Шаңырағымыздың шырақшысы
Шаңырағымыздың шырақшысы
Асыл Ана! Мың алғыс Сіздің шексіз махаббатыңызға, өмірімізді гүлдендірген ақ батаңызға!
Аллаға біз ризамыз Сіздей анамыз болғанына!
Ұл-қыздары
Ананың аялы алақанының жылуына, жүрегінің мейіріміне, таза тілегіне бұл дүниеде ештеңе де жетпейді. «Жұмақ – ананың табанының астында» деген тәмсіл-сөз де ананың құдіретін айқындай түседі. Ана ақылшың, тірегің, сағынышың. Пайғамбарлардан бастап, ғаламдағы күллі ақылды, кемеңгер, барлық ұлы тұлғаларды ана дүниеге әкеліп, алпыс екі тамырынан иіп шыққан ақ сүтімен адам қылған. Данагөй бабаларымыз ежелден ана деген ардақты атты қастерлеп, ананың ақ жаулығына кір жұқтырмаған. Дүниені нұрға, жырға, әнге бөлеп өткен барлық өнер адамдары, ақын-жазушылар да ананың ұлылығын шығармаларына арқау етіп, қасиетіне бас иген. Мына жарық дүниеде тоқсан жасқа жақын ғұмыр кешкен Зиякүл Бекмұрзаева да кешегі текті аналардың тұяғы еді. Пендешіліктен биік, азаматтықпен астасқан биік санасы арқылы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Зиякүл әжені бүгінде ұрпақтары мақтанышпен, сағынышпен еске алады. Өмір – бір алып керуен, тіршіліктің әрбір сәті – адамның қайталанбас ғұмырының жалғасы. Анамыз Зиякүл Бекмұрзаева 1933 жылы 5 қаңтарда бүгінгі Түркістан облысы, Түлкібас ауданының Сәртүр ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы уақытына тап келіп, сол бір буынды ерте есейтті. Әке-шешеден ерте айырылған Зиякүл Бекмұрзаева өзінен кейін өмірге келген екі сіңлісі мен Тоқтан деген інісімен атасының қолында өскен. Үйдегі балалардың үлкені болғандықтан, Зиякүл ана тіршілікке ерте араласты. «Анамыз әңгімесінде балалық шағын жиі еске түсіретін еді. Әсіресе соғыс жүріп жатқан кезде азық-түлікпен қиын жағдай болғанынына байланысты артындағы бауырларын тамақтандыру үшін, таудағы жеміс-жидек, жабайы өсімдіктерді жинап, диірменге тартып, тамақ жасап, бауырларын тамақтандырғанын, ата-әжесіне көмек корсету мақсатында, еңбекке ерте араласқанын айтып отыратын», деп еске алады ұлы Өрнек. Зиякүл Бекмырзақызы, сол кездегі аудан орталығы саналатын Ванновка (қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы) ауылындағы мектеп үйден бесалты шақырым алыс жерде орналасқанына қарамастан, білім алуды мақсат етіп, мектепке жаяу барып-келіп оқиды. Ванновка орта мектебін бітірген соң, Ташкент қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Алайда сол кездегі үйдегі жағдайдың қиын болуына байланысты Ташкентке бара алмай, Шымкент қаласындағы педагогикалык училищені бітіріп, өзі бітірген мектепте жұмыс істей бастайды. 1956 жылы Молдияр Нұржігітов деген азаматпен танысып, шаңырақ көтереді. Молдияр Нұржігітов те жоғары білімді азамат. Жуалы ауданының Кеңес ауылында туған. Ол Б.Момышұлы ауылындағы мектепті алтын белгімен бітіріп, Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтын тәмамдаған. Жас отау иелері халқымызға тән салт-дәстүрді берік ұстанған, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген отбасы болады. Үйіндегі жарының әке-шешесіне, жарына мейлінше көңіл бөліп, олардың жағдайын жасауды өзіне парыз санаған Зиякүл Бекмұрзаева Нұржігітовтер әулетінің ұйытқысына айналады. Шаңырақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын шырақшысы бола біледі. Атасы Нұржігіт қария, енесі Айымкүл апа өмірлерінің соңына дейін келініне риза болып, ақ батасын беріп кетеді. Молдияр Нұржігітов пен Зиякүл Бекмұрзаева өз өмірлерінде сегіз ұл-қызды дүниеге әкеліп, жақсы тәрбие бере алған ардақты ата-ана бола алды. Зиякүл Бекмұрзаева «Алтын алқа» иегері. «Анамыз бен әкеміз рухы әлсіз, ұстанымы бұлыңғыр адам ескексіз қайық секілді, қай жағалауға барып соғыларын өзі де білмейді, адам бұл дүниеге қонақ екенін, талқаны таусылған күні ана дүниеге – мәңгілік мекеніне аттанып кете баратынын, тоқтығы тасыған, бірақ ертеңгі күні қарны қайта ашарын ойламағандардың болашағы бұлыңғыр екенін біздің құлағымызға құйып өсірді», деп еске алады ұлы Нұржан. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың» деген осы бір қанатты сөз қайталанған сайын аяулы анам есіме түсіп, жанарыма еріксіз жас тамшылары ұялайды. Дүбірлі дүниенің тылсым сырларын жүрегімен сезініп, бойындағы бар жақсылығын, мейірім-шуағын сәбилерінің қанаттануына арнаған құдірет иесіне бұл дүниеде жетер ешкім жоқ. Анамыз «менің бақытым – балаларымда» деген ұстаныммен біздің тәрбиемізге көп көңіл бөлетін еді», дейді қызы Гүлден. «Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар, жаманшылық жасағанға жақсылықпен қайтарыңдар, қолдарыңнан келіп тұрса, көмектеріңді аямаңдар» дейтін еді», деп әңгімесін жалғастырды қызы. «Ұлылардың ұлылығының белгісі – әдептілік пен қарапайымдылық, санасыздықтың белгісі – менмендік екенін құлағымызға құя отырып, біздің білімді, білікті, қарапайым, ізгі жүректі адам болып өсуімізге айрықша назар аударды», деп еске алады қызы Нұрипа. «Анамыз ұрғанға қол көтермеу, сөккенге сөз қайтармау, тіпті жүректерін тас-талқан еткендерге ренжімеу қажет деп санайтын. Алда-жалда біреу ренжітіп, артынан кешірім сұрап жатса, анам күн астындағы мұздай еріп, өкпе-назын тез ұмытып, күресінге лақтырып тастайтын еді», дейді қызы Гүлнәр. «Әке-шешесі – балалары үшін, балалары ата-анасы үшін ұялмайтындай өмір сүру керек» деген қағидатты өмірлік ұстанымы еткен Молдияр мен Зиякүл адал еңбек, маңдай терлерімен ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Бәрінің де жоғары білім алуына мүмкіндік жасайды. Нұржігітовтер әулетінің ұл-қыздарының бәрі де оқуда озат атанды. Осы үйдегі бес қыздың бәрі де орта мектепті алтын белгіге бітірген. Ұлдарының да бәрі мектепті бір ғана «төрт» бағасымен бітіріп, өмірден өз орнын тапқан, жоғары білімді азаматтар. Жалпы, әулеттің ұл-қыздары туралы қоғамда жақсы пікір қалыптасқан. Бәрі де ата-ана үмітін ақтап, өз мамандықтары бойынша бір-бір белесті бағындырып, Отанымыздың көркеюіне өз үлестерін қосқан. Үйдің ең үлкені Гүлден Нұржігітова Луговойдағы (Бүгінгі Т.Рысқұлов ауданы) Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті алтын белгіге бітіріп, Мәскеудегі Тимирязев Академиясын да қызыл дипломмен тәмамдаған экономика ғылымдарының кандидаты. Елімізде алғаш рет Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Академиясы ашылған кезде, сол жерде мұғалім болған. Қазір елімізге белгілі көптеген басшы, қызметкер азаматтарға сабақ берген. Нұрипа Нұржігітова Луговойдағы Шоқан Уәлиханов мектебін алтын белгімен бітірді. Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл ауданы, Аса совхозында экономист болып бастап, аға экономист, совхоз директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары, Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Үшінші қызы Гүлнәр Нұржігітова да Луговойдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті алтын белгімен бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтаған. Атырау облысында облыстық соттың судьясы қызметін атқарып, қазіргі таңда құрметті отставкадағы судья. Ал Нұрлан Нұржігітов әкесі Қордай ауданындағы «Трудовик» колхозына (қазіргі Ауқатты ауылы) жұмыс бабымен ауысқанда, сол жақта мектепті бітірген. Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтына инженер-механик мамандығы бойынша оқуға түскен. Алғашқы еңбек жолын Жуалы ауданы, Қошқарата ауылындағы ХХІІ партсъезд атындағы колхозда бастаған. Кейіннен Жамбыл ауданының Аса ауылына ауысқан. Сол ауданда аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас инженер болып жұмыс істеген. Соңғы кезде жеке кәсіппен айналысты. Өкінішке қарай 1999 жылы өмірден мезгілсіз өтіп кетті. Дариға Нұржігітова да «Трудовик» колхозындағы орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, Алматы қаласындағы политехникалық институтта жоғары білім алған. Еңбек жолын Қызылорда облысының Жусалы ауылында механика зауытында еңбек бойынша инженер болып бастап, 1994 жылы Қызылорда облысының әкімдігіне инспектор болып ауысады. 1998 жылдан бастап, қоныс аударуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің басқармаларында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарады. Қазіргі уақытта «Шымкенттранстелеком» компаниясында экономист болып қызмет атқаруда. Өрнек Нұржігітов те «Трудовик» колхозы орта мектебінің түлегі. Мәскеудегі станкоинструменталдық институтын инженер мамандығы бойынша тәмәмдаған. Алматы қаласындағы «Киров» зауытында және өзге де ірі кәсіпорындарда жұмыс істеген. Бүгінде Алматы қаласында түрік компаниясында директор болып қызмет атқарады. Ал Гүлжан Нұржігітова да «Трудовик» колхозындағы мектепті алтын белгімен бітіріп, Алматы қаласындағы политехникалық институтты программист мамандығымен тәмамдаған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Үйдің кенжесі Нұржан Нұржігітов Ленинград қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген, техника ғылымының кандидаты. Еңбек жолын Жуалы ауданында, М.Горький атындағы колхозда механик ретінде бастап, соңынан мемлекеттік қызметке ауысып, Жуалы әкімдігінде жас маман ретінде қызмет етіп, күні бүгінге дейін мемлекеттік қызметтің көптеген сатысынан өтті. Өңірге тәжірибелі басшы ретінде белгілі. Әр жылдары Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Байзақ ауданының әкімі болып істеген. Бүгінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарады. Ата-анасының жолын қуған балалары ата-анасына кір келтірмей, жақсы оқып, еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапынан да еңбектері бағаланып, көптеген марапаттарға ие болған. Соның ішінде Нұрипа деген қызы «Ерен еңбегі үшін» медалі – мемлекеттік наградасымен марапатталған. «Анам өмірдің көшінде адам тек өз еңбегімен ғана өмір сүруі керек» екенін жиі айтатын», деп еске алады қызы Нұрипа. Жалпы, бұл әулеттегі ұрпақ тәрбиелеудегі басты ұстаным – балаларды адал еңбекке баулу болған. «Еңбек ер атандырады» дегендей, ата-ана балаларына еңбектің наны тәтті екенін ерте ұғындырған. Бала күндерінде бақша егу, мал бағу сияқты жұмыстарға көп араластырды. «Анамыз бен әжеміз индюк, үйрек, тауық, қой, сиыр ұстап, үйде әр уақытта сүт, айран, қаймақ, жұмыртқа толып тұрушы еді», дейді қызы Гүлнәр. «Әсіресе, институтта оқып жүргенде, каникулға шығып, үйге келе жатқанымызды білген анамыз үйрегін, тауығын сойып, тамағын дайындап отыратын. Үйдің табалдырығын аттаған сәтте-ақ, бізді асыға сағынышпен күтіп отырғандарын осы тағамның иісі сездіруші еді. Сол анамның тағамының дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Себебі ол тағамда анамыздың бізге деген бар сүйіспеншілігі мен сағынышы тоғысқандай еді», дейді анасын сағынышпен еске алған қызы Гүлнәр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Жақсы ата-ананың әр сөзі, әр өсиеті ұрпақ жадында жаңғырып тұрады. Әжем де, анам да үнемі әкелеріңді тыңдаңдар, әкелеріңе сөз тимесін деп отыратын. Әкеміз жиырма жыл бойы осы өңірдің Жуалы, Т.Рысқұлов, Қордай аудандарында басшылық қызметте, атап айтқанда зауыт директоры, колхоз төрағасы болды. Сол кезеңдегі ауыл халқының тұрмысын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға белсене араласып, жұмысы жемісті болды. Бұл еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, сол кездегі мемлекеттегі ең жоғарғы Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, одан басқа көптеген медальдармен марапатталды. Мақтау, алғыс хаттар өз алдына бір төбе», деп еске алады ұлы Нұржан. «Әрине әкеміздің бұл жетістіктеріне анамның қосқан үлесі өте зор, себебі әкеміздің қабағына қарап, сол кісінің үйде барлық жағдайын жасап отырды. Әкеміз жұмыстан келген кезде бізге «Шуламаңдар әкелерің демалсын» деп ескерту жасап отырушы еді. Анамыз бен әжеміз әкемізді үйдің күйкі тіршілігіне араластырмауға тырысты. Осы ретте әжеміз, әкеміздің анасы туралы да айтып кеткім келеді, біздің тәрбиемізге ол кісінің қосқан үлесі зор. Төрт құрсақ көтергенмен, тірі қалғаны жалғыз біздің әкеміз болғандықтан, жалғыз тұяғының ұрпағының тамыр жайып, өсіп-өнгенін қалады. Анамызға қолқанат болып, барлығымызды бауырына басып, анамызбен қатар төрт ұйқысын төрт бөліп, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді деп айтсам артық болмас», деп сөзін түйіндеді Нұржан Молдиярұлы. Ата-ананың балаға деген мейірімі шексіз. Баланың да ата-анаға деген құрметі бөлек. Нұржігітовтер әулетінің қадірлі анасы болған Зиякүл әжені де ұл-қыздары сағынышпен еске алып, естеліктерімен бөлісті. «Анамыз да, әкеміз де, әжеміз де өте балажан еді. Біз балаларымыз мектептен каникулға шыға салысымен барлығымыз Алматыдан, Атыраудан, Шымкенттен, Тараздан оларды жазғы демалысқа ауылға сол кісілердің қолына жіберуші едік. Әрине, бұл уақытша болса да балалардың әбігерінен демалу емес еді, бұл балаларымыздың ата-анамыздың шексіз сүйіспеншілігінің атмосферасына сүңгіп, туған жеріміздің табиғатының сұлулығы мен ауыл тіршілігінің тынысын сезіне отырып, адамгершілік сабақтарын алса деген ой еді», деп сөзін аяқтады қызы Дариға. «Келіндерім Кәмшат, Сәуле, Райхан өзіме тартқан, үшеуі де еңбекқор, тәрбиелі» деп анамыз мақтанып отыратын. Үлкен ұлы Нұрлан мен келіні Кәмшаттың тұңғыш перзенті Ләйләні қырқынан шығара салысымен өзінің бауырына басып, тәрбиеледі. Ол кезде ұлы да, келіні де студент, екеуі де институттың 3-курсында оқиды. Оқуларын кедергісіз аяқтасын дегені еді. Ләйлә содан ата-анамыздың қолында мектеп бітіргенше болды. Ләйлә біздің ең кіші бауырымыз деп есептейміз. Өмірдің күйбең тіршілігімен және өзімізге тән ұстамды мінезімізбен әке-шешемізге деген сүйіспеншілігімізді өз тарапымыздан толыққанды білдіре алмасақ, сол сүйіспеншілікті де, еркелікті де ата-анамызға Ләйлә сыйлады», дейді қызы Гүлжан. Зиякүл Бекмұрзаева туралы жақсы естеліктер көп. Ұмытылмайтын сәттер де жетеді. Жақсы адамның аты жақындарының жадында әрдайым жаңғырып тұрады. «Зиякүл ешқашанда байыбына бармай босқа даурықпайтын, келісті қисын, бұлтартпас шындыққа арқа сүйеп сөйлейтін. Үйіңді дүние-мүлікке толтырғаныңмен, өміріңді аста-төк байлыққа жеткізгеніңмен, кеудең қуыс, жүрегің беріш қаратас болса, не пайда деп жиі айтып отыратын», деп еске алады сіңлісі Халима Бекмұрзақызы. «Анамыз атадан төртеу болып туылғанымен, екі бауыры жастай бұл дүниеден озған. Халима әпкеміз елге танымал, осы өңірде көп жылдар судья болып қызмет атқарған, аға буын бұл кісіні жақсы таниды. Әпкеміз Гүлнәр мектепте оқып жүрген кезден бастап Халима әпкем сияқты судья боламын деп армандайтын. Анамыздың екі бауырынан артында қалған ұл-қыздарымен араласып тұрамыз. Бауырымыздың көп болғаны жақсы ғой. Ата-анамыз өте бауырмашыл кісілер еді», дейді ұлы Өрнек. Зиякүл әже туралықтың, адалдықтың жолынан тайған жоқ. Ұрпақ тәрбиелеп, ана, әже атанды. «Анамыз балалары мен немерелерінің қуаныштарын көрді, шөбере сүйді. Ұрпақтарын жанындай жақсы көре білді. Анамыз мұғалім, кітапханашы болып жұмыс істеді. Талантты жан еді, өлең шығаратын еді, ақ батасын өлең түрінде жеткізетін еді. Әдеби кітаптарды көп оқығанды жақсы көретін. Әрі балаларының да кітап оқығанын қалайтын. Ата-анамызға алғысымыз шексіз, бас иеміз, тағзым етеміз, ата-анамыз жер бетіндегі ең жақсы адамдар. Ата-ананың орны ешқашан толмайды», деп толғанады үлкен қызы Гүлден. Зиякүл әженің өзі өмірден өткенімен, өнегесі қалды. Отбасының жылуы, жарының ақылшысы болған, Құдай берген перзенттеріне аналық мейірін төккен ардақты ананың өмір жолы өзінен кейінгілерге үлгі. Тағдырдың түрлі сынақтарын басынан өткерсе де мойымаған, ең бастысы адалдық, адамдық қалпынан айнымаған әженің жолы салиқалы. Қазақтың қарапайым қағидасымен өмір сүріп, қасиетін ұрпағына дарытқан ананың есімі мәңгі ұрпағының есінде.
Хамит ЕСАМАН