- Advertisement -

Неге әкімдік ауыл іргесінен үй салатын жер бөлмейді?

201

- Advertisement -

Жамбыл ауданында жұмыс сапарымен болған облыс əкімі Бердібек Сапарбаев Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаровтың Еңбек ауылы тұрғындарының алдында берген есеп беру жиналысына қатысты.

Округ əкімі Асылбек Серікұлы өткен жылы округте атқарылған және биылға жоспарланған жұмыс барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 167 гектар егістік, 1 749 гектар жайылым, 552 гектар шабындық бар. Өткен жылы 2073 гектар алқапқа егін егіліп, 17 507 тонна өнім жиналған. Жақсы өнім жинау үшін 62 шаруа қожалығына «Қапал» және «Талас-Аса» каналдары арқылы 6 миллион 976 мың текше метр су берілген. Осы жылдың өнімі үшін 100 гектарға күздік бидай себіліп, көктемгі егіске дайындық барысында 1200 гектар алқапқа сүдігер көтерілген.
Тамшылатып суару технологиясымен 210 гектар көкөніс егілсе, «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативі 102,46 егістік алқабына 120 миллион 500 мың теңгеге жаңбырлатып суару құрылғысын орнатқан. Биыл тамшылатып суару технологиясын алуға 4 шаруа қожалық өтінім берген. Оның жалпы алаңы 125 гектар алқапты құрайды.
Округте мал басының өсу динамикасы байқалуда. Есепті кезеңде мүйізді ірі қара – 400, қой-ешкі – 900, жылқы – 76 басқа өскен. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 12 шаруа қожалығы 42 миллион теңге несие алса, 10 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі нормаларына сәйкес қажеттілікті есептеу кезінде ауылдық округ бойынша жайылымдық жер тапшылығы 14 002 гектарды құрады. Оның ішінде Еңбек ауылында – 1 986 гектар жайылым жетіспейді. Ауданның жер қорынан елді мекендерден 5-7 километр радиуста жайылымдық жерлерді конкурс арқылы беруге тыйым салынды. Карта бойынша елді мекендерден 5 километр аймақта 1 002 гектар жайылымы бар 17 шаруа қожалық анықталған. Олардың барлығына ескерту хабарлама берілген.
Округ аумағында «Аса Даму» және «Ел-Даулет» ЖШС, «Қызыл-Дихан қожалығы» ӨК, 167 шаруа қожалық, 8 шағын кәсіпкерлік нысан жұмыс істеуде. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шартымен 10 миллион теңгеге 2 жоба іске асырылған. «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аса Даму» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының 4-ші корпусын іске қосты. Жылына 60 миллион дана жұмыртқа өндіруде. Жоба құны 200 миллион теңгені құрайды.
Ағымдағы жыл басынан «Упак Жум» жеке кәсіпкерлігі 45 миллион теңгеге жұмыртқа салатын латоктарды шығаруды бастады. Қуаттылығы айына 1 миллион 200 мың дана болса, 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдерін облысымызбен қатар Шымкент, Алматы қалалары мен Түркістан облыстарына жеткізуде.
«Хавала» ЖШС жобалық құны 200 миллион теңгені құрайтын «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» тас жолының бойында сервистік нысанның құрылысы жүргізілуде. Жалпы 100 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі таңда 50 адам жұмысқа орналасқан. Есепті кезеңде 118 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 21 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген.
Округке қарасты 5 елді мекеннің 4-еуі ауыз сумен қамтылған. Енді Көлқайнар ауылындағы 18 ауланы ауыз сумен қамтуды жеңілдетілген жолмен ұйымдастыру жүргізілуде. Көлқайнар ауылында ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізіліп, аяқталған.
Баяндамашы сөз соңында округ тұрғындары тарапынан көтеріліп отырған мəселелерді қозғай келіп, ол мəселелерді шешуге ықпал етуді сұрады. Ауыл әкімі Тараз қаласынан төгілетін қалдық сулар коллекторы мен қоқыс алаңын ретке келтіруге көмек беруін сұраған болатын.
Сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылған жиында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын еркін қойды. Ауыл тұрғыны Мұрат Жұмабаев көшелерге асфальт жабыны төселсе дейді.
– Ес білгелі ауылда 95 үй бар еді. Сол көбеймей-ақ қойды. Жастар үй салатын жер болмаған соң қалаға көшіп кетуде. Неге әкімдік ауыл іргесінен тұрғын үй салатын жер бөлмейді? – дейді.
Ауыл əкімі сырғытпа жауап берді. Оның жауабына қанағаттанбаған облыс əкімі Бердібек Машбекұлы бұл мəселені аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлына шешуді тапсырды.
– Бүгінгі таңда ең күрделі мəселе – жер мəселесі. Жерді пайдаланбайсың ба оны мемлекетке қайтар. Ауыл маңында жайылым жоқ. Ал біз мал басын көбейту туралы тапсырма береміз. Бірақ оған қажетті жайылымды тауып бере алмай жатырмыз. Сол үшін əкім жұмыс істеп, пайдаланылмай жатқан егістік, басқа да алқаптарды мемлекетке кері қайтарып алып, мақсатты пайдалануы керек. Жайылым, тұрғын үй салатын жер осының барлығын сол қайтарылған жерден қарауға болады. Ауыл əкімі мемлекеттің халыққа беретін бар мүмкіндігін, бағдарламасы мен жобасын дер кезінде насихаттап, жеткізуі тиіс. Ауыл тұрғындарының жаңа кəсіп ашуына, несие алып жұмыс жасауына да қолдау көрсету әкімнің міндеті, – дей келіп округ әкіміне осы міндеттемелерді бақылауына алуды тапсырды.
Бердібек Машбекұлы ауылда, ауыл мен мал шаруашылығына қатысты басқа да толып жатқан мəселелерді қозғай келіп жастарды еңбекке тарту керектігіне басымдық берді.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары Бектемір Маденбаев пен Бақыт Жабынов әкімге жаңа салынған үйлерді газға қостырып беру, спорт кешенін салу жəне жайылым мəселесін шешіп беру туралы өтініш айтты.
– Біраз мəселе айтылды. Ең үлкені жайылым мəселесі. Бұл сіздерде ғана емес барлық елді мекенде бар жағдай. Ал газ мəселесі шешіледі. Қалдық сулар коллекторы, биологиялық тазарту орталығын салуға өз күшіміз жетпегендіктен республикадан көмек сұраудамыз. Ал полигон мəселесін өз күшімен шешеміз, – деген облыс əкімі Бердібек Машбекұлы тұрғындардың қойған басқа сұрақтарын да назардан қалдырмай жауап беріп, жиынды қорытындылады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support