- Advertisement -

Байлық-бақыт па?

179

- Advertisement -

– Қазіргі байлардың бұрынғы байлардан айырмашылығы қандай?
– Бұрынғы байлар рулы бір елді асырайтын, бағатын, жыртығы болса жамайтын.
Қазіргі байлар «өзім, өзім» деп тек өз басының байығанын ойлайды, басқаны
сезінбейді.

(Автобустағы екеудің әңгімесінен).

Билік пен байлық. Осы екі сөздің арасында қазір қандай айырмашылық бар? Бүгінде адамдар неге тек билікке ұмтылады? Уа, халайық, елдің барлығы билікте, тақта отырса тірлікті кім атқарады? Неге байлық пен билік қазіргі жастардың санасын кеміріп, идеялына айналды? Билік пен байлық адамды бақытты ете алады ма? Биліктің басында жүргендердің барлығы ел-жұрттың көңілінен шығып, көптің сенімін ақтап жүр ме? Соңғы кездері мені осы бір сауалдар көбірек ойландыратын болды. …Бірде үйде жинаған көп кітаптардың бірінің ішінен: Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер, Басында панасы жоқ пақыр да өтер.

Бұл өмір, қарап тұрсаң, тұрағы жоқ, Жел соқса бір-ақ күні ұшып кетер, – деген өмірлік философияға толы жыр шумақтарын оқып алып ойға шомдым. Иә, әр заманның өз философиясы бар. Уақыт өтті, адам да өзгерді. Кейде ойға беріліп, өткен заманның ақжарқын әзіл-қалжыңдары жарасқан асыл азаматтардың, олардың ерлікке пара-пар атқарған жарқын істерін, бір-біріне деген қамқорлыққа толы қазақтың дарқан даласындай аңқылдаған пейілдерін есіңе алып, қазіргі күндермен салыстыратынымыз заңды. Қазақтың пейілі кең, дастарқаны мол, бауырмал, қонақжайлығында ешбір сөз жоқ.

Ата дәстүр, Аллаға шүкір, ұмыт қалмай әлі де жалғасып келеді. Бірақ… Бірақ, кейде көңілге қаяу түсіретін қазіргі қоғамымызда болып жатқан теріс, көлеңкелі істерге тоқталмай, оларға көз жұма қарау да дұрыс болмас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті бір мәжілісте «Қазақстан халқына» деген қор құруды ұсынып, табысы ірі компаниялар мен бизнесте жүрген байшыкеш-олигархтарды халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, денсаулық және білім салаларын жетілдіруге үлес қосуға шақырды. Байлық та, билік те қолдың кірі екенін ескерсек, қазіргі ел тұтқасын ұстап отырған шенеуніктердің өз олжасын туған халқымен бөліспеуі – ең үлкен кешірілмейтін қасірет.

Мемлекеттік қызметке дәнігіп, аяқ астындағыны көрмей, терісіне сыймайтындай шалқақтап, төменгі жандарды менсінбей, барынша араны ашылып, қорқау қасқырдай ашкөз, «түйені түгімен жұтып», халықты сүліктей сорып жүре беретін тойымсыз, қанағатсыз жандарға «Қызметіңе адал бол!», «Қанағатшыл бол!», «Елден үлкен емессің!», «Арыңды таза ұста!», «Абырой-атақ шын еңбекпен келсін!» деп ұдайы еске салып тұрғанымыз да жөн болар еді.

Ойланайықшы, бақыт байлықта ма? Философ-ғалым Амангелді Айталының айтуынша, бес ғасыр бұрын испандар отарлап, халық санағын жүргізгенде канадалық үндістердің саны 14 миллионнан асқан. Қайсыбір жылы халық санын қайта есептегенде соншама жергілікті ұлттан 800 мыңы ғана қалыпты. Солардың ішіндегі бір миллиардер кəсіпкерден «Сіз байсыз.

Байлық – бақыт па?» деп сұрағанда, ол «Жоқ, байлық бақыт емес. Ғұмыр бойы жинаған бар байлығымды елімнің бір күндік тəуелсіздігіне айырбастар едім!» деп жауап берген. Бұл – елінің, халқының бостандығын, тәуелсіздігін аңсаған жанның арманы, патриоттық сезімі деп ұққан дұрыс. 20.03.2017 жылы миллиардер арасында ең ұзақ жасаған әлемге аты белгілі американдық Дэвид Рокфеллер өзінің денсаулығына байланысты жеті рет жүрек, екі рет бүйрек алмастыру отасын жасатып 101 жасында, соңғы жүрек алмастыру операциясынан кейін ұйықтап жатып, дүниеден озды.

Ол соншама байлық иесі бола жүріп, көпшілікке көмек қолұшын беріп, жәрдемдесуді еш ұмытпаған екен. Атап айтсақ, оның қаржысы Рокфеллер атындағы медицина институты, Чикаго инситуты, Нью-Йорктағы Біріккен Ұлттық Ұйымның (ООН-ның) штаб-пәтері, қатерлі ісік ауруларын емдейтін ең ірі онкогоспиталы, бірнеше қарттар үйінің құрылысына және басқа да игілікті шараларға жұмсалыпты.

Гуманитарлық және қаржы факультеттерінің білімгерлерін қолдау мақсатында жыл сайын орта есеппен 100 миллион доллар көлемінде демеушілік жасап келген. Атасының бастаған дәстүрі бойынша ағайын-туыстарына жылына 8-10 мың доллар қаржы бөліп отырған.

Олардың саны 10-20 емес, жүзден асып жығылған екен. Әрине, қазіргі жастар армандағандай, бай болған, қиыншылық көрмеу жақсы да шығар.Өйткені, ақша материалдық игілік қана емес, ол өмірдің қуаты, өзегі, тірегі. Қалтаңда ақшаң болмаса, азығың да жоқ. Азық болмағаннан кейін күш-қуатың да, күйің де жоқ. Қандай ақылды, парасатты бола тұрып кедей болсаң саған ешкім пысқырып қарамайды, есептеспейді, сыйламайды, тіпті, бұрылып сәлем де бермейтіні хақ.

Рас, дәл қазір ақшаның беделі өсіп, әлгі халық аузындағы «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» болып тұрған таразыдай қалт-құлт еткен дүрбелең дәурен ғой. Жеке адамның беделі мен мәртебесі байлығымен, тіпті, құрметті атақ, мемлекеттік награда қалтасындағы ақшасымен өлшенетін түйсігі мол, саналы кісінің түсінуіне қиын алмағайып кезең болып тұр. Несін жасырамыз, бұл күндері ағайын-туыстардың арасындағы қарым-қатынас, дос-замандастары арасындағы сыйластық ақшаңа байланысты.

Қазіргі «жаңа қазақтар» «сай сайға, бай байға құяды» деген принциппен өзі тәрізді қалталы байлармен араласады, сыйласады, бірбірімен ғана сырласады. Еңбек – адамның негізгі кәсібі. Адал нәсіп – адал еңбекте. Еңбек болмаса экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай жақсарады деу қиын. Еңбектің құдіретін ұқпайтын жастар өсіп келеді. Біздің елде осы мәселе бүркеленіп, көлеңкеде қалып бара жатқанын мойындағанымыз жөн. Қай өңірді алмаңыз, жұмыс іздеп, сарылып жүрген жандарды кездестіресіз.

Алысқа бармай-ақ мысалға біздің Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласын алайық. Кеңес заманында бұл шаһарда алып 3 химиялық зауыт, «Кожобувькомбинат», ПОШ (шүн жуу) фабрикасы, «ЗаводЗапчасть» зауыты, резеңке, шиша зауыты, ет комбинаты, сүт комбинаты, спирт-арақ комбинаты, қант зауыты, үй-құрылыс комбинаты, элеваторлар және де басқа ондаған ірілі-ұсақ кәсіпорындар әжептәуір қызмет етіп тұрды.

Оның әрқайсысында бірнеше жүздеген, кейбірінде бірнеше мыңдаған жұмысшы-қызметшілер еңбек етті. Қазір солардың арасынан бар болғаны «Қазфосфат» бірлестігі ғана «тірі». Басқаларының барлығы «жұмғанның жұдырығында, тістегеннің аузында» кетті. Тіптен жойылып, тып-типыл болғандары да аз емес. Қала тұрғындарының біразы нәпақасын табу үшін қыр асып, Алматы, Астана, Атырау қалалары мен басқа облыстарға вахталық еңбекке «жегілді», тіпті, базбіреулері Ресей, Корея, Германия, АҚШ сынды шетелдерге кетті. Олар кімдер?

Әрине, жоғары білімді, қолдарынан іс келетін түйсігі мол, саналы азаматтар. Ауыл тұрғындарының тіршілігі де мәз емес, жастар туған ауылын, атамекенін тастап, қалаға үдере көшті. Тіпті, депрессияға ұшырып, «болашағы жоқ ауыл» қатарына қосылғандары да бар. Сөйтіп, халықтың тұрмыс-тіршіліктері күрт нашарлады, отбасылар күйзеліске түсті.

Шет елдермен салыстыра отырып, билік басындағылар «біздің қоғам әлемде болып жатқан үрдіс – урбанизацияға бет алды» деп мәз-мейрам болып жүр. Бұл дегенің біздің елге, халыққа кері әсер етіп жатқанын, ауыл тіршілігін ертең құрдымға апаратынын олар ұғар ма екен? Қалаға барған қазақты қай көкесі құшақ жайып қарсы алады? Қалада «жұмыссыз қазақ» атанып, кедейшіліктің санын көбейткеннен не ұтамыз? «Қазақстан – кеңбайтақ: жерінің асты да үсті де бай» деп кеуде соққанмен, елімізде неге жұмыссыздық жайлап барады? «Құдай береді, үкімет өлтірмейді» деп көктен жәрдем, Алладан көмек сұрап жүре береді ме біздің тепсе темір үзетін қазіргі жастар? Әттең… Санаңа салмақ салып кейде күйінесің.

Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия мен Сингапур халқы еңбектің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Тіпті, көршіміз Өзбекстанның өзі бірте-бірте экономикалық жағдайын түзеп келеді. Иә, ел-жұрт болып бізде ойланатын дүние көп… Еңбек қағидасын өмірімізге енгізбесек, еңбекқорлықты жастардың бойына сіңірмесек келешегімізден үміт күту бос әурешілік. «Ұлт ретінде әлемдік қауымдастық көшінен қалмаймыз десек, сөзуарлықтан – сөз ұғарлыққа, еріншектіктен – еңбекшілдікке көшуіміз керек» деген белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіптің сөзін толық қолдаймын. Адам арын сатып, ұрлыққарлықтан емес, таза еңбектен бақыт табуы керек. Бұл дүние дегеннің бәрі еңбекке байланысты екенін ұққанымыз жөн. Иә. Қазіргі қоғам тым күрделеніп кетті. Адамдардың пиғылы өзгеруде.

Еліміздегі телеарналарға құлақ ассаңыз, қаржыдан қиналған қаншама дімкәс жас балалар тиісті ем ала алмай көпшілікке қол жаяды? Қаншама көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, қарттар баспанасыз халдері мүшкіл жайда қиналып, шырғалаңнан шығудың жолын іздеп қабырғалары қайысып, тағдырларына налып, «қан жұтып», күйзеліп жүр? Бар жиған-терген қаржысын шетелдік банктерде мұртын бұзбай сақтап отырғандары да бар. Демеушілік деген істі олар ұға бермейді, тіпті, өздерінен қызғанады, жиғанының үстіне жия берсем деген ойдан, пиғылдан шыға алмай жүр.

Оның орнына шетел асып, Дубайға барып тәулігіне 25 мың доллар төленетін таңғажайып қонақүйге орналасып, немесе туған күнді таңғажайып теңіз жағасында достарымен өткізіп, әдемі демалып, жан рахатына батқанды жөн санайды… Иә, мәселе сол байлық қандай жолмен келді? Ой таразысына бір сәт болса да салып көрейікші. Әлгі байлық таза еңбекпен, маңдай термен келіп жатса сөз басқа. Ірі қызметте отырып, қазына қаржысын қымқырып, біренен соң бірі сотталып жатқан ашкөз шенеуніктер өздерін бақыттымын дей ме екен?

Біреуді арбап-алдаумен, үркітіп-қорқытумен келген ақша әлгілердің шекесін шылқ еткізер ме екен? Бүгін «бақыттымын», «баймын» деп май шайқап жүргенде ертең аяқ астынан сүрініп, заң алдында жауапқа тартылып, абақтыға тоғытылып, бір сәттеақ жинап-терген дүниесі желге ұшуы әбден мүмкін емес пе?!

Ондай оқиғаларды мына дүрбелеңге толы сайқымазақ өмірден көріп те жүрміз ғой. Ал біздің білмейтініміз қаншама… Тәубе, әр өңірде қолдары ашық жомарт жандар кембағалдарға, көпбалалы отбасылар мен жетімдерге қолұшын беріп жүрген қалталы азаматтар баршылық. Олардың халыққа берген көмегі, жомарттығы жайлы газет-журналдар мен теледидарлар көпшілікке хабардар етіп жатады. Әлгі жомарт жандардың игілікті істерін естіп, кеудеңде лүпілдеген жұдырықтай жүрегің әжептәуір жылып қалады. Қолдан келіп тұрса, мүмкіндігі жетіп тұрса неге өзгелерге жақсылық жасамасқа?! Қыстыгүні қар сұрасаң, қиып бере алмайтын шығайбайлар да көпшіліктің жырып алып, байып жатқан шенділерді халық білмей, көрмей отыр ма?

Құдай бізді сондай теріс жолмен, арам пиғылмен жиналған байлықтан сақтасын. Барымызға береке беріп, пейілімізге қанағат ұялап, басымыздан бақ, ырыс, бірлік, ынтымақ, тазалық пен адалдық таймасын! Байлық та, билік те адамға керек. Бірақ, олардың жауапкершілік жүгі ауыр екенін әсте есте ұстап, халыққа түскен ауырлықты бірге бөлісіп, елге емірене қызмет атқарып, арымыздың таза болғаны орынды емес пе?!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының
докторы, профессор, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support