Макарон өнімдеріне өз ұндарын пайдаланады
Макарон өнімдеріне өз ұндарын пайдаланады
Бүгінде өңірдегі шаруа қожалықтар егін және мал шаруашылығымен қатар шағын цехтар ашуды қолға алуда. Айталық, Тұрар Рысқұлов ауданында осы кәсіпке бет бұрған қожалық, бұл – «Ақтоған» шаруа қожалығы. Онда макарон өнімдерінің 21 түрі өндіріледі.
Цех операторы Алексей Лягутенконың айтуынша, италиялық қондырғыдан тәулігіне 2, ал украиналық қондырғыдан 3,5 тонна макарон өнімдері шығарылады екен. Осылайша қожалықтың шағын цехында тәулігіне 5,5 тонна өнім шығарылуда. Қожалық өнімін Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарының, сондай-ақ Тараз қаласының сауда орталықтарына өткеруде. – Болашақта өнім түрін көбейту жоспарымызда бар. Қазір өзіміздің диірмен жұмыс істеп тұр. Онда ұнның үш сортын шығарамыз. Макарон өнімдеріне өз ұнымызды пайдаланамыз. Алдағы жылы макарон өнімдеріне қосымша жарма және кеспе шығару жоспарымызда бар. Алдағы уақытта өнімімізді Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына шығарсақ, одан ары шет мемлекетке экспорттау ойда бар, – дейді Алексей. Қожалықта 25 адам жұмыс істейді. Науқан кезінде олардың саны 50-ге дейін артады. Қожалық өзінің 600-ге жуық егістік жерінен өзіне қажетті шикізатты дайындап алуда. Алда егіс алқаптарын арттыру арқылы цехтың өнім көлемін жоғарылатпақ ниетте. Ол үшін цех жұмысына қажетті қосымша құрал-жабдықтарды көрші Қырғыз елі мен Ресей мемлекетінен әкеліп, құрастырып та қойыпты.
Ботакөз ҚАМАН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті, «Журналистика» мамандығының 4-курс студенті.
Т.Рысқұлов ауданы.