- Advertisement -

Ақ халатты жандардың «айтыс-тартысы» қашан бітеді?

194

- Advertisement -

Карантиндік шектеулер біршама бәсеңсігенімен пандемиямен күрес жалғасуда. Онымен күресте медицина саласының қызметкерлері ерлікке пара-пар қажырлылық көрсетті. Бірақ қоғамымызда орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық мұнда да көрініс бермей қалмады. Өкінішке орай еліміздің түкпір-түкпірінде індетке байланысты төленген қосымша үстемеақыға қол салған басшылар да аз болмады. Мұндай жағдай республикамыздың бірнеше өңірінде орын алып, соңы дауға ұласқаны белгілі. Соның ішінде облысымыздың Жуалы ауданы да бар, сол іс қорытындысында біраз азамат істі болған еді.

Міне , осындай жағдай бойынша редакциямызға келіп арызданған бір топ ақ халатты жандардың айтуынша, Тараз қаласындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар жан сақтау бөлімінің клиникалық зертханасында да орын алып отырған көрінеді. Аталған зертхананың 19 медицина қызметкеріне 2020 жылдың наурыз бен сәуір айларында Үкімет тарапынан белгіленген қосымша үстемақы бірінші тәуекел топ бойынша. төленуі тиіс болған. Бірақ ол неге екені белгісіз төленбей қалған. Сондай-ақ мамыр-желтоқсан айларында да бұл қосымша үстемақы толық мөлшерде төленбеген. Іле оларды бірінші тәуекел тобынан бірден Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысынсыз немесе Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығынсыз және аурухананың бас дәрігері А.Сатжановтың ішкі бұйрығынсыз үшінші топқа бір-ақ төмендетілген. Мекеме қызметкерлері болса басшыларымыз тиісті қаржымызды бермей отыр деп шағым айтады.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар жан сақтау бөлімінің зертхана-клиника диагностикалық зертханашысы Лаура Саржанованың айтуынша, аурухана қызметкерлерінің ай сайынғы нақты атқарған жұмыс уақытын мекеме басшылығы қасақана қысқартып, тиісті қосымша үстемақыны толық төлемеген.

– Пандемия кезінде қатаң режімде жұмыс істедік. Сырқаттардан анализ алып, диагнозын анықтауға көмек бердік. Түнгі ауысымда да бір дәрігер, бір зертханашы болып қызмет атқардық. Тәулік бойы жедел түскен науқастардан шұғыл қан алып, тексеріп, қорытындысын уақтылы анықтап, оны реанимациялық дәрігерге жібереміз. Сол бойынша дәрігерлер ем жүргізеді. Зертханада жасалған сараптама адам өмірін арашалап қалуға бірден бір себепші. Біз уақытпен санаспай 24 сағат, бір айда 10 күн тәуліктік ауысыммен 240 сағат жұмыс істедік. Яғни COVID-19 кезінде белгіленген 154 сағаттан артық жұмыс істесек те экономист Эльмира Біләлованың тікелей тапсырмасымен сағаттарың жетпейді деген желеумен Үкіметпен анықталып, белгіленген қосымша үстемақымыз 2020 жылдың наурыз, сәуір айларында мүлдем, мамыр-желтоқсан айларында толық мөлшерде төленген жоқ, – дейді ол.

Зертхана қызметкерлері жұмыс сағатын қасақана қысқартқан экономистің үстінен басшылыққа арыз түсіргенімен ол тиісті деңгейде қаралмапты. «Қысқартылған сағатымыздың анық-қанығына жету үшін бір емес екі мәрте Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасына арызданған болатынбыз. Алайда еңбек инспекциясының инспекторы Б.Құрметовтың тарапынан нақты атқарған жұмыс уақытымызға екі түрлі анықтама (қорытынды) беріліп, қанағаттанарлық жауап ала алмадық», – дейді зертхана қызметкерлері.

Арызбен таныса отырып, байқағанымыз, бір орталықта, карантин талабын сақтай отырып, жұмыс істеген бір ұжым қызметкерлерінің 19-нан бөлек, өзгесіне үстемақы төленген. Оны кім алған дейсіз ғой, бөлім меңгерушісі, оның орынбасары, аға лаборант пен ПЦР зертханашысы толық көлемде оны алып келген. Осыны аурухананың бас дәрігері А.Сатжанов білсе де білмеген сыңай танытқан сияқты. Ал мемлекеттік еңбек инспекторы Б.Құрметов ҚР Еңбек кодексінің 123-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының және ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының талаптары жұмыс берушімен бұзылғаны анықталғанымен, құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға заң бұзушылық туралы ешқандай шара қолданылмапты. Арызданушылардың айтуынша, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының басшылығы қызмет бабын пайдаланып мекеме қызметкерлерінің азаматтық құқықтарын шектеп келген. Еңбек инспекциясынан қайыр болмаған соң ұжым болып адвокат жалдап, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арыз түсірген. Ол арызға да 19 адам түгелдей қол қойған.

Бұл іспен айналысқан облыстық адвокаттар алқасының Тараз қаласы №1 Заң консультациясының адвокаты Абдула Бақбергеновты сөзге тартқан едік.

– Заң бәрімізге ортақ. Бірақ мына ұжымның мәселесі шиеленісіп барады. Бұл көпбейінді балалар ауруханасының басшылығы облыс әкімдігіне жауапты басқарманы былай қойғанда Үкіметтің тапсырмасын орындамай отыр. Мәселен, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің 01.03.2021 жылғы №ЖТ-С-00126 санды хатында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының 13 наурыз 2020 жылғы №182 бұйрығына сәйкес «Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасы» ШЖҚМКК-ның инфекциялық блогы «COVID-19» коронавирусты жұқтырған ауруларды емдеу үшін ғана жабылып қызыл аймаққа жатқызылып, қызметкерлерге қосымша үстемақы бірінші тәуекел тобымен төлеген деп көрсетілген. Оған дәрежесіне қарамай орта және кіші медицина қызметкерлері енген. Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті де тексеріс қорытындысында жоғарыдағы 19 азамат бірінші тәуекел тобына жататындығын тайға таңба басқандай нақтылаған. Бірақ облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері А.Сатжанов ешбір құзырлы орынға бағынбай 19 қызметкерін өзгесінен бөле жарып бірінші тәуекелді топтан үшінші топқа бір-ақ түсірген. Біз ол азаматтардың кемітілген сағатын да таптық, – дейді ол.

«Бүгінгі таңда 2022 жылдың бірінші тоқсанынан бастап бұл азаматтар бірінші тәуекел топқа қайта енгізілген. Мекеме қызметкерлері былтырдан бері 2020 жылы берілуі тиіс қосымша үстем ақыны талап етуде. Сонда бұл қалай болғаны? Осы әрекетімен-ақ мекеме басшылығы алғашқы бұйрығының заңсыз екенін дәлелдеп отырған жоқ па?», – дейді адвокаттар.

Ал осы істі алып жүрген келесі адвокат Жамшит Қапаров: «Елді жылатпай Үкіметтің тиісті қосымша үстемақысын берсе ештеңелері кетпейді ғой. Сағаттарын кемітіп оларға қысастық жасап не керегі бар еді. Бұл жағдайдан министрлік те, облыс әкімшілігі, басқарма басшысы да хабардар. Бірақ ешқандай үндемей, әліптің артын бағып отыр. Бір-біріне лақтырған жағдай. Бізде әділдік қашан болады? Қашан Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз», – деп ашынады.

Аталған мәселе бойынша кім түсінік береді деп жоғарыда аталған мекемеге де хабарластық. Бұдан облыс әкімдігінің денсаулық басқармасы да хабардар. Бірақ біздің көкейімізде тұрған сауалға аурухананың экономисті Эльмира Біләлова ғана жауап берді. Ол арызданушылардың бір емес бірнеше құзырлы органдарға арыз түсіргенін айтты.

– Біздің айтысып-тартысып жүргенімізге бір жарым жыл болды, бітетін түрі жоқ. Төрт рет құзырлы органдар тарапынан тексеру жүргізілді. Еңбек инспекциясы, антикор, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым мен қаржы ұйымдарының өкілдері де тексерді. Ешқандай заң талабын бұзбағанымызды көрді. Заң талабын бұзған болсақ, отырғызбас еді орнымызда. Әлі де олар тынбай жазып жатыр. Жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндік берер емес. Әбден жүйкемізге тиіп бітті. Не істесек те заң аясында істедік, – деді ол.

Бір сөзбен айтқанда, мекеме экономисті Эльмира Біләлова барлығы заң талабы аясында жасалды, жоғарыдағы арызданушылардың арыз-талабы негізсіз дейді.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Бұл жерде екі тараптың біріне жақтасатын ойымыз жоқ. Редакцияға келген азаматтардың өтінішін тыңдап саралап, таразыға салып, салмақтап көрдік. Сондықтан да сенікі дұрыс, сенікі бұрыс деп айтудан аулақпыз. Әр тараптың өз айтары, өз шындығы бар. Әрбір даулы істің ақ-қарасына нүкте қоятын сот бар. Бірақ ар сотын қайда қоямыз? Сондықтан бұл даудың үкімін оқырманның өзіне қалдырдық.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support