«Ағаш – жапырағымен, қыз – шашымен көрікті»
«Ағаш – жапырағымен, қыз – шашымен көрікті»
Қазақ қызының қос бұрымы – қашан да сұлулықтың символы, әдеміліктің әрлеушісі болған. Бола да береді! Қазақ қыздарына тән басты қасиет – бұрымды болуды өзіне ата-баба аманаты деп білетін Сәрсенкүл Тайырбекова (суретте) ұзын шаш қазақ үшін мақтаныш болуы керектігін айтады. Өзінің қолаң шашы тобығына төгілген ол қазір Тараз қаласында тұрады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде ұзын бұрымды көру бәрімізге арман болып барады... Осындай әре-сәре ойдың шырмауында Сәрсенкүл Зұлыбхарқызының есігін қақтық. Үнемі шашын төбесіне тоқпақтай етіп түйіп жүретін, сұлу да, сымбатты жан бізді күлімдей қарсы алды. Жеті жасынан шашына қайшы ұшын тигізбей келе жатқан ол қазақтың нағыз қызы болып бойжетті. Бүгінде қазақтың келіні, анасы атанған әпкеміздің сол бала күнгі еңбегінің жемісі анау төбесінде түйіліп тұрған жұдырықтай шашының астында көмкеріліп-ақ тұр. Қызу әңгіме арасында Сәрсенкүл ханым шашының түйінін ағытты. Ұзын бұрым тарқатылғанда егесінің тобығына сусылдап барып төгілді. Қолаң шашқа бір сәт көз алмай қарап қалдық. Содан бірінші тілімнің ұшына келген сауал: «Осы ұзын бұрымды қалай күттіңіз?» дедім. – Шашымды кеспей өсіруіме ең бірінші әкем мен анамның ықпалы зор болды. Әкем Зұлыбхар Тайырбеков қазақи салт-дәстүрге баса мән беретін жан. Өзі жастайынан көкпар тартып, ұлдарын соған баулыған. Ал қызының үлкені менің шашымның ұзын болуын қалады. Анам Гүлсараның да шашы қолаң, оның анасы менің нағашы әжемнің де шашы ұзын болған екен. Шаш күтіміне кішкентай кезімнен дағдыландым. Балалық шағым Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Елтай деген ауылда өтті. Бойжеткенге дейін әсіресе ауылда жүргенде шашымды айранмен, қымызбен жиі жуатынмын. Сосын құлқайыр деген гүлді қайнатып, тұндырып оны кәдімгі сары маймен араластырып, шашымды жуып біткен соң маска жасайтынмын. Ол шашқа жылтырлық қасиет сыйлайды. Бүгінде шашты жуатын неше түрлі химиялық қоспалары көп өнімдер қаптап кетті. Оларды да талғап пайдаланамын. Сусабынмен анда-санда ғана жуамын. Көбіне тек жай сабынды (кір сабын) пайдаланамын. Айран мен қымызбен жууды қазірде де ұмыт қалдырған жоқпын, – деді. Өзінің негізгі мамандығын педагогика саласынан іздеген кейіпкерімізді бойына туа біткен өнері – шаш әрлеу, сәндеу ісі өзіне тартады да тұрады. Оның айтуынша, шаш әрлеу ісінде машықтанып, ізденіс жасауына өзінің тәрбиелеп отырған үш қызы себеп болыпты. Үшеуі де анасының үлгісімен шаштарын қиған емес. Қыздарының оқушы кезі. Мектепте түрлі іс-шаралар өтеді. Ол кезде бала күтімімен үйде отырған Сәрсенкүл күнде мектепке қыздарының ұзын шаштарына алуан түрлі шаш үлгісін жасайды. Олардың шашы мектептегілерді, өздерінің көрші- колаңдарының қызығушылығын оятады. Сөйтіп жүргенде сән салондарына курсқа жазылып, өзі сүйсініп айналысатын іске біржола кірісуге бел буады. Бірнеше шаштараз, сән салондарында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған ол 2003 жылдан бастап Тараз қаласындағы №1 кәсіптік колледжде шаштараз мамандығы бойынша сабақ беріп келеді. Отағасы Мерғалым да өмірлік жар таңдауда өзін жолы болған жігіттердің санатына қосады екен. Жастайынан «Құралай көз, қолаң шаш, Алма мойын қиғаш қас...» деген жыр жолдарында кездесетіндей бұрымды арумен отбасын құруды армандапты. Бүгінде сол арманының шындыққа ұласқанына дән риза. Отасқандарына жиырма жылдан асқан жұбайлар алты баланы тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты отбасы. Осы орайда, алты перзентті өмірге әкелген Сәрсенкүл әпкемізді өңіріне «Күміс алқа» таққан көп балалы ана екендігін де естеріңізге сала кетсек. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» демекші, Сәрсенкүл Зұлыбхарқызы келешекте өзінің жеке сұлулық салонын ашып, сонда өзінің шаш сәндеу үлгісінде өзіндік қолтаңбасын қалдыруды алдына арман әрі биік мақсат етіп қойыпты. «Алла қолдап, игі мақсатым жүзеге асып жатса, тек қана қолаң шашты қыз-келіншектермен жұмыс жасаймын. Өйткені, «ағаш – жапырағымен, қыз – шашымен көрікті» деп түйіндеді бізбен әңгімесін қазақтың ақмаңдайлы қолаң шашты анасы.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».