Боксшы қыз рингте қатал, өмірде нәзік болуы керек
Боксшы қыз рингте қатал, өмірде нәзік болуы керек
Әдетте, қыз баласының спортқа баруы, онымен кәсіби түрде шұғылдануы сиректеу келеді. Ерлерге қарағанда заты нәзік арулар спорттың қатал түрі саналатын бокс, күрес секілді түрлеріне соншалықты әуес бола бермейді. Дегенмен, соңғы кездері спортқа деген қыздарымыздың да қызығушылығы артқаны айқын. Қазақ ұлты, оның ішінде қазақ аруларының мінездері жайдары келеді. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқанын жергілікті ұлт ешқашан қаперден шығарған емес. Сондай ыстық ықыласпен, мейіріммен бізді де қарсы алған. Шыны керек, қыз баласы әдетте отбасы, ошақ қасында жүруі керек болғанымен, жастайынан қиындық атаулымен күрескен адам нәзіктігіне қарамастан төзімді келеді. Менің бойымда да сол төзімділік бар. Шаршы рингте шүмектеп тер төгеміз. Мұның бәріне тек дала жұмысын көрген нәзік жандылар ғана төзсе керек. Әйтпесе, қолын ыстық суға малыған, ақ саусақтың бәрі де спортшы болып кетпей ме? Мен рингте қаншалықты қатал болсам да, өмірде нәзікпін. Өйткені, қыз баласының бойында нәзіктік, бекзаттық болуы тиіс. Ал рингте қаласаң да, қаламасаң да қарсыласыңды төмпештейсің. Ол жерде бір ғана спортшының емес, елдің, жердің намысы сынға түседі. Сондықтан аялы алақанына салған, ардақтаған, құрметтеген Отанымыз үшін біз де отқа түсуге тас түйін дайынбыз. Ақиқатын айтқанда қазақтай бауырмал, мейірімді халық некен-саяқ шығар. Шексіз мейірім, ыстық ықылас, жылы жүрек бізге қуат береді. Қазақ арулары ешқашан өзінің намысын жатқа таптатқан емес. Алаш арулары үйде отбасының тірегіне айналса, спорттағы қыздары елінің беткеұстарына айналуы тиіс.
Юлдуз Маматкулова, бокстан әлем біріншілігінің жүлдегері.