Өнім мол болу үшін тұқымның сапасына мән беру қажет

19

Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Әйтсе де жұқпалы індеттің алдын алу шараларын ескермей, бейқам жүруге болмайды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте 11 адам вирус жұқтырған. Демек, Pfizer вакцинасын салу және ревакцинациялау жұмыстарын кейінге қалдыруға негіз жоқ. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің отырысында осы және өзге де маңызды мәселелер жан-жақты қаузалды.

Жиында алдымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жайында және коронавирусқа қарсы екпе бойынша баяндама жасады.
Бүгінде облыс бойынша инфекциялық төсекте 227 азамат, ал реанимациялық төсекте 31 науқас ем алуда. Яғни вирус жұқтырғандар жалпы орынның 20 және 25 пайызын алып отыр. Бұдан бөлек резервтік төсек қорлары да бос тұр. Сонымен қатар карантиндік төсек қорларына 81 науқас орналасыпты. Әсет Әскерұлы өз сөзінде вакцинациялаудың бірінші кезеңі толықтай аяқталғанын, ал екінші кезеңнің 97,2 пайызға орындалғанын атап өтті. Ал Pfizer вакцинасын жүкті әйелдер, емізулі баласы бар аналар және жасөспірімдер алуда. Бұл бағытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының жоспары 78,8 пайызға орындалған.
– Pfizer вакцинасын салу бойынша межені наурыз айында толығымен орындауға мүмкіндік бар. Ал ревакцинация бойынша ақпан айында 241 864 тұрғынды қамтуымыз керек болса, қазіргі таңда 61 803 тұрғын ревакцинациядан өтіп, жоспар 66,9 пайызға орындалып отыр. Бізде вакцина қоры жеткілікті, екпе салу жұмыстары жалғасуда. Әзірге біз республика деңгейінде ревакцинация бойынша алдыңғы қатарда тұрмыз. Нақтырақ айтсақ, Шығыс Қазақстан және Түркістан облысынан кейінгі орындамыз, – деді Әсет Әскерұлы.

Жиында бейнебайланыс арқылы қосылған Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындарды вакцинациялау бойынша төмен нәтиженің себебін түсіндірді.
– Соңғы екі аптада Pfizer екпесін салу мен ревакцинациялау бағытындағы жұмыстардың баяулағаны рас. Десек те, мектептерде көрсеткіш 63 пайыздан 87 пайызға жоғарылады. Қала бойынша колледждер 56 пайызды көрсетсе, шаһардағы екі лицейдің 52 пайызы ғана вакцина салдырған. Яғни кейбір білім мекемелерінде ата-аналар вакцинаға қарсылық білдіруде. Осы мәселелер реттелсе, көрсеткіш жақсарады. Ревакцинация бойынша да түсіндіру жұмыстарын арттырамыз, – деді Ержан Жұматұлы.
Өңірде оқушылардың офлайн форматта білім алуына басымдық берілуде. Мысалы, бұрын бір сыныпта бір баладан коронавирус анықталса, сол сыныптың оқушылары сабаққа бармайтын болған. Енді бір сыныпта оқушылардың 30 пайызынан вирустың белгілері анықталған жағдайда ғана оқшаулау шарасы қабылданады. Соның өзінде вирус жұқтырмаған оқушылар тек бір апта ғана карантинде болады. Қуанарлығы, облыста карантинге жабылған мектептер жоқ екен. Бірақ облыстық бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша мониторинг жұмыстары босаңсымайды.
Күн тәртібінде ауыл шаруашылығы саласын өрістету жайы да қаралды. Әрине, көктемде шаруалар қажетті құралдары мен техникаларын сайлап, жұмысқа кірісіп кетеді. Бірақ ол үшін алдымен тұқымның сапасын анықтау, каналдарды тазалау сынды мәселелерді реттеп, еңбек маусымына ертерек қамданған дұрыс.
– «Қазгидромет» кәсіпорнының дерегінше наурыз айында күн райы жылы болады. Сондықтан көп күтпей келер айдың соңында егіс алқаптарына дақылдар отырғызуды бастаған дұрыс. Жауаптыларға арық, канал, тоғандарды тазалау жұмыстары туралы тапсырма беруімнің негізгі себебі де осы. Суды далаға кетірмей, әр текше метрін тиімді пайдалану қажет. Өңірде азық-түлік бағасын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында жергілікті шаруаларға сенім артамыз. Өнімді мол алу үшін ең алдымен тұқымның сапасына мән беру керек. Бұдан соң тұқымды отырғызудан бұрын алқаптағы су мәселесін қаперден шығармаған жөн. Шаруалар шашыратып суару технологиясын пайдаланса, біраз мәселе шешілетін еді. Биыл таудағы қардың қалыңдығы 30-40 пайызға төмендегенін байқауға болады. Сондықтан шаруалар мұны да ескеріп, мейлінше суды аз қажет ететін дақылдарды өсіргені дұрыс, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндама жасап, аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осы орайда Бердібек Машбекұлы басқарма басшысына ауыл шаруашылық техникаларын жылдың басында алуға күш салуды тапсырды. Сонымен қатар өңірде картоп, қырыққабат, сәбіз сынды өнімдерді еселеп өндірудің маңыздылығын айтып, күріш, қарақұмық секілді әлеуметтік 18 тауардың бағасын да естен шығармау керектігін ескертті. Жиын соңында Бердібек Машбекұлы жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

 

Сәндібек Піренов

Comments are closed.