Ораза тұтқан оқушылардың сабаққа салғырт қарап жүргені қаншалықты рас?

29

Қасиетті Рамазан айы басталғалы да біраз күндер артта қалды. Он екі айдың сұлтаны саналған отыз күнде құлшылық жасап қалуға, ауыз бекітіп, ауыз аштырып, сансыз сауапқа ие болуға ұмтылып жатқандар аз емес. Дін өкілдері айтып өткендей, қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 183-аятында Алла Тағала: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар», дейді.

Бұл балиғатқа жеткен, ақылесі бүтін, денсаулығы жарамды адамдардың барлығына ораза парыз екенін байқатады. Балиғат жасы демекші, соңғы кездері әлеуметтік желілерде оқушылардың арасында да ораза тұтып, сабаққа салғырт қарау белең алып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатқандар бар. Тіпті елімізге белгілі бір әнші ағамыз ораза тұтқан оқушылардың келешегі қиын болатынын айтып, әңгіме қыза келе дін Исламды да қаралап жазғанын көз көрді.

Әрине, дінге сену, сенбеу әр адамның өз еркі. Дегенмен де Алла Тағалам өзі кешірсін, дәл қасиетті айда осындай әңгіме өрбіту қаншалықты қажет болды? Мейлі, әңгіменің барлығы оқушының ораза ұстағанынан шығып отыр ғой. Біз тілші ретінде осы мәселеге көз жүгіртіп, мамандарды сөйлетіп, сараптап көрдік.

 Алдымен жақында ватсап желісінде аты  жөні белгісіз бір мұғалімнің аудио жазбасы тарағанын айтайық. Онда: «Құрметті ата-аналар! Сәлематсыздар ма? Мына балалардың бәрі ораза тұтып алған. Келеді де сабақ оқымайды, жатады бәрі бастарын көтере алмай. Өйтіп бастарын көтере алмайтын болса ауыздарын ашсын ертеңнен бастап. Сабақтарын оқысын бұлар бірінші орында. Алпысқа келген жоқ қой. Жатыр бәрі. Мұғалімдердің бәрі «жалоб» жасап жатыр.Орыс тілінен кластағы тапсырманы бір-ақ бала орындаған. Басқалары бастарын көтере алмай жатыр. Лавара апайдың группасы. Үйге барғаннан кейін сөйлесіңіздер . Или ауыздарын ашып сабақтарын оқысын», дейді ұстаз апай шырылдап (сөзбе-сөз алынды). Әңгіме қай өңір туралы, қай мектеп, қандай оқушылар туралы болып жатыр, ол жағы белгісіз. Мейлі, бұл жерде ата-анаға қаратып сөз айтып отырған мұғалімді де түсінуге болады.

Ұстаздың жанайқайынан ұққанымыз, оқушылар ораза ұстаса, мектепке міндет етпеуі керек. Шынында ораза ұстау – сабақ оқымау емес қой. Ата-аналар бұл нәзік мәселені балаларына дұрыс түсіндіргені абзал. Кейбір мектептің оқушылары арасында: «Ағай, үйге қайта берейікші аузымыз берік еді», «Апай, соңғы екі сабақтан босатасыз ба? Ораза ұстап жүр едім» деп «еркелейтіндері» де бар екен. Ондайды да естіп жатырмыз.

Осы орайда, ораза ұстаудың балалар денсаулығына қандайда бір зияны,кері әсері бар ма деген сауал төңірегінде, балалар дәрігерлерін сөзге тартқан едік. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының №4 бөлімше меңгерушісі,балалар дәрігері-инфекционист Лиза Тұрғанова: «Ораза ұстаудың бала денсаулығына кері әсері жоқ? балалар дәрігерлерін сөзге тартқан едік.

Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының №4 бөлімше меңгерушісі, балалар дәрігері-инфекционист Лиза Тұрғанова: «Ораза ұстаудың бала денсаулығына кері әсері жоқ. Бірақ жеткіншектердің тез шаршауы, сабақта әлсіздік танытуы әр балада әрқалай. Ол балалардың ағзасына, көңіл күйіне, бұрыннан қалыптасқан денсаулығына, дұрыс және құнарлы аспен тамақтануына байланысты. Сәресіде желінген талқан, жент, ет тағамдары секілді құнарлы ас баланың мектепте әлсіз болмауына әсер етеді.

Сондықтан жоғары сыныптағы балаларға ауыз бекітпе деп айта алмаймыз. Ол баланың ата-анасымен ақылдасып, өз ниетімен шешілетін іс. Бірақ ораза ұстаған баланың мектепке міндеті болмауы қажет. Сабағына да, қоғамдық жұмысына да еркін үлгеріп, барлық талапты орындауға міндетті. Оған мүмкіндіктері де бар», – деді.

Ал Талас аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, балалар дәрігері –педиатр Мұратқали Отыншиевтің жауабы да алдыңғы әріптесінен алшақ кете қоймады. «Баланың денсаулығына ораза ұстаудың тікелей зияндығы жоқ. Дегенмен мидың қоректенуі сол мезеттерде төмендейді. Бала ашығып, ұйқышыл болады. Сәресіге ерте оянып ұйқысы қанбайды. Сондай сәтте сабақ үлгерімі төмендеп, мектептегі «мәселелерін» қиындатып алуы әбден мүмкін, –деді ол. Балалар балалығын жасап, оразаны «ойыншық» көріп жүруі де ғажап емес.

Ораза тұтудың шарттары мен кімдерге парыз етілгені жайлы біз облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтен сұрадық. – Ораза – парыз амал. Ұстайын ба, ұстамайын ба деп жеке адамдар шешетін нәрсе емес. Бұл жерде денсаулығы жарамайтын, дәрігерлер тарапынан сырқаты бойынша рұқсаты бар балаларға ғана ауыз бекіту міндеттелмейді.

Негізі, 12-15 жастан барлығымызға парыз саналатын амал. Бұл жерде көп мәселе ата-анаға да байланысты. Ата-ана бауыр еті балаларын оразаға кішкентай кезінен дайындап, біртіндеп түсіндіруі қажет. Мысалы, мен де әкемін. Перзенттерім 9-10 жастарынан ораза ұстай бастайды. Әуелі бір күн ұстап, бір апта ұстамай, еркін жүреді. 13-14 жасында толық ұстайтын болады. Бірақ мектептегі сабағын да оқып, мұғалімдердің барлық тапсырмаларын орындауға міндетті. Ол жағын ерекше талап етемін. Басқа отбасының балаларының да амалы осы төңіректе болса деймін. Ауыз бекіттім деп мұғалімге қарсы сөйлеулері дұрыс емес.

Сабақтан ерте қайта берейін деуге де болмайды. Кім-кімнің де оразасы өзгеге міндет емес қой. Оқушының да ораза ұстағанын мектебі білмей қалуы керек. «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға таспих айтқанмен тең» деген хадис бар. Негізі, ата-ана бұл ретте өз баласына тәрбие мен түсіндіру жұмыстарын, аузы берік баланың дұрыс, құнарлы тамақпен тамақтануын қолға алса, ешқандай мәселе туындамайды, – деді Б.Мырзагелдиев.

Ал Тараз қаласындағы «Әбдіқадір» мешітінің бас имамы Дәурен Құтыбаев: «Бұл бір жалқаулық. Оқушының жалқаулығы. Оқушы ораза тұтып жүріп сабағын кілең «беске» оқуы тиіс. Ал ораза ұстау керек немесе сабақ оқу керек деген таңдаудың қажеті жоқ. Ораза парыз ба, парыз. Ұсталуы керек» десе, Жуалы аудандық «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбековтің сөзі де осы төңіректе өрбіді.

Біз бірқатар мектептің де ұстаздарын сөзге тартып, Рамазан айы кезіндегі жағдайдың барысын білдік. Талас ауданы, Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің директоры Гүлфайруз Орманова: «Біздің мектебімізде де 9-11 сыныптар арасында ораза ұстап жүрген балалар бар. Олар бірақ сабақта да, қоғамдық жұмыста да өте белсенді.

Тіпті Бекнұр Қарашай деген баламыз ауыз бекітіп жүріп, облыстық мәнерлеп оқу байқауынан жүлделі орын алып қайтты», – дейді. Мойынқұм ауданындағы, Хантау ауылы, С.Сейфуллин орта мектебінің мұғалімі Динара Әбілқайырова да шәкірттері арасында ораза ұстаған оқушылар бар екенін, бірақ тәртіпті және сабаққа белсенді екенін айтты. Ал тараздық мұғалім Айнұр Қасаболатова: «Менің алдымда 10 жасар балалар отыр. Оларға ораза ұстауға ерте деп ойлаймын. Ал өзім 14 жасар қызыма да ұрсып, ауыз бекіттірмедім. Ертерек деп есептедім», деді.

Ал облыс орталығындағы мектептердің бірінде тарих пәнінен дәріс беріп жүрген Шайза Баймұратова апай: «Ораза ұстау –бес парыздың бірі екенін білеміз. Қазіргі уақытта оқушылар арасында ораза ұстау белең алып кетті. Бұл жерде әркімнің өз түсінігі бар. Дегенмен өз басым оқушының ораза ұстауын құптай қоймаймын, оған қарсымын. Неге десеңіз, ораза ұстау жаппай сәнге айналған секілді. Оразаны бес уақыт намазын оқып, таза жүріп

Біздің мектепте де азын-аулақ ауыз бекіткен оқушылар бар. Бірақ оларды сабақтан ерте жіберу туралы мәселе болған емес, дәл менен сұранған емес. Негізі, қазіргі қоғам білімді қажет етеді. Жүректері таза болса, көңілдерінде имандылықтың дәні болса, мәдениеті болса, ораза ұстаудың да уақыты келер», – деді. Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны, ата-ана Гүлзира Бештаева: «Ораза – мұсылманға парыз. Біз жолдасым Сейітханмен, оқушы қыздарыммен бірге ауыз бекітіп жүрміз.

Сәресіде балаларымызға талқан, айран сынды құнарлы тағамдар береміз. Олардың барлығы мектепте оқиды. Кешке дейін шаршамайды. Сабақта да, қоғамдық істе де белсенді. Балалардың ауыз бекітуге ниеті болса, сабағына кедергі келтіріп алмаса мұсылмандық парызын өтегені дұрыс деп ойлаймын, – деді.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Иә, осылайша бұл мәселеге орай барлық тарапты қамтып, пікіріне құлақ түрдік. Ватсап желісі арқылы таралған бейтаныс мұғалімнің сыни пікірін қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар. Дегенмен оқушылардың ораза ұстау, ұстамауы отбасында шешілетін мәселе. Бірақ ораза ұстаған оқушы бес парызының бірін орындаумен қатар сабаққа да үлгеруі тиіс. «Оразамын» деп міндетсінуге болмайды. Мұны ата-ана да, оқушы да, мұғалім де қаперден шығармауы тиіс.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.