- Advertisement -

«Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркеу басталмақ

141

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасын ұйымдастыру және өткізу» өткен баспасөз конференциясына облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов пен облыстық «Жамбыл дарын» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. 

Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасы белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «Ел Үміті» бастамасы шеңберінде іске асырылуда.
Мақсаты – ауылдық жердегі оқушылардың қабілетін дамыту үшін бірдей деңгейде жағдай жасау. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалар жылы деп жариялаған 2022 жыл аясында шалғай өңірлерден келген оқушылардың әлеуетін қолдау өзекті бола түсті.

Бейқұт Тілебалдыұлы олимпиаданың үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқанын, «Елбасы Академиясы» Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп өткізетінін атап өтті.

Олимпиада біздің өңір үшін ірі және маңызды жобалардың бірі екенін атап өткім келеді. Бұл тек ауыл оқушылары арасында өткізілетін ауқымды олимпиада және ауыл оқушылары үшін қосымша әлеуметтік лифт.

Былтыр біздің өңірден олимпиадаға 27 мың бала қатысты. Оның ішінде 743 оқушы екінші кезеңге өтіп, 159 оқушы «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар арасындағы 6 сыныпты аяқтаған 91 оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқуын сәтті жалғастыруда.

Жалпы еліміз бойынша екі жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінен 445 мыңнан астам оқушы қатысты. 4320 ауыл мектебі қамтылды. Әр өңірден келген ауыл мектептерінің 638 оқушысы жетекші мектептерде тегін оқуға мүмкіндік алды, тағы 6 100 оқушы онлайн-форматта білімін қосымша жалғастырды.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының міндеттерінің бірі – қала  мен ауыл мектептері арасындағы оқытудағы алшақтықты қысқарту екені бәрімізге мәлім. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. «Мың бала» олимпиадасы осы мәселені шешуге бағытталған жобалардың бірі.
Сондықтан біз мұғалімдердің, ата-аналар мен оқушылардың назарын «Мың бала» олимпиадасына аударғымыз келеді, — деді спикер.

Олимпиада қорытындысы бойынша ел аумағында 1000 жеңімпаз анықталады. Олар еліміздің жетекші мектептерінде – Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейінде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады, тағы 5000 оқушы қосымша сабақтарды онлайн оқиды.

«Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысу үшін алдымен 20 наурызға дейін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтына тіркелу қажет. Оған ауыл мектептерінде білім алып жатқан 5-6 сынып оқушылары ғана қатыса алады.

Облыстық «Жамбыл дарын» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева олимпиаданың екі кезеңнен тұратынын да еске салды. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Үміткер 4-8 сәуір аралығында таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тестілеуден өту керек. 40 сұрақтан тұратын тестілеу екі бөлімнен тұрады: «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау», шамамен 60 минутты қамтиды. Оны смартфоннан, планшеттен немесе интернет желісіне қосылған компьютерден өтуге болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуден өз мектептерінде өте алады.

– Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді. Олимпиаданың екінші кезеңі 27-29 сәуір аралығында «Ustudy» өңірлік тестілеу орталықтарының базасында болады. Қатысушылар үшін көлік тасымалы және тамақтандыру ұйымдастырылады. Бұл кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілінде оқитын оқушыларға арналған қазақ тілі, орыс тілінде оқитын оқушыларға арналған орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімдерін бағалайды. Тестілеу 100 сұрақтан тұрады және 150 минутқа созылады», — деді баяндамашы.

Өткен жылдың жеңімпаздары да олимпиадаға қатыса алады, оларға бірден тестілеудің екінші кезеңінен бастап қатысу құқығы берілген.

Олимпиадаға қатысу тегін.

Айжан Өзбекова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support