Қазаққа мият болған қайран Шөкең!
Қазаққа мият болған қайран Шөкең!
Қайсыбір күні Көпен дос (Әмірбеков) телефон соғып тұр. – Смаханұлы биыл 90 жасқа толады ғой, – деді, – Арнап мақала жазып едім. – Дұрыс болған. – Дұрыс болғанда журналыңа жібермеймін бе. Жіберді. Оқыдым. Сонда менің сонау, сонау жылдардағы Шөкеңмен дәмдес болған бір кез есіме оралды. Қайсыбір жылы ғой. Біздің қыршын кезіміз. Жазушылар одағының үлкен залында, іші қаламгерлерге лық толған жиын өтіп жатты. Күн тәртібінде: ұрпақ тәрбиесіне байланысты Орталықтың қаулысы. Әңгіме әрине, қызыл идеологияның пәрмені: социалистік қоғамның лениншіл ұрпағын қалай, қайтіп тәрбиелеу дейтін «нұсқауды» қызу талқылап, жаппай қолдау ғой. Мінбеге шыққан шешендер шетінен солай етті. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Ұл-қызымызды күн көсемнің өсиетімен, Компартияның өнегесімен, социалистік өмір салтымен тәрбиелемесек, өсіп-өнбейміз, өрге баспаймыз... Осылай «өзгеше» өрлеу үстінде өтіп жатқан жиынның бір тұсында мінбеге Шона көтеріліп бара жатты. Сөзінің бас-аяғы былай: Оу, сонда ғасырлар бойы қазақ ұрпағы қалай өсіп-өніп келген. Оның ұрпақты тәрбиелеудің ұлттық ұлы дәстүрлері болмаған ба? Болмады десеңдер, даламыздың даңқын шығарған талай-талай данагөйлеріміз, ақындарымыз бен батырларымыз қайдан шықты? Бала тәрбиесі деген сөздің төбесі қылтиса, аузымыздан Макаренко түспейді. Ұл-қызымыздың күні соған қарап қалып па?.. Сосын, теледидарда күн сайын кешкі сағат тоғызда балаларды ұйқыға шақыратын орыстың «Баю-байының» қажеті қанша? Өзіміздің «Ерте, ерте ерте екен, ешкі жүні бөрте екені» емес пе оларға керегі. Айтыңдаршы, мына қалпымызбен біз қашан қазақ, қашан ел боламыз?.. Қитығына тиіп кетсең, қылпып тастай салатын қызыл өкіметтің кезі емес пе. Залда отырғандарды қайдам, мінбедегі Шөкеңнің айылын жияр түрі жоқ. – Бала тәрбиесі деп отыр екенсіңдер, соларың рас болса, ендігі жерде тәрбиені «Баю-байды» былай қойып, «Ерте, ерте ерте екенімізден» бастайық, – деп мінбеден түсіп кетіп еді. Жауы жоқ заманның «батырлары» көбейіп кетті ғой қазір. Анау да батыр, мынау да батыр. Күлкің келеді. Жә, сонымен, қанша уақыт өткені есімде жоқ, «Еңбек туының» меншікті тілшісі кезім, Қордай аудандық партия комитетінің бірінші секретары Берден Байқошқаров ағамыз шақырады. – Шона ағаңды білесің бе? – деді. – Көргем. – Көрсең, бізге келіпті. Ана жолы келген жазушы ағаңды жақтырмадың. – Өзіңіз де сөйтпедіңіз бе, – деймін. Мәнісі былай еді: Ол жазушымыз Берден ағамыздың әкесі, Социалистік Еңбек Ері Байқошқар ақсақал туралы әлдене жазбақ екен. Ауданның орталығындағы жалғыз қонақ үйдің жалғыз люксіне орналасты. Мұздатқыш толы. Күн сайын қымыз, қазы-қарта. Арқасы бар, ардың-күрдіңдеу кісі екен. Сәл ұрттаса ария айтып, айналаны азан-қазан қылады. – Ағаң ғой, ара-тұра барып тұрарсың, – деп Бекең айтқан соң, соғып тұрамын. Сондағы көргенім ғой, жазушы ағамыздың әлгі мінезі. Алайда, ең қиыны, бір роман бастаған екен, біраз қағазды бұрқыратқан, содан тараулар оқитыны. Жасы үлкен болған соң, тыңдамау ыңғайсыз. Ұзын-сонар баяндаулар ығыр етеді, діңкелейсің. Берден ағамыздан сұрадым: – Бұ кісі сіздің әкеңіз туралы жазамын деп келіп пе еді? – Сөйткен. – Оның жазып жатқаны басқа ғой. Роман... – Солай де. – Солай. Бекеңнің өңі өзгеріп шыға келді. Дереу Таластан әкесін алдырып жазушымен жолықтырды. Қартпен аз-кем сөйлескен жазушы ағамыздың: «Әкең қартайып қалыпты ғой» деп кежегесі кейін тартқан. Ар жағы белгілі... Кейін білгенім, әлгі жазушы жарықтық Бекеңе туыспын, мен де бөтен емеспін айтып келген. Жамбыл өңірінде өскен соң, сонысына сенген. Әңгіме онда емес, әрине. Кім болғанда да қазақтың баласы. Қаламгері. Адалын айтып келсе, кеудесінен кім итереді. «Мен де туысқаныңмын, Байқошқар ақсақалды жазуға арнайы келдім» деп жалған сөйлеуі, сөйтіп ауданның қонақ үйін, қазы-қартасын, қымызын тегін пайдаланып, өз шаруасын тындырып алуды ойлағаны әрине, қу пендешілік. – Шона ағаң ондай емес, – деді Бекең. – Таластан білесің, Еңбек Ері қойшы көп, сосын ақын, жазушылар. Солардың ішінде шоқтығы биігі осы Шона Смаханұлы. Қазақы мінезді. Қордайдың күңгей-теріскейіне жата-жастана көз салмақ. Жанында әйелі, баласы бар. Барар жеріне бастап алып жүрсең қайтеді? Хош, дедік. Жеңгеміз ағамыздан әлдеқайда жас, бірақ одан бойы ұзындау көрінді. Бала жеті-сегіздің ар жақ, бер жағында. Шөкеңнің әуелі айтқаны: «Әулиешоқыны көрейікші бәрінен бұрын» болды. – Себебі? – деймін. – Кенесары соның баурайында шейіт болған жоқ па? – Рас. – Ендеше, ердің ері хан Кененің азаттық жолындағы ақырғы аялдамасына барып тізе бүкпейміз бе? Әулиешоқыға да жеттік. Оның ұшар басына машина түгілі атпен шығу мүмкін емес. Ханның әскері жайлаған Кекілік сеңгірге, оның етегіндегі дөңгелене біткен дөңес – «Хан төбеге» келіп, тізе бүктік. Анадайда Шу өзені, арғы жағалауы қырғыз. Кенесары кезінде ені бес жүз метр екен, келе-келе елуге әзер жетеді. Жұқа, жуас қазақ пен қырғыз арасындағы қилы-қилы тарихқа куә кінәсіз ағыс. – Кенесары ат суарған, ә, – деп Шөкең жеңіл күрсінген. – Сонау қияндағы Арқада туған арыстың ажалы қиырдағы Қордайдың бір етегін жуып жатқан ұлы өзеннің екінші етегін еміп жатқан жұрттан келгені... Тағдыр... Ау, сонда не үшін дейсің? Қазақты да, қырғызды да орыс бодандығынан азат етемін деп қой. Ердің ері-ау, шіркін! Қазақта болды ғой, осындай небір қаһарман ұлдар. Есенберлин жарайды, жазды, әне, «Қаһарын», «Айқас» пен «Жанталасын». Еңсеміз көтеріліп, бәріміз болып, «бәсе» десіп қомпаңдап-ақ қалмадық па. «Ой бұл Есенберлиндікі... Есенберлиндікі ұлтшылдық» деп ұлардай шулағандар және болды. Олардың домалақ арыздары Мәскеуге дейін кетіп жатты. Құдай-ау, деймін сонда, ұлтшыл емес адам, ұлт туралы, оның жолында жанпидалыққа баратын қаһарман туралы не айтып, не қояды. Ұлт демесек, неге жүрміз осы. Оның қадіріне жетпесек, құрбандығына жарамасақ жер басып неміз бар. Кенесары сияқтылар солай пайымдаған. Иә, солай... Шөкең «Хан төбенің» үстінде Кекілік сеңгірге, одан әрі Әулиешоқының көкке емінген ұшар басы мен Шудың ағысына алма-кезек көз тастап отырып, біраз көсіліп алды. Содан ары терең-терең қойнаулы «Керу» шағын елді мекенін басып өтіп, мал азығын дайындап жатқан таудағы дала қосына жеттік. Шона Смаханұлының келе жатқанынан хабардар болар, шөпшілер біз мінген машинаның төбесі көрінгеннен жапа-тармағай орындарынан тұрып жатты. Көкбұйра шалғынның жұпар исі мен дала адамдарының дархан пейілі қатар аңқиды. Шөкең қайсыбір шала-пұла шабысы бар, сонысымен-ақ басқа шауып, төске өрлеп қоя беретіндерге ұқсап «жыны қысып» кеткен жоқ, қара шаруаға қаны мен терін қатар сығып беріп жүрген қарапайым ағайынмен қазақы әңгіменің тиегін ағытып отырды. Өңірде өткен өнегелерді, өзекті жанды өкшелеп қалмайтын өмірдің өзге де сұрақтары төңірегін төркіндетіп, сыр ақтарды, жөн-жосық айтып пішеншілерді еміндіріп, еліктіріп алып еді. Пішеншілер ортасында отырысы, сөзі, күлкісі жан жылуын тудырар жарасым тауып, жарасып кеткен. – Қордайдың күнгей теріскейін негізінен жайлап жатқан арыда Төле би, Өтеген, беріде Ноғайбай мен Кебекбайдың тұқым-тұяқтарысыңдар, Кенен аталарың анау... Бөтендігіміз жоқ. Түбіміз бір қазақ. Бертінде қасиетті қара шал – Бәйдібектен тарағанбыз. Оның киесі қонған бір тұқымы – қазақ әлеміне әйгілі Бөлтірік шешен. Қызыл тілі қисапсыз қым-қуытта қисын тапқан. Баяғыда Алтын Емелде Найман Матай мен Жалайыр арасында жер таласы болып жеті адам өліп кетпей ме. Үлкен дау. Матайлар Орта жүзге ат шаптырады, Жалайыр Ұлы жүзге. Сөзіңді сөйлейтін мият керек. Орта жүзден Матайдың сөзін сөйлеу үшін Алтын Емелге Құнанбай, Тәнеке би, Құсбек төре келді. Ұлы жүздің игі жақсылары біз кімді жібереміз дегенде, таңдау Бөлтірікке түскен. Жанына мына сендердің аталарың Кебекбайды қосқан. Сонда Бөкең жарықтық Құнанбайларға ауыз аштырмаған, аяқтының аузын буып сөйлейтін бабамыз кімдер келіп, кімдер кетпеген қара жердің иесі Жалайыр да, Матай да емес, бір Құдай екенін толғай-толғай, түгел сөздің түбін бекітуді Кебекбайға қалдырған. Осының арқасында жауласып отырған екі жақ бір-біріне қыз беріп, қыз алып құдаласып тараған. Солай, ағайындар. Миятқа жарайтын жұртпыз. Исі қазаққа тән ата дәстүр, бұл, – деп бір тоқтаған. Осыдан кейін барып Шөкең шымшымалар, қағытпаларын, мысқыл-мысалдар оқып, пішеншілерді мәз қылды. Сол күні қос басына түнеп қалдық. Ағамыздың әйелі мен ұлы аспаздармен бірге киіз үйге жайғасты да, Шөкеңнің қалауымен екеуміз ашық аспан астында жаттық, қатар. – Мана мен мият деген сөз айтып қалдым ғой, – деді Шөкең бір кезде. – Ұққанға үлкен әңгіме. Кенен атаңды алты жыл сал болып Отарда жатқанда орнынан тұрғызған Асанбай Асқаров. Жағдай жасап. Үй соғып беріп. Ал жетпіс жылдығын республика бойынша атап өту Қонаевтың пәрмені. «Миятың болсын» деген әңгіме, міне, осы жерден шығады, батыр. Сосын, Шөкең бір сырын айтқан. Димекеңнің әкесі Қонай туралы кітап жазып жүр екен. Есімін Қанай деп алыпты. Ер мінезді болған ғой. Ағайын арасындағы айғайға аттан қосқан бір жағдайда жақындарын алып, Бақанасқа бір түнде жөнеп берген. – Біздің Қасқарау бабамызда сөйткен, – дедім – Көген көздердің көр-жер тірлігінен көңілі қалып, қайсыбір күні үрім-бұтағымен осылай қарай үдере көшкен ғой. Болмаса, ата-бабаларымыз Ташкенттің түбін жайлап келіпті. – Солай де. – Солай. – Бәрі өткірдің жүзіндей мінезден, – деп қойды Шөкең. – Ондайлар көңілі қалған жерде «Жаздық, жаңылдық» деп қанша жерден сылап-сипасаң да, келісімге келе алмаса керек. Осыны айтсам, деп жүрмін ғой, кітабымда. Қазір не... Қазіргі қазағыңның басын басып кетсең де мыңқ демейді. Жалтақ, жуас. Қарны тоқ, көйлегі көкпен дүниесі түгел болып көрінеді көзіңе. Қанша жерден халіміз жақсы десек те, қалтарыста қалып бара жатқанымыз да жетеді. Соған қазағың қашан қайырылып қарайды. Қайдам... Шөкең терең күрсінді. Жас кезім ғой, оның нені айтып, нені меңзеп тұрғанын аңдай алмадым. Кейін ғой, білгеніміз. Ағамыздың қабырғасын қайыстырып жүрген қасиетті қаламыз Алматыдағы қазақ мектептерінің қараң қалып бара жатқаны екен ғой. Соның шотын шапқан Шонаның ерлік ісін бүгінде бәрі біледі. Жалтақтамай жалғыз шапты. Енді ойласам, ол нағыз ұлтшыл болған. Ұлтшылдық – өзгеден оқшаулану, өзгеге жол бермеу, аузын аштырмау, бас салып басыну емес, ол шыққан тегін, тұтастай ұлтын шексіз сүйіп, соның намысы, абыройы, үшін ғұмыр кешу. Өз ұлтының қадір-қасиетін жоғары қоя білгендер ғана адамзат атаулының қадір-қасиетіне жетеді. Осыны терең пайымдамай, оны айналып өтіп, ұлтшылдық ұлы мінезді «ұлтжанды» деп жұқалап, жұмсартып, жуасытып айтып жүріп, өзімізді жоғалтып ала жаздаған жоқпыз ба. «Интернационализм» дегеннің сүйегімізге өтіп кеткені соншалық, бүгінгі азат елдің кезінде де көбіміз ұлтшыл деген сөзден үрейіміз ұшып, үй артына жасырынып қаламыз, өтірік емес. Қайран Шөкең еске түседі. Қалың топты «қазағым» деп қақ жарған, қайда барса қаймықпай соның атымен сөйлеп, намысына шапқан қазақтың нағыз перзенті, өз дәуіріндегі өзгелерде кездесе бермейтін өткірдің жүзі ол. Сосын да қазаққа мият болған қайран Шөкең деп жүрген жоқпыз ба.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы.