- Advertisement -

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов соттағы соңғы сөзін айтты

127

- Advertisement -

Бес адамның өліміне қатысты сот отырысында Игорь Дужнов кінәсін мойындайтыны туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ.

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов соттағы соңғы сөзін айтты. Дужнов бес адамның өліміне кінәлі екенін мойындамады, жасаған ісіне өкінбеді.

Ол 2021 жылдың 20 қыркүйегінде сот орындаушысын, екі полиция қызметкерін, жалпы алғанда бес адамды атып өлтірген. Істі Алматы қалалық соты қарап жатыр. Бүгін сотталушы соттағы соңғы сөзін айтты, ол небәрі 2 минут 48 секундқа созылды.

Ең алдымен сотталушы өзінің адвокаттары Николай Харченко мен Екатерина Безлатневаға тергеу мен сот барысындағы еңбегі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ тергеу біржақты жүргізілді деген айып тақты.

«Біздің елде барлығы кредит алу арқылы жасалады. Ол аздай банктер адамды тонайды. Банктің ішінде алаяқтар отырады, олар да адамның ақшасын тонаумен айналысады. Оған бір дәлел – Тұрғановтың (Дужновтың қолынан қаза тапқан үйдің жаңа иесі) 72 аукционға және кепілге қойылған мүлік саудасына қатысуы, менің үйімді лашық бағасына сатып алуы. Әрине, тергеу тарапынан бұған қатысты ешқандай сұрақ туындамады. Қазір Қазақстан азаматтары арасында материалдық жағынан алшақтық бар және әділеттілік сұрайтындар көп», — деді Дужнов соңғы сөзінде.

 

Ол соңына дейін отбасын үйден шығармайтынына сенімді болғанын, сондай-ақ қайтыс болған адамдарды жек көру сезімі болмағанын, қазір де жек көрмейтінін айтты.

«Себебі олар елді құртатын жүйенің бөлігі. Учаскелік полицейлер үйден көшіруге келместен бірнеше күн бұрын менің отбасымды сот орындаушыларынан қорғайтынын айтты. Алайда Әбенов (қайтыс болған сот орындаушысы) берген сыйақы үшін жоспарын өзгертті. Оның үстіне учаскелік инспектордың бірі ауысымнан кейін демалуы керек еді, яғни үйінде болуы керек еді», — деді сотталушы.

Ол айыптаушы тарапты заңды өзіне ыңғайлы түрде қолданды деп айыптады.

«Әлемде суицид саны бойынша Қазақстан үшінші орында тұр. Бұл осындай заң қызметкерлерінің «еңбегі». Менің отбасым көптеген заңсыз шешімнің кесірінен қиын жағдайда қалды. Бірақ мен әрқашан отбасымды және қажет болған жағдайда елімді қорғауға дайынмын. Осы оқиғадан кейін Қазақстан президенті үйден шығаруға мораторий енгізіп, отандастарымның өмірін улаған көптеген заңның күшін жойғанына қуаныштымын. Біздің елде билікті деолигархизациялау процесі басталғанына қуаныштымын», — деді Игорь Дужнов.

Сотталушы бес адамды атып өлтіргенін «Қазақстан халқының игілігі үшін іс» деп атады.

«Менің бостандыққа шығуым үшін күрес әлі жалғасады. Сөзсіз жеңіп шығамыз», — деп түйіндеді Дужнов.

Игорь Дужновтың ісі бойынша үкім 26 сәуірде сағат 15.00-де жарияланады.

Айта кетері, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тарап жарыссөз барысында Игорь Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бес адамның өлімі

2021 жылдың 20 қыркүйегі кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.

Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.

Сотта Дужнов адамдардың өліміне байланысты өкінетінін айтты. Ол мұндай жағдайға «заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушысының заңсыз әрекеттері» себеп болғанын айтты.

Бұған дейін алдын ала сот отырысында бас прокуратура Дужнов қылмысты жоспарлаған, ол карабинді оқтап, гаражға жасырған деп мәлімдеді.

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры Шыңғысхан Пұсырмановтың айтуынша, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі, адвокаттың көмекшісі аулаға кірген кезде Дужнов қаруын алуға барған.

Тергеу Дужновтың ауласына кірген адамдарды қабырғаға қаз-қатар тұрғызып, бірінен соң бірін атқанын анықтады. Содан кейін ол көшеге шығып, сол жерде тұрған полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған. Бірақ олар көліктің артына жасырынып үлгерген, олардың бірі оқ жаудырған адамның қаруын тартып алды.

Жалпы алғанда Дужнов карабиннен 10 рет оқ атқан, оның ішінде тоғызын сегіз секундта атты.

suptnik.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support