Шерхан Мұртазаның Жуалыдағы үйі музейге айналады

7

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесуде облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков баяндама жасап, депутаттардың құрамы және олармен атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды.

– 2021 жылдың қаңтар айында өткен сайлаудан кейін Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттар құрамы 85 пайызға жаңарды. Оның ішінде 30 депутат – «Amanat», 3 депутат «Ауыл», 3 депутат «Ақ жол» партияларынан сайланды. Әйелдердің үлесі 25 пайызды құрайды. Депутаттық корпустың орта жасы – 48. Мәслихаттың құрамында төрт тұрақты комиссия жұмыс істейді.

Облыстық мәслихаттың жұмысы бекітілген перспективалық жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, 16 сессия (оның 10-ы кезектен тыс) өткізілді. Депутаттар сессияларда барлығы 27 негізгі мәселелерді қарап, жалпы 260- тан аса шешімдер қабылдады, – деген М.Сарыбеков басқа жұмыстарды да жан-жақты атап өтті. Бұдан соң мәслихат депутаттары сөз алып, өзекті мәселелерді көтеріп, ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Ерболат Саурықов ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесінің салдарынан жолдардың бүлініп жатқандығын, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын кең көлемде атап өту, облыс орталығынан көше атын беру секілді мәселелерді көтерді. Өзге де халық қалаулылары кері байланыс , әлеумттік , ауыл шаруашылығы, білім беру салаларындағы мәселелерге назар аудартты.

Облыс әкімі мәслихаттардың жұмысының маңыздылығын баса айтып, көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар ескеріліп, қарастырылатынын жеткізді. Соның ішінде Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын тиісті деңгейде атап өту үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын, тұлғаның Жуалыда өзі тұрған үйінде музейі ашылатынын атап өтті.

Comments are closed.