Қыз - Қасқыр
Қыз - Қасқыр
Қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның шығармашылығы теңіздей терең, ғибратқа бай, өткен тарихтан сыр шерткен алып мұра. Сондықтан да оның туындыларын қайта-қайта оқығымыз келеді. Төменде берілген Шерхан Мұртазаның «Қыз–қасқыр» әңгімесі 2009 жылы жазылып, радио арқылы оқырманға жол тартқан. Кей болжам бойынша автор бұл туындыны жазуда Мекемтас Мырзахметұлының өмір дерегін арқау еткен. 2012 жылы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде кең көлемде тойланып, оның еңбектері желісі бойынша жазылған драмалық шығармаларға арналған республикалық жабық конкурс ұйымдастырылған. Аталмыш байқауда тараздық Айжан Атымтаева Шерханның дәл осы шығармасы желісінде жазған драмалық туындысы 3-орынды иеленіп, кейіннен Қызылорда жастар театрының сахнасында көрермен назарына да ұсынылған екен. Дегенмен бұл Шерханның шығармасын көпшіліктің біле бермесі анық. Әрі бұл шығарма өткен ғасырдың 20-50 жылдарында болған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмысына да өз септігін тигізер естелік-әңгіме деп білеміз. Сондықтан да Шерхан Мұртазаның жеке архивінде сақталған шығарманы «Aq jol» оқырмандарының назарына ұсынуды жөн деп таптық.
32 жылы аштан, қара шешектен қынадай қырылған менің құрдастарыма ескерткіш белгі. Шерхан МҰРТАЗА.
Патша ашаршылықты қолдан жасады. Өйткені оған бодан халық емес, сол халық ие боп отырған жер керек еді. Ал жерді босатудың амалы: халықты босатып жіберу болатын. Мал-мүлкін сыпырып алып, адамдарды нәрсіз қалдырған соң ел не істемек? Күн көріс үшін аяқ жетер жерге дейін қаңғырмай ма? Айсұлу емшектегі қызды бір қолына көтеріп, аяғы жетектеп таудың ар жағында жатқан төркініне жетпек болып, алқын-жұлқын жолға шыққан. Енді кешіксе өзі де екі бала да өледі. Алдыда көлденең түсіп, көсіліп жатқан таудың киесі мол еді… Жас келіншек сол киеге жалбарынды, жалынды. – Иә, қасиетті кием қолдай гөр, қорғай гөр! – деп зарлады. Зарлағаны сол-ақ екен, тау жолының бір бұрышынан шыға бергенде, алдында үлкендігі есектей бір қасқыр шоқиып отыр екен. Жүрегі зірк етіп, суылдап ала жөнелді. Тұла бойы суық терге малынып, көз алдына ажал келді. Ажалдың тұрпайы суық болады екен. Айқайлауға шамасы келмей, тілі байланып қалды. Ес жоқ, тіл жоқ, әйтеуір белгісіз ойсыз, бұлдыр сезіммен, әлгі шоқиып отырған қасқырдың алдына қолындағы нәрестені жөргегінде ораулы қалпында қоя салды да, ұл баланы қақшып көтеріп алып, ары қарай қаша жөнелді. Қасқыр қуып келе жатқан жоқ па, – деп артына жалтақ-жалтақ қарады. Құдайдың құдіреті, қасқыр шоқиып отырған қалпы, жөргектегі нәрестені иіскелеп отырған сияқты көрінді. – Кешіре гөр! – деп күбірледі Айсұлу, қасқыр қызды жеп жатыр екен деп ойлап. Ендігі бір түйсік: әлгі қасқыр жұдырықтай қызды бір-ақ қылғытып, артымыздан қуып жетіп, жайратар ма екен деп зәре- құты қалмай зымырады. Садақа деп тастап кеткен қыздан гөрі, соның орнына көтеріп алған ұл бала әлдеқайда салмақты екен, өкпесі өшіп, жолда жатқан тасқа сүрініп кетіп етбетінен құлады да, қайтып орнынан тұра алмай қалды. Есін жиып, көзін ашып, жан-жағына үркектей қараса – ешкім жоқ. Қара жолдың сон-а-ау ұшында бір қарайған көрінеді. Сірә, атты адам болар. Сұлбасы ірілеу. Сөйткен салт атты жап-жақын-ақ жерде екен. Лезде қастарына жетіп келді. Құдай тілеуіңді бергір, Айсұлудың іздеп келе жатқан жалғыз бауырының дәл өзі екен. Аттан түсіп, жүдеп-жадаған, қол-аяғы ілмиген арық баласы бар, әпкесін құшақтап, қорланған сұм дүниенің ит қорлығын көрген туысқанын тауып, көңілі көтеріле бере қайтадан қайғы бұлтына сүңгіп кеткендей болды. Емшектегі нәрестені өз қолымен қасқырға беріп кеткенін айтып аңырады. Ер баланы аман алып қаламын деп, жұдырықтай нәресте қыз баланы құрбандыққа шалғаны Құдай алдында кешірілмес күнәдай көрінген ана байғұс, аш болса да емшегі иіп, жалған дүниенің сұмдығына лағнет айтқызды. Жаялық жазылып кеткенде бүлдіршін денесі тоңазыған қыз бала, қасқырдың жылы бауырына сұғына берген. Сөйтіп жатып Құртқаның емшегіне тиіп кетті. Ақыл-есі жеткеннен емес, соқыр сезім, қу тіршіліктің өзі бейімдегендей, әлде Құртқаның өзі икемдеген шығар, аузына сүт ағыла бастады. Енді құныққан құлқын қойсын ба, солқылдата сорып еме бастады. Тайыншадай Құртқаның сүті мол екен, нәресте неме лезде тойып қалды. Қылдырықтай қылдың үстінде үзілейін-үзілейін деп тұрған қу жанға қуат бітіп, енді Құртқаның емшегін кішкентай қолдарымен езгілеп ойнай бастады. Бұған Құртқа масаттанып, тіпті қытығы келгендей ыңырсыды. Бұл, сірә, қасқырлар салтының рақаттан күлгені ме екен? Қасқыр да күледі ме екен, мына кісі не деп кетті? – деп мені күстәналайтындар да табылар. Ал, қасқыр болса біздің киеміз. Ол туралы біз не білеміз? Қойды жеп қояды деп мылтықпен атып, қыра бергеннен басқа білеріміз бар ма? Айсұлу әпкесінің емшектегі қызды қасқырға тірідей тастап кеткенін естіген Ерзат атына қайтадан қарғып мінді. – Қайда? Қайда? – деп зәресі кеткен әпкесіне: – Мен қәзір… – деп нәресте қыз қалды-ау деген жаққа қарай қарагер атты топырақтата шаба жөнелді. …Жолдың жиегінде жаялық жатыр. Ал жаялықта ораулы жатқан қыз болуы керек еді ғой? Жоқ! Айнала бір шама жерді шолып шықты. Ешнәрсе көрінбеді. Қыз да жоқ. Қасқыр да жоқ. Аш қасқыр болса да жаялықтың жанында, қара жолдың жиегінде-ақ жалмап жеп қояр еді ғой. Ешқандай із жоқ. Жеп қойса қанның ізі қалар еді. Жоқ. Қасқыр адамның өзін жесе қолының алақандарын жемейді деуші еді. О да жоқ. Жым-жылас. Бұл ашаршылықта аштан өлгендерді қорқау қасқырлар жеп кетіпті деген сөз әр жерден-ақ естіліп жатқан. Тек алақандары ғана қалыпты десетін. Өйткені уы болады десетін. Бірақ емшектегі бөпенің алақанының уы жоқ шығар… Ерзат жолдың жиегінде жатқан жаялықты аттың үстінде отырып-ақ, жерден еңкейіп көкпар ілгендей көтеріп алып, кері қайтты. Әпкесі Айсұлу ұл баланы бауырына басып, бүкшиіп отыр екен. Ерзаттың қолындағы жаялықты алып иіскелеп: – Уа, тәңірім, кешіре гөр өз нәрестемді өзім жеп қойдым. Қужақ – Гәләшөкін қолдан жасаған ашаршылықта өз баласын өзі жеп қойғандар да көп көрінеді. Мен де солардың бірімін. Мен тозақ отына түскенде, сен мені құтқармақ болып тозақ отына айналып шырылдап жүгірмессің құлыным. Жөргекке сіңген зәрдің иісі мұрнын жарып кете жаздады. Сонда Айсұлудың санасына: «Қызым өлмеген екен» деген сұңғыла сезім селт еткізді. Өз ойына өзі сенгісі келсе де, бір түйсік: ондай ғажайып қайдан болсын деп, күдеріңді үз деп, басындағы ойлар өзімен өзі шарпысып, арпалысты. Көз көрмеген соң көңіл күпті, күдік көп. Біресе үміт оты қылтияды. Біресе өлегізіп, өшіп қалады. Бұл кезде Құртқа қасқыр енді ол әр жерде алдан күтіп тұратын қауіп-қатерден өз қарақан басы үшін ғана емес, әлі бір жасқа да толмаған адам баласының амандығы үшін де жауапты екенін ақылымен емес, аналық сезім-түйсік арқылы аңғарған еді. Бұрын ол жемтігін «екі шоқып, бір қарайтын» болса, енді бір шоқып, жан-жағына екі қарайтын сақтыққа көшкен. Ендігі кезеңде Құртқа адамдардан ғана емес, өз қандастарынан, көк бөрілерден де қорғана білуі керек. Көк бөрілер өз ұяластарын, өз тұқымдастарын алыстан танып, тіптен бір-бірімен үн қатысып, түрлі-түрлі дыбыс шығарып, ұлу арқылы тілдесетін. Өз ұяластарының арасында да естісі бар, есебі бар. Есері кезіксе бауырындағы жұдырықтай адам баласына көз алартуы да мүмкін ғой. Адамдар кейде аңғалдықтан, кейде ақылдан жырақтықтан адаса береді. «Уақыт өтіп барады» деп зарлайды. Ал, шындығында уақыт өтпейді. Уақыт мәңгілік. Ол жылжымайды, өтіп бара жатқан адамның өмірі шығар. Уақытты сағатқа, минутқа, секундке; айға, күнге, жылға, ғасырға бөліп алып жүрген адамдардың өзі ғой. Уақыт өзгерген жоқ. Ал Құртқа асырап алған қыз бала күннен күнге, айдан айға, жылдан жылға өзгере берді. Қыз асырап алған Құртқа туралы неше алуан аңыз, кейде шындыққа жақын әңгімелер ел арасына жайылып кетті. Біреулер айтты: – Жоқ, Құртқа ол қызды арқасына мінгізіп алып жүреді екен, – деді.Енді бірде: – Жоқ, әлгі адамның қызы үсті-басы алба-жұлба болып, тыржалаңаш Құртқа қасқырдан қалмай ілесіп жүреді екен, – деді. Жұрттың арасында аңыз аралас айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелердің жаны бар еді. Көбісі шындыққа жақын. Құртқа тумысынан сақ жануар. Ал, енді жанына адам затынан жаратылған Қыз–Қасқыр ілескелі бері бұрынғы сақтығы сақтық па, енді ешбір жанға көрінбес, тек елеске айналып кеткен мақұлықат тәрізді. Әлгібір аңызға ұқсап әңгімені құлағы шалғандар, әсіресе аңшылар Құртқаның жүрген-тұрғанын, әрбір адымын аңдуға кірісіпті. Енді олар қару-жарақпен, тіпті сирек кездесетін дүрбімен жүретін болған. Кейбір жолы болғандары – Құртқаны алыстан, құж-құж жартастардың қуыс-қуысынан көріп қалғандары бар. Тіпті бірі Құртқаның тау ешкіні паршалап жеп жатқанына дейін ап-анық көріпті.Қасында үсті-басын жүн басқан, күнге күйген адам бар екенін де байқапты. Шамада сегіз-тоғыз жасар шамасы шығар. Тау ешкінің бір сирағын жұлып алып, бұралақтап жеп жатқанын да аңғарса екен. Құртқа қасқырдың түгі ақшулан аралас, сарғыштау еді. Ал, кірпік қақпайтын көзі шын сары, қарашығы мөлдір қара, сұп-суық. Тұмсығы – қап- қара, тершіп тұрған сияқты. Жан-жағының түгі ақшыл, арасынан сирек қара мұрт елесі бар. Қыз–Қасқырдың бет-аузын жалап, кір қожалағын кетіріп, шырайландырып қояды. Бұл Көк бөрі нәсілінің асыл тұқымнан екендігінің айғағы сияқты. Нәсілі таза. Сол тазалығы шығар мына Қыз–Қасқырдың осы уақытқа дейін ешкім де, еш нәрсе де шекесінен шертпей, кімсің қайдан жүрсің, нең бар қасқырлардың ортасында демей, бұла болып емін-еркін өскендігі. Заты – адам, өмірі – қасқыр, тілі де қасқырша, жүрісі де қасқырша. Бір ерекшелігі: екі аяқтап та, төрт аяқтап та жүре алады. Аяқтарының табаны көнтеріленіп, мүйізгектеніп, нағыз тұяққа айналып кеткендей. Алақандары да мүйізгектеніп бара жатқандай. Бірақ қасқырдан айырмашылығы – алақандарында көмескелеу болса да тағдыр сызығы бар. Долылардың қатыны көрсе – алақандағы жазуды оқып берер еді. Сөйте-сөйте Қыз–Қасқыр жайлы әңгіме аңыз елден-елге тарап, желдей есіп, есіріп бара жатты. Ең қиыны үлкен-кішінің бәрі апиын ішіп уланғандай Қыз–Қасқыр «ауруына» шалдығып, Құртқа қасқыр мен Қыз–Қасқырды аңдитын әдет шығарды. Екі адамның басы қосылса да, топ-тобымен жиналса да әңгіме арқауы осы екеуі туралы болды. Әсіресе кәнігі аңшылар атқа мініп қосауыз мылтықтарын шошаңдатып, тау-тасты, жыра-жыраны, орман тоғайды тінткілеп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей сарсаңғы түсті. Аңдыған жау алмай қоймайды.Ақыры дүрбілі жау бергі беткейден арғы беттегі құж-құж жартастардың арасынан қоян қуалаған Құртқа қасқырды байқап қалып, соңына түсіп берді ғой. Бірін бірі аңдыған аранды дүние. Құртқа қасқыр қоянды аңдиды. Ал, қасқырдың өзін адамдар қолға түсіре алмай теңселеді. Құртқа қасқыр қолға түссе, Қыз–Қасқырдың басқа барар жері, басар тауы жоқ. Құртқа қасқыр жатқан жерге аңшының оғы жетсе де, өзі жете алмас. Екі арада, құлама құз түбінде ақ көбігі айдаһардың жалындай жарқырап, асау өзен ағып жатыр. Ал, енді Құртқа қасқырдың дәл төбесінен түсейін десең – қанжардың қайраулы жүзіндей қия жартас. Құлап өлесің. Енді кәнігі маман альпинистер болмаса. Құртқаға жақын жолар басқа амал жоқ. Десе де адамнан амал артылған ба… Оптикалы, дүрбілі вентовкамен қаруланған НКВД мергендері Құртқаны алыстан көздеп-ақ оң жаңбасын күйретіп тастады,Құртқа байғұс оқ тиген жамбасын тістелеп, үш аунап түсті. Винтовкалы ауыр қорғасын оқ тескен жамбастан қан саулап, шапшып шықты. Алдында қаннан шошыған Қыз–Қасқыр жаралы енесіне жақындауға жасқансада, әлдебір туасы түйсік күшімен Құртқаның қанын жалап, жараның аузын тілімен тығындап, сәл-пәл тиғандай болды. Сөйте-сөйте Құртқа қасқыр қаңсырап өлуден аман қалған- сыман еді-ау. Құртқа қасқыр жамбасы қирап жатып қалды. Сау кезінде тамақты көбінесе өзі табушы еді. Бұйырса, тау ешкінің өзін құлатып, ең жоқ дегенде суып аулап, тым азғындағанда көр тышқанды да місе тұтып жүре беретін. Ендігі жатысы мынау. Құмалақтай қорғасын оқ оң жаңбасын жарып жіберіп, артқы оқ аяқтың жілік басына тіреліп қалып еді. Енді тырп ете алмайды. Қу тамақтың қамы енді Қыз–Қасқырдың мойнына қамыт болып кигізілді. Рас, Қыз–Қасқыр жабайы ешкіні де, архар тектестерді ұстай алмас. Оның көбінесе аңдитыны қызыл суар мен көр тышқан ғой. Су жағы жеңілдеу. Жартастың астын кеулеп, аспанға ақ көбігін атқылап, асау өзен ағып жатыр. Қыз Қасқыр сол судан қарны кеуіп кеткенше ішіп алып, сүйретіліп, енесіне жетіп, соның аузына суды лақылдата құсады. Қу тіршілік не істетпейді. Күн көріс осылай өтіп жатқанда, бір күні тырылдап парылдаған жат дауыс шығып, дәл үстерінен дәу алып құс ұшып жүріп алды. Бір сәт әлгі алып құс бір орында пырылдап тұрып қалды да, қарны жарылып, ішегі шұбатылған сияқтанып, дәл Құртқаның үстіне салбырап саты түсті. Сатыменен адам да түсті. Мұрны көріп жатқан Құртқа тістерін ақситып, айбат шеккені сол еді, сол сатымен тағы бір адам түсіп келе жатты. Екеулеп жамбасы күйреген Құртқаны құсаулап, аузын тұмылдырықтап тастап, төрт аяғын қосып буып, тырп ете алмайтындай етіп қойды. Енді олар шашы жалбырап бетін жапқан, шаш арасынан зәһар шаша көрінген ызалы көздерге тура қарауға дәті шыдамай тайқақсыған адамдарға қанжардай тырнақтарын қадап жіберіп, қандарын судай ағызды. Ақыр соңында ол да ауыздықталып, тікұшақтың ішіне қамалып, аяқ-қолы маталып, тырп ете алмай қалды. Осылайша олар Күншуақ деген қалаға жеткізіліп, зоопарк дегеннің тұтқынына түсті. Кенет зоопарктің жұлдызы жарқырасын. Бұрын адамдар сирек келетін аң-құстар паркіне келім-кетім адамдар толып кетсін. Зоопаркке билет сататындардың айы оңынан, жұлдызы солынан туып тұр. Әсіресе қасқыр асырап алған жабайы қыз туралы хабар алыс-жақын жердің бәрін аралап кетті. Оның үстіне газеттер Құртқа қасқыр мен ол асырап алған жабайы қыздың суреттерін бірінен бірі көшіріп басып, радионың да әңгімесі көбейді. Ел құлағы елу деген, бұл хабарды алыстағы ауылда жатқан Айсұлу кемпірдің құлағына жетпей ме. Сол қырғын ашаршылық – 32 жылда қасқырға емшекті қызын қиып, ұл баласын көтере қашқандағы сол бала қазір зіңгіттей жігіт болған. Қасқыр асыраған қыз туралы әңгіме дүркін-дүркін дүңкілдей берген сол Айсұлудан да маза кеткен. Әсіресе абысын-ажындары жөні келсе де келмесе де әйтеуір бір қағытып қалатын әдет шығарды. – Әй, байғұс-ау, әлгі қасқыр асыраған сенің қызың екен деп жүр ғой мына жұрт. – Әлдеқашан көңілің суып, өз қызыңды өзің ұмытып кеткенсің бе… – Тегі селт етпейсің ғой өзің… – Жұрт балшықтан бала жасап ала алмай жүргенде… – Адам байғұс ұмытшақ ғой, қарны тойған күн бәрін ұмытады. – Әйтпесе күні кеше ғана емес пе еді, бірінің етін бірі жеп, қорқау болғаны. Осы сияқты сүйрік ерін, сыпсың сөздерден құлағы тұнған Айсұлу бір күні есейіп қалған Ерзат есімді жалғыз ұлына: – Әй, Ерзат-ау, мына жұрт бірдеңе біледі-ау сірә. Е, Құдайым, енді қайтейін, сол зарымды кімге айтайын… Сол қараң қалғыр қасқырға, сен аман қалсын деп, емшектегі Гүлзатты беріп кеткенім рас еді ғой. Өзі аш қасқыр оны сірә тірі қоя ма деп күдерім үзілгелі қай заман… Сен тірі қалғаныңда шүкір деп сол бейшара шарананы араны ашылған ит-құстың алдына өз қолыммен тастап кетіп едім-ау… – Ой, апа-ай, сен де қайдағы жоқты айта береді екенсің. – Садағаң болайын, Ерзат-ау, мен емес күллі ел ғой, шулап жүрген. Соның бәрін естіп жүріп, түк білмегендей үн-түнсіз отыра береміз бе?! Ал, түбінде рас болса, тұяқ серіппегеніміз ұят емес пе? Ел-жұртқа не бетімізді айтамыз?! Бұл сөздің бәрін, тоң-терістілеу, селқос тыңдаған Ерзат: – Сонда неғыл дейсің маған? – деп қалды. – Неғыл деймін мен саған. Алып бар мені Күншуаққа. Не де болса өз көзіммен көріп қайтайын. Не дейді әлгі… Зоопаркке дей ме? Сонда дейді ғой. Торға қамап қойыпты дейді ғой. Сонымен не керек Айсұлу жолға жиналып Күншуаққа баратын болды. Алдымен ауылдас ағайын- туғандарын шақырып, бір тоқтысын сойғызып құдайы тамақ беріп, әруақтарға арнап, құран оқытқызды. Көңілдес, ниеттес ағайын: – Жолың болсын, жоғалғаның табылып, үйіңде үлкен той болсын! – деп сорпа-суға тойған жамағат, қол жайып батасын беріп, ақ ниетпен шығарып салды. Зоопарк дегені қала шетіндегі бір бау-бақшаның ішінде екен. Кіре берістегі тордың ішінде жүнінің қызылы кетіп, сұрқай тартқан жүдеу жүзді түлкі жүр екен. Тар тордың ана бұрышынан мына бұрышына ары-бері сандалып, теңселе береді екен. Оның тұсында адамдар бірен-саран. Түлкі байғұс жалтаң. Әркімге жалынышты көзбен жалтаң-жалтаң қарай береді. Бірдеңе бере ма деп дәмелі. Бұл қайыршы. Ал енді жұрттың үймелеген жері алда екен. Алыс ауылдан жеткен Айсұлу дәл бір құдаларының үйіне келгендей үлде мен бүлдеге оранып, Көкала шәйі көйлек, көк камзол, аппақ кимешек, дағарадай күндік орап алыпты. Жиналған жұрт тордағы аңдардан гөрі Айсұлудың пошымына қызыққандай, сахнада әртіс жүргендей таң-тамаша. Баласы Ерзаттың жетегінде жүрген Айсұлу ақсақ қасқыр мен бет-аузын қалың қара шашы жауып кеткен жалаңаш қыздың торына келгенде жүрегі түскір зырқ ете қалды. Шеке тамыры тырсиып, қаны тасып бара жатқандай хәл кешті. Ерзаттың қолын қыса түсті. Келім-кетім кісілер, әсіресе жастар, әсіресе балалар жағы жаралы қасқыр мен оның жанындағы жабайы қызды қызық көріп, оларға темір тордың сыртынан әрнәрсе: тістелген алма, үзілген нан лақтырып, әбден дәніктіріп қойған екен. Содан болар әлгі жабайы қыз енді алақан жаятынды шығарыпты. Қу тамақ не істетпейді. Қайыр сұрап, қол жаятынды да үйреніп алыпты. Зоопарктің күтуші қызметкерлері бұл тұтқындарға бірер мезгіл тамақ та беретін сияқты. Кебегі еленбеген ұннан быламық, ботқа пісіріп, беретін тәрізді. Мезгіл-мезгіл тор ішіндегі құтыға су құйып та қояды екен. Сәті түскенде әртүрлі еттен, сүйек-саяқтан тастап қояды. Адамдар жейтін адал ет қайдан табыла берсін. Сондықтан да бұл заманда керегі болыңқырамай қалған есектерді де жемге тастайды екен. Адамдар әртүрлі. Осы тұтқындарды мүсіркеп, жаны ашитындар да бар. Кейде ашу-ызадан көзі қызарып, тістерін ақситып арс ете қалатын Құртқаны қорлап, тас лақтыратындар да бар. Алба-жұлба жабайы қыз қарқарадай күндік орап ақ шәйіден кимешек киген, елден ерекше әйелге тесіле қарауын қарайды да, шойнаңдап ақсақ қасқыр енесінің бауырына тығыла түседі. Мұндайда жабайы қыздың миында қандай майдан арпалысып жатқанын бір жаратқан құдіреттен басқа ешкім де біле бермейді. Жалбыр шаш жабайы қыз Айсұлу жаққа қарап, танауын көкке көтеріп, ауаны құныға қармап, айналасын иіскелей береді. Иә, сол баяғыда бір жасқа толар-толмас нәресте шағында шын Ананың омырауына жабысып қалған тірі жан еді. Сол кездегі уыз иіс елесі әлі ұмытылмауы мүмкін бе? Енесінен адасып қалған қозы-лақ мың қойдың арасынан өз енесін зар қағып маңырап жүріп тауып алады емес пе? Мүмкін, мына жабайы қыз да сондай сезім (инстинкт) сақталған шығар. Жетімқозы тасбауыр деуші еді. Сонда да болса, әлдебір құдірет күш өлген дүние тірілгендей әсер ете ме? – Гүлзат!!! – деп еріксіз айқайлап жіберді Айсұлу жазған. Жалбыр шаш жабайы қыз селк етті. Құртқа қасқыр тістерін ақситып арс ете қалды. – Сонымен бұл қыз сіздікі екені рас болса, онда оның тұла бойында сіз өзіңіз ғана білетін белгі бар ма? – деп сұрады заңның адамы Айсұлудан. – Айталық, меңі, тыртығы, жараның орны, т.б.? Айсұлу бірден не айтарын білмей абыржып қалды. Қызылшақа нәресте болатын. Қандай белгі? Ашаршылық заман еді. Омырауынан сүт шыға бермейтін. Бір уыс арпа талқанды суға шалып, үлдірекке түйіп, нәрестенің аузына салатын. Тумай жатып ажалдың аранына тап болған бір жапырақ шарана әлгі талқанды солқылдатып соратын. Бәлкім тірі қалғаны соның арқасы шығар. Басқа не бар? Жара шыққан жоқ. Кесілген кіндіктің аузы бітіңкіреп қалған. Басқа не бар? А, айтпақшы меңі бар ма? Айсұлу кенет даусы шығып кетіп: – Бар! Бар! Екі жауырынының ортасында жасымықтай қалы бар болатын! – деді. Жасымық деген не? – деп сұрады заңгер. – «Қал» деге не «мең» бе? Айсұлу жасымықтың не екенін қалай түсіндірерін білмей: – А-а, бұршақ…бұршақ, ноқат сияқты, – деді екі қолын ербеңдетіп. Заңгер зоопарктің бастығына: – Қызды алдырыңыз, – деді. Зоопарктің адамдары бұтында лыпасы ғана бар, жалаңаш қызды екеулеп жатып, әрең алып келді. Қашып кетпекші болып жұлқынып жүр. Заңгер қыздың жон арқасын сипалап қараса, ноқаттай қара меңнен екі-үш тал шаш көрінеді. – Рас екен, – деді заңгер. – Уа, тәңірім! Тәуба! Тәуба! Тәуба! – деп Айсұлу екі алақанын аспанға қарап жайып жіберіп айқай салды. Сол сол екен, торда жатқан Ана қасқыр Құртқа байғұс тұмсығын көкке көтеріп, ұзағынан азандата, зарлана, қасіреттене ұлып қоя берді. Оны естіген айналадағы адамдар тұла бойы шымырлап, көздері жасаурады…
7 маусым 2009 жыл. Материалды басуға ұсынған – Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы.