- Advertisement -

Округ әкімдері әр үйдің мәселесін білуі керек

40

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Талас ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы мәселе қаралды.

Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек баяндама жасап, аудандағы кәсіпкерліктің дамуына тоқталды. Оның айтуынша, ауданда «Таласинвест» компаниясы жұмыс көлемін 25 пайызға ұлғайтып, жаңа жұмыс орнын 300 адамға, «Азияшин» компаниясы жаңа жұмыс орнын 250 адамға ұлғайтуды көздеп отыр екен. Жалпы, алдағы жылдары 7 ірі жоба іске асса 711 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпылай алғанда Таласта 149 жоба іске аспақ. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған сүт өндіру цехтары, мал бордақылау, мал азығын дайындау кәсіпорындары салынады. Үш шаруашылықта балық өнімдерін өңдейтін цехтардың жұмысы қолға алынады.

Жиында тұрғындардың жер телімдерімен қамтылуы, халықтың баспаналы болуына ықпал ету мәселесі де айтылды. Жылыжай шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтайтын қойма салу жұмыстары да жүзеге аспақшы. Шұбат, қымыз өндірісін дамытуды көздейді. Бұл орайда таластықтар Түркістан облысының Сарыағаш, облысымыздың Жуалы, Жамбыл, Қордай аудандарының да тәжірибелерін көздерімен көріп, үлгі етіпті.

Аудандағы 2222 қожалықтың 531-і өз деңгейінде жұмыс істемейді. Аудан шаруашылықтарының субсидия алуы да облыстық көрсеткіштен екі есе төмен. Облыс әкімі осы мәселені сұрағанда Талас аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары мардымды жауап бере алмады. Өңір басшысы бұдан соң онлайн түрде Таластағы Ақкөл, Қызыләуіт, Аққұм ауылдық округі әкімдерін тыңдап, олардың жауаптарына да көңілі толамады. Тіпті, Ақкөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы өз жауабында: «Округте жұмыссыздар саны – 10, биыл тағы 25 адамды жұмыспен қамтимыз» деді. Осы ретте облыс әкімі: «Ақкөлде 10 адам ғана жұмыссыз болса, 25 адамға жұмысты қайдан тауып бересіздер? Оданда цифрды туралап, халыққа жақын жұмыс істеңіздер» деді. Бұдан соң Талас ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлына: «Үш округ әкімін тыңдадым. Үшеуі де жұмыстары бойынша толық жауап бере алмады. Бұл нені көрсетеді? Округ әкімдері шаруа қожалықтарға бармайды, көшелерді жиі араламайды деген сөз. Бұдан былай округ әкімі тәулігіне кемі бір отбасына кіріп, сол үйдің жағдайымен таныссын. Жұмыс міне осылай жүруі тиіс» деп ескертті.

Одан әрі Қанатбек Мәдібек «Асар» жобасының орнына Қаратау қаласындағы 14 пәтерді жөндеп, қаладағы мұқтаж отбасыларға беру мәселесі бойынша кәсіпкерлер қолдау білдіріп жатқанын айтты. Облыс басшысы бұл орайда жүйелі жұмыстың жалғаса беруін тапсырып: «Бірақ бұл «Асар» емес. «Асардың» идеясы басқа. Ол әр ауылдағы адамдардың жұмылып, жалғыз мұқтаж отбасына баспана салып беруі. Бұл жерде мейірім, ауыл тұрғындарының ынтымағы, жастардың еңбекке тартылуы секілді бірнеше тәрбиелік мәні бар қасиеттер көрініс табады», – деді.

Аталған ауданның әкімі үш көпқабатты үйді қайта қалпына келтіруге ешқандай көзден қаржы бөлінбей отырғанын айта келіп, бір көпқабатты үйді түгел сатып алған кәсіпкерден жөнделген дайын үйді шаршы метрін 120 мың теңгеден сатып алу жөнінде ұсыныс айтты. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, құрылыс басқармасына шығыны қанша болатынын зерделеуді тапсырды. Ал құрылыс басқармасының басшысы үйді сатып алу тиімді екенін айтты.

Жиында Талас ауданының ауыз су, газдандыру, жол, мектеп, аурухана, клуб салу мәселелері де егжей-тегжейлі қаралды. Облыс әкімі 28 шақырым қашықтан ауыз су ішіп отырған Ақкөл ауылының мәселесін зерделеп, шешуді жауаптыларға тапсырды. Жиында пікір білдірген барлық басқарма басшылары Талас ауданымен байланыстары жақсы екенін, ауданда барлық сала бойынша ілгерілеу бар екенін растады.
Жиынды облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы қорытындылап: «Талас ауданында кәсіпкерлік бойынша 149 жобаның қолға алынуы – өте жақсы көрсеткіш. Бұл өзге аудандарға үлгі болуы тиіс. Енді осы жобаны округтерге бөліп, аудан әкімі қадағалауды күшейтуі қажет. Ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары халыққа барынша жақын болуы керек», – деді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support