Әлеумет

Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы...

Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы...

Асау сөздің атасы Ақтамбердi арман жырында: «...Атасы басқа қалмақты, Жұртынан шауып бостырып, Түйедегi наршасын Әлпештеген ханшасын Аялаған аруын Ат көтiне мiндiрiп Тегiнен-тегiн олжа қылар ма екенбiз...» – деп бекер тебіренбеген болар. Бұл тебіреністе әрбір ұлттың намысы қызда байлаулы екенін аңғартады. «Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзге мөлдіреп жас келеді» деген мәтін де ағайынның абыройы, жұрттың жігері, елдің ар-ожданы қыздың әдебінде екеніне иек артады. Содан болар, Сүйінбай атамыз Қатағанмен айтысында, елдің елеулі руын айта кетіп, қыздары бетін пердеден ашпағанын айтады. Мұндай мысалдар баба тарихында жетіп артылады. Жарқыраған жаңа заман туысымен, жастар батысқа бет бұра бастады. Құбыла күн батыста. Кейбіреулерге құбыла – «жын батыста». Еркелердің етегі қысқарып, бұрымның ұғымы ұмытыла бастады. Сонда «қой» дейтін ата-ананы нарық билеп, ұл-қыздарды экран басқарды. Еуропа жұрты озық білім алады екен деп ұрпағымызды шетелге жібердік. Сондықтан дана Абай «Баламды медресеге біл деп бердім» деп шумақ жазған болар. Оқытқан жақсы. Студенттік еркіндік деп олар Хэллоуин, Әулие Валентин күнін тойлауды кұп көрді. Ондағы еркіндік ұғымы шегінен шығып, қыздардан сипат кете бастағаны уақыт көрсеткен дәлел. Жатақхана студенттердің ортақ үйі болғандықтан, Ләйлісіне ынтық Мәжнүндер келе бастайды. Сертіне берік, ойы адал жігіттер бүгінде тапшы. Қараңғы түссе ғашықтар, күйем, сүйемге басып ессіз ерін айқастырып жатқанын талай көрдік. Қымбат көлікке, қысқа көйлекпен мініп, құшақ толы гүлге алданып жатады. Жатақхана ішінде өте жеңіл киінген қызға, «аш бөрілер» бет бұрмасына кім кепіл? Ата-баба тарихында тойланбаған «туған күн» біздің менталитетімізге сіңіп, оны атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Шараппен тілектер айтылып, арақпен тосттар гуілдеп жатады. Қаладан тысқары жердегі коттеджді жалдайды. Басына сүйір қалпақ киеді, дүрсіл-дүрсіл би, ерсі қылық, нәпсі еркіндігі... Ақыры анық. Қыздардың қысқа киінуіне ішкі сезім себеп болуда. Ішкі даусы «мамбетка», «колхозка» болма, бар нәпсіні жаулап алып, жанарлардың нұрын қашыр дейді. Біз өкше аяқ киім киіп, жел соққан шыбықтай сүрініп жүрген қыздар көбейген үстіне көбеюде. «Қарындасым шашты жайма» деп жанашырлық білдірсең «өз ақылың өзіңе» дейді. Мешіттен мәйханалар басым болған бұл шақта, әрбір кафеде кемі 10 қыз жүрмейді деп ешкім айта алмас. Оған куә жігіттер, ондай қыздарға үрке қарайды. Бәлкім, содан болар оң босаға толардай-ақ толды. Дертті берген Құдай, емін де береді. Емі – имани тәрбие. Үш жасар қыздың алдында арақ ішіп, шарап ішіп, қыз-келіншекпен құмарлану – психологиялық соққы. Сол сияқты жасөспірім алдында шешесінің шешесін сөгу, ұлдың қызға құрмет жасауына кедергі келтіреді. Алайда, мұны мұң деп қабылдар жан табылса. «Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы, Қиын-ау, қиын, тым қиын. Не болар екен тағдыры?! Үйіріліп соқса, бір құйын» – деп Мұқағали да мұңайған. Қыздарға кінә тақпастан бұрын, оларды «ВКонтактіде» ерінін бұртитып, пікірінде (коментарийінде) «Спасибо жан, жанчик, жануля» дегізген ата-анаға ат басын бұру қажет. Нарық қанша қысқанымен қыздың тәрбиесіне көңіл бөлуді сұрау керек. Әлеуметтік желі, әлеуметтік жегіге айналды ма дерсің. Шүкір етер шаруалар баршылық. Ата-ана абыройын асқақтатып жүрген қаракөздерді де көп кездестіреміз. Тек оқуын оқып, ұқыпты киініп, ұятына беріктік жасап жүргендерін талай байқадық. Тек, тегіміз бір, қанымыз ортақ әпке-қарындастардың жоғарыдағыдай жағдайына алаңдаушылық білдіріп қою парызымыз. Оқыған ел ойланар, пайдаңа ассын, ағайын!

Байжан Емберді.

Шу ауданы.