Сәлем салып, сауап ал!
Сәлем салып, сауап ал!
Бүгінде, шынын айтқанда, келген қонақ алдымен келіннің қас-қабағына, оның қалай қарсы алғанына қарайтын болған. Иіліп сәлем салып, ізеттілік танытып тұратын келіні бар үйге келген қонақ та емен-жарқын отырары хақ. Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады. Үлкеннің алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?!
Алғашқы сәлем беташарда жасалады. Әдеби кітаптарда бет ашқан адам оқтаудың ұшындағы орамалға түюлі бағалы затты алатындығы жазылады. Ол теңге немесе алтын, күміс бұйымдар болуы мүмкін. Кейбір байлар тіпті орамал ішіне тайтұяқ салатын болған. Ол кезде беташарға жиылғандарға сәлем сатылмаған. Ортаға табақ қойылып, ақша жиылмаған. Сондай-ақ, ақшаға құныққан қазіргі «беташаристер» секілді келінге еңбектеген балаға дейін сәлем салдырмаған. Өйткені, келін күйеуінен кіші адамға еш уақытта сәлем салмаған. Бір қызығы, еліміздің әр өңірінде сәлем салудың әртүрлі «нұсқалары» бар. Мысалы, сәлемнің «иілу», «оң аяғымен тізерлеп тағзым ету», «бір қолын тізесіне қою» арқылы сәлем салу сияқты түрлері болады. Бұл күндері кейде, сәлем салған келінге не айтарларын білмей, абдырайтындар да кездеседі. Өз басымнан мысал келтірер болсам, жаңадан келін болып түскен жылы сәлем салғанымда сасқандарынан қолыма жармасып, кейбір апайларымыз, мен иілсем, өздері де қоса иілгендері есімде. «Қызымызсың ғой» деп, беттен сүйіп сәлемдескен қайын ағаларымыз да болды. Себебі, қазір сәлем салатын да, сәлем салуды үйретіп, өнеге етер үлкендер жағы да азайып барады. Бұған кейбір енелердің «келінімді өз қызымдай көремін» деп, орамал тақпай, сәлем салмай-ақ жүре берулеріне рұқсат беретіндіктері де себеп болуда. Бұған қуанатындар көп шығар. Әйткенмен, келіннің аты келін емес пе? Қазақта қандай жағдайда келін сәлем салмаған? Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан екен. Өйткені мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізіпті. Сосын күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан келінді біржола босатқан. Бұл «Ендігі жерде басың иілмесін! Жүзің төмен түспесін! Қызымыздай бол!» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер ілтипат, қамқорлық. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатып, ағайын-туыстан алшақтап кетпеуі үшін жасалатын болса керек. Қорыта айтқанда, белі бүгілгенше үлкенге сәлем салу салтын сетінетпеген апа-әжелеріміздің жолын түрлі желеулермен жоғалтып алмай, керісінше, жандандырып, бойымыздағы ибалылық пен үлкенге деген құрметті арттыра түссек екен, ақ жаулықтылар!
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».