекенге ат басын бұрғанбыз. Ескі клубта елмен емен-жарқын кездесу өтті. Ауыл тұрғындары елімізде болып жатқан күрделі өзгерістерден үлкен үміт күтеді. Қазір ақпарат заманы. Бәрінің көзі ашық. Президент Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құрамыз деген бастамасын қызу қолдануда. Осы жиында жолдау жүктеген міндеттер де айтылды, ауылдың проблемасы да айтылды. Солардың кейбірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Еркебек ОШАҚБАЕВ,
кәсіпкер:

– Кезінде осы ауылдағы шаруашылықта 20 мың қой, 2,5 мың сиыр басы бар еді. Шаруашылықтың тауда жері бар болатын. Шөп жағынан мәселе болған емес. Бүгінде соның бәрі көрген түстей болып отыр. Әсіресе, жер мәселесі күйіп тұр. Осы ауданға белгілі бір шенеуніктің әйелі 5 мың гектар жер алғанын да ауыл тұрғындары жақсы біледі. Әйтеуір қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып жатыр. Әрине, ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен үлкен қолдау бар. Әйтсе де, біздің ауылдың шаруалары әлі де еңсесін көтере алмай келеді. Техника алуға шамасы жетпейді. Тіпті арық қазатын арнайы техника жоқ. Егінді 30-40 жыл бұрынғы сеялкамен сеуіп жүрміз. Сондықтан екі-үш ауылды біріктіріп, МТС мекемесін ашса дұрыс болар еді. Қазір ауылдағы шаруалар басқа ауданның техникасын ақыға әкеліп жерін жыртқызады. Алыстан келетін болғандықтан бағасы өте қымбат. Субсидияның да ауылға келуі қиын. Көбінесе аудан орталығындағы шаруаларға бөлініп кетеді.

Болатбек ӘБІШЕВ,
зейнеткер:

– Жасыратыны жоқ, бізде уәде бергіш шенеуніктер көп. Кәдімгідей үйіп-төгіп береді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Кезінде колхоз-совхоздарды құртып, жеке болыңдар деді. Енді жекеден кооперативке бірігіңдер деп жатыр. Әрине, мұның бәрі қайтсек осы саланы дамытамыз дегеннен шығып отырғаны анық. Алайда ауыл шаруашылығы саласына әлі де дұрыс көңіл бөлінбей жатқан секілді. Тек аты ғана болмаса түгі жоқ қожалықтар бар. Сондықтан агробанк қайта ашылып, осы салаға шындап қаржы бөлінсе…

Горький МҮЛКІБАЕВ,
ауыл тұрғыны:

– Кооператив құрып көргенбіз. Бірақ қолы ұзындар ғана мемлекеттің көмегін көреді екен. Кепілге қоятын дүние жоқ. Үй, қора-қопсы есептелмейді. Бүгінде ауылдың төңірегіндегі жайылымдық жерлерді біреулер алып қойған. Бірақ не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Құр бос жатыр. Ағын су мәселесі туралы айтатын болсақ, бізге келетін өзеннен суды бұратын шлюздер әбден тозған. Биыл су беруге шыдамайтын сияқты.

Айман ЗИНАДІЛОВА,
Мойынқұм ауданының
Құрметті азаматы:

– Шынында шлюздердің жағдайы өте қиын. Өзеннің төменгі жағында орналасқан ауылдарға біздің шлюздердің бұзылғаны керек. Егер шлюз бұзылса, оларға су көбірек барады. Сондықтан басшылар осы мәселеге көңіл аударса… Жалпы басшылар ауылдың қарапайым тұрғындарымен көп кездесіп, солардың мәселесіне көп назар аударса… Және елді мазалаған мәселелер тек айтылып қана қоймай, нақты шешілсе екен. Біздің ауыл ел астанасына баратын үлкен жолдың бойында орналасқан. Қайбір қиын жылдары ауылды осы жолдың бойындағы асханалар асырады. Мемлекетке көп рақмет, қазір үлкен жаңа жол салынды. Алла қаласа, елордаға баратын жол бір-екі жылда толық бітеді деп жатыр. Бірақ жаңа жолдан көліктің бұрылуы қиын. Баяғыдай кез келген жерінен бұрыла салу жоқ. Екі жолдың арасын тек бір аппақ сызық қана бөліп жатыр. Арғы беттегі асханаға бұрылу қиын болғандықтан көп көліктер тоқтамай өтіп кетеді. Осы мәселені жол басқармасының және жол полициясының басшыларына бірнеше мәрте айттым. Әзірге ешқандай оң шешім жоқ. Екі ортада жол полициясы ауылда машина аңдып, жол ережесін еріксіз бұзғандарды топырлатып ұстап жатыр. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың қазіргі бастамаларынан үлкен үміт күтеміз. Лайым, Мемлекет басшысы аман болсын, абыройлы болсын. Халық қолдайды.

Сәрсенбай РЫСҚҰЛОВ,
қожалық иесі:

– Осыдан бір-екі жыл бұрын ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеруге арналған пилоттық жоба қолға алынған болатын. Осының арқасында көптеген тұрғындар тұрмыстарын түзеп алды. Осы жобаға біздің ауылға да енсе екен. Жастарға қолдау көрсетілсе…

Қарлығаш БЕЛБАЕВА,
ауыл тұрғыны:

– Ауылдағы көшелердің барлығына бірдей жарық орнатылмаған. Көбінесе басшылар тұратын көшелерге жарық тартылған.
Әрине, бұл бір Биназар батыр ауылының ғана емес, барлық ауыл тұрғындарына ортақ мәселелер. Дегенменде соңғы жылдары мемлекет ауыл шаруашылығы саласы мен ауылдың өркендеуіне көп күш-жігер салуда. Ауылдың өркендегені – ұлтымыздың өркендегені. Ендеше Биназар ауылы тұрғындарының да осынау мәселелері биліктің назарынан тыс қалмайды деген үмітіміз бар.

Шәмші ҚАЛДЫБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support