Жақсы ене анаңдай
Жақсы ене анаңдай
Жақсы келін қызыңдай...
«Жақсы енені жаман келін жер қылады, жақсы келін жаман енені ел қылады» деген сөз бар қазақта. Жалпы ықылым заманнан ене мен келін арасында «бітіспес дау» бар. Неге? Ене жаман ба, келін жаман ба? Осы сауалға өзімнің өмір тәжірибемнен ой бөліссем деп едім. Кезінде мен де бір ененің келіні болдым. Енем қарт кісі еді. Бір үйдің жалғыз қызы болып шолжаңдау өскен мен үй шаруасына расында шорқақтау едім. Осы тұрғыдан енем басында қатты сынап алды. Кейін менің ол кісіге деген ілтипатым, оны екінші анамдай қабыл алған жақсы пейілім жеңіп шығып, мені апам (енем) өзінің туған қызындай көріп кетті. Қазір өзімнің екі келінім бар. Екеуін де жастай алдық. Үлкенім қазір өзі де құдағи атанып отыр. Мен әуел бастан келіндеріме өз қызымдай қарадым. Өйткені, менің түсінігімде «сенің келінің біреудің әлпештеп өсірген қызы». Ендеше, ол сенің қызың болуы керек. Ал осы сыйластықты келіндер қай тұрғыда түсініп жүр? Мәселе сонда. Қазіргі келіндердің көпшілігі «қит» етсе енесін жамандап шыға келеді. Ал өзі енесінің жарқын пейілінен шығатындай талапқа сай болды ма? Осы жағына назар аудармайды. Мен тіпті енесін «апа» дегісі келмейтін, сыйламайтын, теперіш көрсететін келіндер жайлы да естідім. Қазір менің қолымда бір келінім бар. Мен онымен кейде құрбы, кейде қызымдай сырласып отырамын. Ол да маған «апалап» ақ жарқын көңілін білдіріп тұрады. Аллаға шүкір шәй дескен кезіміз болған емес. Рас, қатал енелер де көп. Тіпті, баласын келінінен қызғанып, келініне күн көрсетпей, тіпті, қол жұмсап, үйінен қуып шыққан енелердің кесірінен талай шаңырақтың ортасы ойрандалғанын да көрген жайымыз болған. Қарап отырсақ, келін сенің ұрпағыңның ізін жалғастырушы, осы әулеттің ардақты анасы емес пе? Сондықтан қазақтың енесі мен келіндері «жақсы ене анаңдай, жақсы келін қызыңдай» деген тәмсілін жадыдан шығармаса екен деймін.
Мейрамкүл Әбішқызы, зейнеткер.
Т. Рысқұлов ауданы.