- Advertisement -

БАЛАНЫҢ БАСЫНАН ӨТКЕН БІР СӘТТІ ӘП-ӘДЕМІ ӘҢГІМЕГЕ АЙНАЛДЫРА БІЛГЕН

78

- Advertisement -

 

«Ертеңгі күні апамның тәрбиесі деп жүрмеңдер. Тым еркелетіп жіберсем, өздерің тәрбиелеп аласыңдар. Міне балаларыңды өздеріңе тапсырдым, – деп шарасына іркіліп кеп қалған жасты орамал ұшымен сүртіп, бәкене бойлы, шүңірек көз, дәу мұрын, салпы ауыз, шикі сары кемпір орнынан тұрды».

Бұл қаламгер Марат Құлибаевтың шағын әңгімесінен алынған жолдар. Осынау екі-үш сөйлемге қазақы тәрбие, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, немереге жанашырлық сезімдердің қаншасы жатыр десеңізші! Мөлдір сезімді мөлтілдетіп бере білген Мараттың сөз шебері екеніне сөз бар ма? Бұл әңгіме «Апамның аялы алақаны» деп аталады. Әңгімеде кішкентай Саматтың тісі сырқырап, құлағы шыңылдап мазасын алғаны, еш жері ауырмай, пысылдап ұйықтап жатқан қарындасына қызыққаны шынайы суреттеледі. Тісі сырқырап шыдатпаған Саматтың таң азанмен өз әке-шешесіне айтпай, әжесінің үйіне зыта жөнелгені қылығы көз алдыңа сағынышты суретті әкелетіні анық. Саматтың әжесінің үйіне жеткенімен, сол апасының тісіне ашутас басып, құлағын құмандағы ыстық суға булағанымен оқиға әсерлене түседі. Апасының ем-домынан жаны тыныш тауып, жазылған кішкентай кейіпкеріміздің тура қарындасы құсап балбырап ұйықтап кеткенімен әңгіме аяқталады.

Мараттың балаларға арнаған базарлығының бірі – «Қасқа тай» повесі. Аты айтып тұрғандай бұл шығармаға ауыл баласының жылқыға құштарлығы арқау болады. Бас кейіпкер – бесінші сынып оқитын Дидар. Дидарға керегі – тай. Тай болғанда да ең әдемі, ең жүйрігі. Сол бір сұлу тайды түсінде де көреді. Сол жылқы баласына қолы жетпейінше ас ішпеуге бар. Есіл-дерті – бір жуас тай. Автор аталған шығарманың «Мінез» деген бөлімінде балалардың түрлі мінездерін дөп басып, суреттеп береді. Дидардың теледидардан өзіне сай дүниені көргісі келгенде атасы менапасының түрік сериалын көріп, көк жәшіктің алдын босатпай қоюы, компьютерден ермек табайын дегенде өзінен бұрын інісі Рауанның
сонда жайғасып алуы өмірдің шындығы боп дәл берілген. «Базарда» бөлімінде де базардағы делдалдардың қимылын сатушы мен алушыға қол алыстырып: «Береке тап» деп сілкіп, сілкіп жіберетініне дейін тап басқан. Бұл повесть Дидардың тайлы болуымен оқиға шиеленісе түсіп, «Шабындықта» атты бөлімінде Дидардың шөп орып, атасына қолғабысқа жарағанымен түйінделеді. Мараттың оқушы психологиясын тап басуы оның бірнеше жыл мектепте мұғалім болып еңбек етуінен, баланың мінез-құлқын бойына терең сіңіргенінен болса керек.


Кітаптағы көзімізге түскен деректі әңгіменіңі – «Әпкейдің әңгімесі» деген шығарма. Ол әңгімеде оныншы сынып оқушыларының психологиясы жақсы берілсе, желтоқсан оқиғасына қатысқан Жазира атты жас мұғалімнің физика пәнінен сабақ бергені, 17-желтоқсан күнгі сабағында 4 жыл бұрынғы ызғарлы оқиғаны (әңгіме 1990 жылды қамтиды) толғана айтып беруімен әсерлі бола түседі. Бұл шығарма: «Ұстаз әңгімесі кім-кімді болса да бейжай қалдырмағаны анық. Бойымызда ұлтжандылық қаны да қайнағаны рас. Біз одан әрі әпкейді мазалаған жоқпыз. Шығуға қоңырау соғылды. Әшейінде сыртқа тұра жүгіретін біз тып-тыныш сыныпта отырып қалдық» деп аяқтапты. Бұл Мараттың деректі әңгімені, естеліктерді де жақсы жаза алатынын көрсетсе керек.

Аталған шығармаларды бекерге айтып отырған жоқпыз. Бұл еңбектердің барлығы жақында Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген Марат Құлибайұлының «Апамның аялы алақаны» атты повесть және әңгімелер жинағына өң берген дүниелер. Кітаптың алғы сөзін жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы жазыпты. К.Сәттібайұлы: «Мараттың балаларға арнап жазған шағын әңгімелерін біраздан бері оқып жүрмін. Сондағы байқағаным, тілі балалардың жанына жақын әрі қарапайым да түсінікті. Маратқа тағы бір риза болғаным, күрделі оқиға іздеп қиналмайды, баланың басынан өткен бір сәтті қаз-қалпында жазып, әп-әдемі әңгімеге айналдыра біледі.

Бала мен әже, бала мен ата, бала мен әке арасындағы диалогтар да өмірдің өзінен алынған, сенімді. «Қап,«қара басымды зорға алып жүргенде, сені ертіп нем бар еді» деген қарттың сөзі («Қамқоршы») сондай шынайы. «Мынау не деп көзін ағызып тұр, ей? Сабақтан әдейі қалсаң бір жөн, – деп кейіді мамасы» деген сөз де («Уәде») біздің айтқанымызды дәлелдей түседі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ балалар әдебиетіне атсалысып, жас жеткіншектерді әңгелектей әдемі әңгімелерімен баураймын деп бір қаламгер ортамызға келді» – деп ерекше қуанышын білдіреді.
Бір мақалада жаңа жинақты тегіс қамту мүмкін емес. Ендеше, Марат Құлибайұлының«Апамның аялы алақаны» атты кітабын оқуға асығыңыздар.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support