- Advertisement -

Мал азығын дайындауда жүгері тиімді

362

- Advertisement -

Қазіргі таңда мал азығын дайындау күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Бұл жұмыс бүгінде Жуалы ауданында жақсы жолға қойылып келеді. Атап айтсақ, өткен жылы аудан әкімі Олжас Қаржауов осы мәселеге баса мән беріп, шаруашылықтарды құнарлы мал азығы пішендеме мен сүрлем дайындауға үгіттеген болатын. Сол кезде жүргізілген үгіт-насихат жұмысы өз нәтижесін берді.

Енді аудан басшылығы бұл мәселені биыл да жарты жолда қалдырмай, қайта қолға алуға ниетті. Бұл істе тәжірибесі мол Қордай ауданының шаруашылық жетекшілері Жуалы ауданына арнайы келіп, мұндағы әріптестерімен семинар-кеңес өткізіп, тәжірибе алмасты. Онда аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғазы Құниязов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев пен Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Мәмбетұлы және «Самғау» ЖШС директоры Евгений Трубников өз ой пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Өз кезегінде Евгений Трубников ауданымыздағы кәсіпкерлерге мал азығын дайындаудағы тиімді әдіс-тәсілдерін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Кәсіпкер бүгінгі таңда Қордай ауданында тамшылатып суару әдісімен 600 гектар жүгері дақылын егуде. Гектарынан орта есеппен 10 тонна жүгері дәнін алуды, сондай-ақ 100 тонна сүрлем дайындауды жоспарлауда екенін жеткізді.
Сонымен қатар жиында Украинаның «A.I.K LTD» компаниясының өкілі Александр Полунин сметалық құжаттарды рәсімдеу жолдарын және тамшылатып суару бойынша есептеу жолдарын үйретті. Жиын барысында аудан әкімі Олжас Есалханұлы сүт бағытында жұмыс істеп жүрген шаруалар үшін сүрлемнің тиімділігі жоғары екенін айтып, шаруаларды осы бағытта жұмыс істеуге шақырды.
– Ауданымызда сүт өндіру және оны өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыны ескере отырып мал азығын әзірлеуде жүгері егу біз үшін тиімді. Өткен жылы аудан шаруалары сүрлем мен пішендеме дайындап тиімділігін көріп, биыл жүгері алқаптарын үлкейтуді жоспарлауда. Мал басын көбейтуден гөрі, қолдағы бар малдың сүтін молайтуда сүрлем дайындаудың маңызы зор. Бұл тұрғындардың табысын арттырудың ең тиімді жолдарының бірі, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында кәсіпкерлер көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.

Ақбота ТӨЛЕГЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, гуманитарлық-әлеуметтік
ғылымдар факультеті, «Журналистика» мамандығының 4-курс студенті.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support