Мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатынын түсіндіру қажет

13

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданының дамуы және алдағы жұмыс жоспарымен танысты. Жиында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов ауданды дамытудың кешенді жоспары туралы баяндады. Басқосу барысында аудан басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар өрлейтінін атап өтті. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ғана емес, жалпы өңір үшін маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жоспарларымен бөлісті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының әлеуметтік саланы жаңғыртуға негізделген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.

Спикердің сөзінше, биыл аудандағы 3 елді мекеннің тұрғындары ауыз сумен қамтылмақ. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жалпы ауданда 42 елді мекеннің 30-ы яғни, 59280 адам немесе 90,7 пайызы ауыз сумен қамтылған. Бұдан бөлек, 34 елді мекендегі 64751 адам немесе 99,07 пайызы газдандырылса, 139 әлеуметтік нысанның 96-сы көгілдір отынға қосылған. Ал ауданда 352 көшенің 291 көшесі немесе 80,2 пайызы жарықтандырылған. Алдағы уақытта 58,4 шақырымды құрайтын 35 көшеге диодты лампа, бағана ауыстыруға қатысты құжаттар дайындалып қаражат қарастыру жоспарға енген. Былтыр «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 30 тұрғын үй салынса, биыл 14 баспана салу жоспарлануда. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 23 жас маман тұрғын үйге қол жеткізсе, биыл 32 маман қамтылмақ. Ауданда 3852 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, ағымдағы жылы 3077 адамды, оның ішінде 671 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ 1650 жұмыс орнын ашу, атаулы әлеуметтік көмекпен 6675 адамды яғни 1216 отбасын қамту басты назарда.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы ауданның даму бағдарламасының жүзеге асырылуы жіті назарда болуы тиіс екенін атап өтіп, ауыл әкімдері әрбір тұрғынның мәселесінен хабардар болуын талап ететінін атап өтті.

– Халыққа мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатынын, қандай механизмдер бар екенін дұрыстап түсіндіру қажет. Ауданды дамыту керек, жергілікті халықтың жағдайы жаман емес. Алайда осымен тоқтап қалуға болмайды. Әрі қарай даму қажет. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз мол. Сондықтан жұмыс істеңіздер. Әсіресе ауыл әкімдері жылына кем дегенде бір рет әр шаңыраққа бас сұғып, әрбір тұрғынның мәселесінен хабардар болуы керек. Жергілікті атқамінерлер жұмыс қарқынын арттырыңыздар. Біз болсақ өз тарапымыздан көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Н.Нұржігітов.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.