Ауыл шаруашылығы саласы: не атқарылды, не кемшілік кетті?

12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында қаңтар қасіретіне байланысты сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығына да ерекше назар аудару қажеттігін де атап өтті. «Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырғыға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион теңгеге кеміді. Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін» деп, Үкіметтің алдына нақты міндеттер жүктеді. «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді», деді.

Анығын айту керек, Үкімет тарапынан да, облыс әкімдігінен де ауыл шаруашылығы саласына нақты қамқорлық та, көмек те көрсетіліп келеді. Соның нәтижесі шығар, былтыр 426, 6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 101,4 пайызды құрапты. Республикалық көрсеткіш 97,6 пайыз болғанын ескерсек, бұл жақсы жетістік. Егін шаруашылығында – 253, 0, мал шаруашылығында 173, 0 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Егін өндіруде нақты көлем индексі – 99,0, ал мал шаруашылығында 104, 8 пайыз болып қалыптасқан. Алайда өнім көлемі барлық ауданда 100 пайыз болды деп айта алмаймыз. Ауа райы қолайлы, мал мен егін шаруашылығы қатар дамыған Т.Рысқұлов ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 93, 0, Жуалыда 98,6 пайызды құрапты. Облыс аумағының 42 пайызын алып жатқан Мойынқұм ауданы төрт түлік мал өсірумен даңқы жер жарып еді. Онда да 92,5 пайыз болыпты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәлімет осылай дейді.
Былтыр облыстағы мал саны 7,1 пайызға артып, 3,9 миллион басқа жеткен. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 10,1, қой мен ешкі – 6,5, жылқы 10,1 пайызға көбейген. Басқарма мәліметінде Сарысу, Талас және Мойынқұмның даласында маң-маң басқан, тәуелсіздік жылдары Байзақ ауданында да көбейіп жатқан түлік төресі – түйе туралы мәлімет жоқ. Құмның сәнін кіргізіп, сойсаң қуырдақтың көкесін көрсететін, шұбаты сан ауруға ем қайран түйе бойына сеніп, жыл қайырудан құр қалғандай төрт түліктің де қатарынан шығып қалар ма екен деген ой қылаң бергені. Әйтеуір, құс бар, саны 3,9 пайызға кемігені көрсетіліпті.

«Сыбаға» бағдарламасы арқылы 336 бас мүйізді ірі қара және 29,8 мың бас қой сатып алынған. Мемлекеттің қолдауын шаруалар сезінгені дұрыс. Президенттің «Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс» дегенін еске алсақ, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталған тұста жаңадан тағайындалған Үкімет бұрынғыдай енжарлыққа салынбай, жұмысқа қарқынды кірісіп жатқанын көріп отырмыз. Облыс басшылығы болса, агроөнеркәсіп секторын дамытуды күн тәртібінен түсірген емес. Тиісті басқарма мен аудан әкімдері де мүмкіндіктерінше асыраушы саланы дамытуда аз еңбек етіп жатқан жоқ. Дегенмен Мемлекет басшысының «Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді» дегені аудан, ауыл әкімдерінің, тиісті мекеме басшыларының, шаруашылық құрылымдары жетекшілерінің есінен шықпаса дейміз. Биыл да қуаңшылық қаупі бар. Біз мұны «Aq jol»-да әлденеше рет жаздық та.
Ет өндірісі 2020 жылы 139,9, былтыр 149,1 мың тонна, бұрнағы жылы сүт 326,5, былтыр 331,4 мың тонна, жұмыртқа 137,3 миллион дана, ал былтыр 148,8 миллион данаға артқан. 2020 жылмен салыстырғанда ет экспорты 3,5 есеге ұлғайып, 4,9 мың тоннаны құрапты. Арғы жылға қарағанда былтыр азық-түлік тауарларының қай түрі болмасын көп өндірілгенін аңғарамыз.
Былтыр ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 29,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. Алайда Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында тартылған инвестиция көлемі төмен көрінеді. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,8 миллиард теңге инвестиция салынып, 76,4 пайызға өскен. Бұл бағытта Мойынқұм және Талас аудандарымен инвестиция тартылмапты. Биыл инвестиция көлемін 46,7 миллиард теңгеге, тамақ өнімдері өндірісіне салынатын инвестицияны 3,8 миллиард теңгеге жеткізу көзделсе керек. Мемлекеттік қолдау аясында өткен жылы 14 мың шаруашылыққа 19,4 миллиард теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қаржы институттары арқылы 2079 агроқұрылымға 15,6 миллиард теңге несие беріліпті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алға қойып жүрген міндеттерінің бірі – шаруашылық құрылымдарының техникаларын жаңарту. Жоспар бойынша 1219 дана техниканы жаңарту қажет болса, 1275 ауыл шаруашылығы техникасы алыныпты. 2019-2020 жылдары қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына қатысушылардың табысы 40 пайызға артқан. Жобаның табысты да, өміршең болатыны ескеріле келе, 2025 жылға дейін 145 ауылдық округте тұратын 695 мың тұрғын мен 118850 ауланы қамти отырып, одан әрі жалғастыру қолға алынып жатқаны қуантады. Әрине, жобаны толық іске асыру үшін республикалық бюджеттен 75,5 миллиард теңге бөлу қажет екен. Жаңадан жасақталған Үкімет ауылдағы ағайынның тұрмысын тіктеп, жағдайын жасап алатын жоба үшін тиісті қаржыны аямас.
Өткен жылы 19,2 миллиард теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, 595 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Биыл 27,7 миллиард теңгенің 19 жобасын жүзеге асырып, 599 жұмыс орнын ашу көзделсе керек. Жалпы 2021-2025 жылдары 350,4 миллиард теңгені құрайтын 50 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Егер бұл ауқымды жұмыс сәтімен жүзеге асса, 3651 жаңадан жұмыс орны ашылатын көрінеді. Атағы дардай болып ашылып жататын кейбір жобалар жұмысын бастап, қайта тоқтап жататын жағдайлар кездесіп жатады. Егер соның жолымен кетпей қолға алынатын тірлік жанданып жүре берсе, ауыл шаруашылығы саласы одан сайын қарыштап, дами береді. Ең бастысы, мыңдаған адам жұмысқа тартылады.
2020-2024 жылдары қант қызылшасы алқабын 30 мың гектарға ұлғайту көзделіпті. Ол үшін 401 миллион текше метр су қажет екен. Осыған орай «Еуропа даму банк» арқылы құны 25,8 миллиард теңгеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандары аумағында 264 су нысанын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 53,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтіріліп жатқан көрінеді. Бүгінге дейін 8,3 миллиард теңгеге 15,1 мың гектары қалпына келтіріліпті. Облыс бойынша 179,2 мың гектар суармалы алқаптың 101,1 мың гектары сумен қамтамасыз етілген. 2022-2024 жылдарда 63,8 миллиард теңгеге 124,1 мың гектар суармалы алқапты қалпына келтіру жоспарланған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 416,3 миллион теңгеге 26 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 97,8 километр 3 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Биыл 6,5 гектарды құрайтын 31 канал жөнделетін көрінеді. Ағын суды үнемдеп және өнім көлемін арттыру мақсатында 2021 жылы 40 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл оның көлемін 50 мың гектарға жеткізу көзделген. 2022-2030 жылдары 52 мың гектарға «VaIIeу» компаниясының 1000 дана су үнемдеу технологиясын енгізу көзделген.
Қолдағы мәліметке қарағанда өткен жылдың өзінде біраз шаруаның басы қайырылған. Алдағы уақытта да қолға алынатын тірлік көп. Аудандарға барғанда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің атқарып жатқан жұмысын өзіміз де көріп жүрміз. Онда неге облыс тұрғындары қолжетімді бағамен азық-түлік тауарымен қамтамасыз етілмейді? Былтыр еттің бағасы деген аспандап кеткенін жоғарыда айттық, еттің ғана емес күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы күн санап шарықтай берді. Кеңес одағы кезінде Жуалының екі кеңшарының өзі Орта Азия әскери округін картоппен қамтамасыз ететін. Тіпті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қатарына жататын сәбіздің килограмы сәуір айында 800 теңгеден сатылып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы жерде азық-түлік тауарлары бағасын реттеп, қадағалап отыратын тиісті құрылымдар қайда қарады деген заңды сұрақ туады. Бұл ақшаға құныққан алыпсатарлардың әрекеті ме? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Алқаптан сөреге» жобасын іс жүзінде қолға алуды айтып келе жатқалы екі жылға жуықтады. Ендігі жерде қалада да, ауылда да азық-түлік бағасы қатаң бақылауда болуы тиіс.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.