Үздік маманнан үйренеріміз көп….

17

Тынық мұхиты эндокриндік хирургтар қауымдастығының президенті, кореялық эндокриндік хирург, Енсе университетінің профессоры Хэнг Сеок Чанг Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл өңірімізде медицинаның жаңалықтарын дер кезінде үйренуге деген ұмтылыстардың жоғары екенін көрсетеді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тынық мұхиты эндокриндік хирургтар қауымдастығының президенті, Кангнам Северанс клиникасының және Енсе университетінің профессоры Хэнг Сеок Чангты қабылдады. Кездесуге «Халықаралық медициналық қор- Северанс –КЗ» қоғамдық қорының президенті Лариса Ан, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабеков қатысты. Облыс басшысы құрметті қонаққа Тараз жеріне шақыртуды қабыл алғанына, өткізіп жатқан шеберлік сабақтары үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ Жамбыл медицинасының даму барысын және ковидпен күрес кезіндегі белсенді жұмыстар жөнінде баяндады. Өз кезегінде Хэнг Сеок Чанг Қазақстанға 11 рет іссапармен және басқа да жағдайлармен келгенін, Тараз топырағына алғаш табан тіреп тұрғанын айта келіп, облыс әкімі Нұржан Молдиярұлына алғысын білдірді. Жамбылдық хирургтардың жаңалықты үйренуге деген белсенділігін жоғары бағалап, атап өтті.

Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қадірлі қонақ Хэнг Сеок Чангқа Әулиеата өңірінің тарихына қатысты кітаптар мен бірқатар естелік сыйлықтарды тарту етті. Хэнг Сеок Чанг Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында үш күн бойы шеберлік сабақтарын өткізіп, жамбылдық хирургтарға өзінің үздік тәжірибесін бөлісті.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.